Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Мамыр, 2016

1087

Шаңырақ мектебіндегі соңғы қоңырау

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ұйытқы болуымен құрылған «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебі өз түлектерін салтанатты түрде шығарып салды.  Көкшетау қаласының Достық үйінде соңғы қоңырау сыңғырлады. Салтанатты іс-шараны жүргізушілер: «Шаңырақ» мектебі – бұл   14 ұлттың өкілдері өз ана тілін оқуға, өз мәдениеті мен салт-дәстүрін меңгеруге үйрететін мектеп, түрлі ұлттардың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін орта», - деп атап өтті.

Бастауыш сынып оқушылары 9 этностың тілінде тақпақ айтып, оқып жатқан тілді қаншалықты меңгергендіктерін көрсете білді.     

Армян тілінде Дадоян Мери, чуваш тілінде Қабдылова Айдана, ал Шарафутдинов Наиль болса татар, ағылшын және қазақ тілінде жыр оқып, бар өнерін ортаға салды. Поляк тілін меңгеріп жүрген  Чиж Илона өз сөзін ана тілінде бастап: «Мен поляк ұлтының ақыны  Адам Мицкевичтың тілін және барлық әлемге аты әйгілі  композитор Фридерик Шопеннің тілінде оқи алатындығыма қуаныштымын. Біз сабақ барысында тек тілді меңгеріп қана қоймай, әдебиет пен өнерді, салт дәстүрді де оқимыз. Лексика, грамматика, фонетика бойынша білімімізді пысықтаймыз. Поляк ұлтының ақын, жазушыларының шығармашылығымен жақынырақ танысамыз. Әр ұлт өз тілін біліп, құрметтеуі керек деп есептеймін», -  деп өз сөзін ол қазақ тілінде аяқтады.  Ал ингуш тілі сабағына келіп жүрген Рамазан Тумгоев болса үш тілде еркін сөйледі. «Мен, өз ұлтын сүйетін әр адам тілін, мәдениетін, салт- дәстүрін білуі керек деп есептеймін. Өйткені өз халқының өткенін білмеген адамның болашағы да бұлыңғыр деп есептеймін», - деді ол.

Ал Нұрқан Ырыскелді болса кәріс тілін жетік меңгергендігін көрсетті. Гудымяк Алена неміс тілін оқитындығын мақтан тұтып, әр ұлтқа осындай мүмкіндік берген Елбасына зор ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

Бұл күні мектептің 7 түлегі арнайы сертификатпен марапатталды. Ал мұғалімдермен ынтымақтаса жұмыс істеп, қолдау көрсеткендері үшін белсенді ата-аналарға мектептің алғыс хаттары табыс етілді.

Салтанатты жиын соңы түрлі ұлттың тілінде орындалған ән мен биге ұласты. Жыл бойы білімдерін шыңдай білген үздік оқушылар «Қоғамдық келісім» мекемесінің дипломы мен бағалы сыйлықтарына ие болды. 

   

 

 

 

«Қоғамдық келісім»

мекемесінің баспасөз орталығы

Кейін қарай