Қазақстан халқы Ассамблеясы

29 Мамыр, 2024

113

С.Сейфуллиннің 130 жылдығына орай Қарағандыда ҚХА-ның екі күндік форумы басталды

Қарағанды ​​қаласында С.Сейфуллиннің 130 жылдығына орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тарихтан тағылым - өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобасы аясында екі күндік Форум басталды.


Қазақстан халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ және «Шаңырақ» ҚХА қауымдастығы, С.Сейфуллин мұражайымен бірлесіп ұйымдастырылды.


Жоба жыл сайын патриотизмді, қоғамдық келісім мен бірлікті, жалпыазаматтық бірегейлікті нығайту, ұрпақтардың тарихи сабақтастығын сақтау мақсатында өтуде.


Форумның бірінші күні Қарағанды қаласының Достық үйінде «Қазақстан халқының тарихи жады: тарих және қазіргі заман» тақырыбымен өткізілді.


Іс-шара аясында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің «С.Сейфуллин мұрағат құжаттарында» атты тарихи-құжаттық көрмесітаныстырылып, «С.Сейфуллиннің мәдени-ағартушылық мұрасы» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Сәкен Сейфуллиннің мемлекет және саясат қайраткері, ақын-жазушы, қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі ретіндегі, сондай-ақ мұрасы, есте сақтау арқылы татулық пен бірлік құндылықтарын қалыптастыру туралы баяндамалар тыңдалды.


Бірінші күннің соңында қатысушылар С.Сейфуллиннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды ​​облыстық академиялық қазақ драма театрында Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасын тамашалады.







Кейін қарай