Қазақстан халқы Ассамблеясы

14 Мамыр, 2020

125

ШҚО: ҚХА еріктілері тыл ардагерлеріне көмектесуде

Шығыс-Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының еріктілері қайырымдылық іс-шараларын жалғастыруда. Равиль Юнусов, Айзада Бибулова, Владислав Артомонов бастаған бірқатар еріктілер «Біз біргеміз» акциясы аясында тыл ардагерлеріне азық-түлік базарлығын жеткізді.

Жастар тыл ардагерлеріне азық-түлік базарлығын үлестіріп, оларға фашистік басқыншыларды жеңуде баға жетпес үлесі және біздің бейбітшілік пен келісімде бақытты өмір сүріп жатқанымыз үшін алғыстарын білдірді. Өйткені, олардың орасан зор еңбегі арқасында майдангерлер шайқаста күш-қуат жинап, Отан үшін отқа түсті. Қаршадай ғана балалар жұмыстың қиындығына қарамастан, бейбіт өмір үшін еңбек етті.


Тыл ардагерлері жастардың ісіне ризашылықтарын білдіріп, бастан кешкен оқиғаларын баяндады. Өскелең ұрпақтың қиын-қыстау замандағы ардагерлердің еңбегін бағалап, құрмет көрсеткендеріне алғыс білдірді.

«Бізді ұмытпай, құттықтап, көмек қолын созып тұратындарыңа алғысым шексіз. Қарттар үшін пейіл мен көңіл бөлген маңызды ғой. Қазіргі жасымызда көмекке зәруміз. Отан үшін еңбек еткен еңбегіміз бағаланып, ескеріліп жатқанына қуаныштымыз», – деп Анна Мамцева еріктілерге алғыс білдірді.

Еріктілер қозғалысының белсенділері аталған қайырымдылық акциясы жалғасын табатынын хабарлады. «Біздің қатарымыз уақыт өткен сайын көбейіп, мұқтаж жандарға көбірек болысамыз деп сенеміз», дейді жастар.

Кейін қарай