СҚО-да мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесу мәселелері талқыланды

«Qorgau» құқық қорғау жобасы шеңберінде Петропавл қаласында қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдері басшыларының, сондай-ақ «Qorgau» аймақтық өкілдерінің қатысуымен «Мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуі» тақырыбына арналған семинар-тренинг өтті.

Іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов, ҚР Ішкі істер министрлігінің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Марат Қоғамов, «Eurasian Expert Counsil» қоғамдық қоры басқарма президенті Шыңғыс Лепсібаев және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі вице-президенті Гамал Түзелбаев дәріс оқып, тренинг жүргізді.

ҚХА Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов Ассамблеяның құрылымы мен қызметін, сондай-ақ Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қалыптасқан қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірліктің үлгісін таныстырды.

Аталмыш іс-шараның аясында ҚХА Төрағасының орынбасары Петропавл қаласының Достық үйін аралап көрді. Осы орайда облыстық ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин этномәдени бірлестіктер туралы мәлімет беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйінен хабардар етті.


«Бізге бірлігіміз бен мәдениетімізді сақтап, оны көбейту бақыты бұйырған, ендеше іргесі сөгілмеген үйіміз – Тәуелсіз Қазақстанды, қаймағы бұзылмаған елдігімізді келер ұрпаққа жеткізу – біз үшін үлкен міндет», – деді СҚО Ассамблеясының мүшелерімен кездесу барысында Ш. Пулатов.

Әңгімелесу кезінде Медиация кабинетіне қатысты мәселелер талқыланып, этномәдени орталықтарының мемлекеттік тілді меңгерудегі жағдайы мен нәтижесі тілге тиек етілді.


«Еліміздің өркендеудегі маңызды факторы – мемлекеттік тіл. Сондықтан біз мемлекеттік тілді меңгеруде жоғары белсенділік танытуымыз керек. ҚХА Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін жүзеге асыруда Ассамблея алдыңғы қатарда тұр. Бізге мемлекеттік тілдің айналасында шоғырланып, Отанға деген сүйіспеншілігімізді тілді меңгеру арқылы көрсетуіміз қажет», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Айта кету керек, семинар-тренингке Хатшылық меңгерушісі мен этномәдени орталықтарының мүшелері де қатысты.


«Eurasian Expert Counsil» ҚҚ басқарма президенті Шыңғыс Лепсібаев жобаның мақсаты азаматтық қоғамда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру екенін айтып, өңірлерде осындай форматтағы жиындар көбірек өтетінін мәлімдеді. Яғни, ҚР Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетімен жасалған Ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес екі ай ішінде «Qorgau» жобасы шеңберінде он жеті семинар-тренинг өткізу жоспарланған.

Жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты шеңберінде іске асырылуда.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Back to the list