Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Маусым, 2016

1457

Сабантуй байрам белән!

Татарстан президенті Қостанайдың «Дуслык» татар-башқұрт қауымын Сабантуймен құттықтады.

Биылғы жылы мереке ақын Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдығына және ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Іс-шара «Шағала» жағажайында  басталып, Қостанайдың орталығына дейін баянның сазды үні, шырқалған әндер әуені жетіп жатты. Әр жерден «Рахим итегез!» - «Қош келдіңіздер!» және «Сабантуй байрам белян!» - «Сабантуй мерекесі құтты болсын!» деген құттықтау сөздері естіліп жатты. Көпшілік ер азаматтардың ұлттық тақиялары, әжелердің ақ орамалдары, келіншектер мен қыздар басындағы калфак сән келтіріп тұрды. 

Біреулері шатыр көлеңкесінде жайғасып отырса, басқалары үстелге дастархан жайды, ал мәз болған балалар ат арбаға мініп серуендеді, сахна жанында соңғы дайындықтар жүріп жатты.   Рудныйлық «Байрам» ұжымы әртістері ән айтуға дайындық жүргізіп жатса, сүйемелдеушілер гармошкаларын күйіне келтіріп, Сабантуйдың ең жас қатысушысы, «Аюлар туралы әнді» орындаған саксофоншы Александр Граб қабынан өзінің музыкалық аспабын шығарып жатты. Саша басқа да балалармен Сария Сеит сабақ беретін қауым жанындағы жексенбілік мектепке барады. Сария-апа – орталықтың белсенді мүшесі және демеушілерінің бірі. Ол Сабантуйда әр оқушысына сыйлық берді.

- Біздің балаларымыз, немерелеріміз ана тілін біліп, салт-дәстүрді оқып, үйренуге ынталы болғанын қалаймыз. Біз Татарстанмен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Жыл сайын Қазан қаласының жоғары оқу орындарында жастар қанатындағы біздің белсенділер тегін білім алуда. Оларға онда жатақхана беріліп, шәкіртақы төленіп отырады. Қуанарлық жайт - келесі жылы Татарстан Президенті Рустам Минниахановтың қолдауымен республикалық Сабантуй  Қостанай қаласында өтеді, - дейді Сария Сеит.

Біздің мемлекеттер арасындағы байланыс күннен күнге нығая түскендігін елдің еңбек сіңірген әртістері Қостанайға жыл сайын ұсынатын Татарстан басшысының қолы қойылған құттықтау хаттары растайды. Биылғы жылы осындай құрметті міндет Татарстан Республикасы халық әртісі Искандер Биктагировке және Татарстан Республикасы еңбек сіңірген өнер қайраткері Фарид Хатыповқа бұйырды. Олар «Дуслык» қауымының ақсақалы Рамиль-хаджы бата беріп, концерттік бағдарламаны ашқаннан кейін бірінші болып сахна төріне шықты.  Келген әртістер бірнеше ән салды, ал Ғабдолла Тоқайдың өлеңіне жазылған алғашқы ән барлық аналарға арналды. Содан кейін Искандер Биктагиров Рустам Миннихановтың құттықтау хатын оқып берді.

- Сабантуй – дүние жүзіндегі барлық татар мен башқұрттардың  сүйікті және көптен күткен мерекесінің бірі. Шынында да ол бүкілхалықтық болып келеді. Ол өзінің бірегей ерекшілігін жоғалтпай, еңбексүйгіштік, жер-анаға деген сүйіспеншілік және адал еңбек идеялары тән болатын барлық ұлттар мен дін өкілдерін біріктіреді. 

Осы мереке аясында татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың 130 жылдығы ерекше аталып өтілуде. Биылғы жылы соқа мейрамы Ресейдің 57 өңірінде және алыс-жақын шетелдің 27 елінде тойланады. Біз татар мен башқұрттар Сабантуй мерекесі бүкіл әлемге біздің халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрін паш ететіндігімен мақтан тұтамыз. Көптеген татар-башқұрт  қауымы бар Қазақстанға келу біз үшін үлкен қуаныш. Жақында ғана біз Орал қаласында Ғ.Тоқайдың мерейтойы аталып өткен іс-шарада болдық. Бұл берекелі және қонақжай елге бақ-береке, амандық тілейміз және мол өнім болсын, - деп тілек білдірді халық әртісі Татарстан Президенті атынан.

Концертпен бірге қауымның аға буыны белсенділерінің дайындаған ұлттық тағамдарын тамашалау және олардың дәмін тату  мүмкіндігі туды.

- Қазіргі уақытта қымыздықтың шығатын маусымы, сондықтан мен оны дәстүрлі қаусырма – бәліш-кузғалак үшін салындысы ретінде пайдаландым. Сондай-ақ ірімшік пен қарақат салынған қаусырма пісірдім. Қарақат татарша «қарлыған» деп аударылады, ал ірімшік қазақ сөзімен үндес «эремчак» деп айтылады, - дейді Гульсина Халикова. – Татар мен башқұртта қаусырма – үстелдің басты сәні болып табылады.  Қаусырма тәтті болып та, етпен де, әртүрлі  салымдармен пісіріледі.

Үйлену тойы мен отбасылық тойларға міндетті түрде «Тату гэйлэ» - «Тату отбасы» атты қаусырмаға арналған қамыр дайындалады. Оны көрме үшін 75 жастағы Альфина Низаметдинова алып келді.

- Мұндай қаусырма бізде торт сияқты үстелдің ортасына қойылады, - дейді Альфина-апа. – Оны тосап, мейіз, кептірілген өрік қосып, бетін цукатпен әрлеп пісіреді. Қазақстанда мен 1968 жылдан бері тұрамын. Осы жерге бауыр басып қалдым, бірақ тарихи отанымды да ұмытпаймын. Сабантуй барша татар мен башқұртты біріктіреді, сондықтан әрқайсымыз осы мерекеге бір-бірімізді көріп қауышу үшін, әртістердің өнерін тамашалауға, жарысқа қатысушы балаларға жанкүйер болуға асығамыз. Бұл ең алдымен бейбітшілік пен жақсылықтың мерекесі! 

«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Балажай Ардабаева  аталған мекеме атынан «Дуслык» қауымын мерекемен құттықтады. Ол Сабантуй Қазақстанда барлық этностарды біріктіретін бүкілхалықтық және сүйікті мерекеге айналғандығын атап өтті.

   

   

   

«Қостанай облысы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі 

Кейін қарай