Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Қазан, 2021

37030

Өскеменде ҚХА медиация институтын дамытуға арналған семинар-тренинг ұйымдастырылды

2021 жылғы 6 қазанда Өскемен қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация институтын дамыту мәселелерін талқылауға арналған республикалық семинар-тренинг өтті.

Семинар жұмысына мемлекеттік органдардың, ҚХА қоғамдық құрылымдарының, медиация орталықтарының өкілдері, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының кәсіби және қоғамдық медиаторлары қатысты.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда ел бірлігін нығайтуға ықпал ететін қоғамдық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық қатынастардың тиімді институтына айналды.


Бүгінгі таңда соттың көмегінсіз келісімге келу – жиі қолданылатын тәжірибе. Дауларды шешу кезінде кәсіби және кәсіби емес бітімгерлердің көмегі сұранысқа ие болады.

Шығыс Қазақстан облысында республика бойынша бірінші рет «Медиацияның виртуалды кабинетінің» жұмысы жолға қойылды, биылғы жылдың тоғыз айы ішінде 15 өтініш келіп түсті, оның 12-сі оң шешіліп, үшеуі қарастырылуда. Облыстық Медиация кеңесі құрылды. Облыста 17 медиация кабинеті жұмыс істейді, тізілімде 116 медиатор бар. Жыл басынан бері медиаторларға 1000-нан астам өтініш келіп түсті, олардың барлығы оң шешімін тапты. 2000-нан астам адамды қамтитын 50-ден астам іс-шара өткізілді.

Павлодар облысында «Қоғамдық келісім» КММ жанында 1 кабинет, аудандар мен ауылдық округтерде 70 медиация кабинеті жұмыс істейді. Өңірде сенім телефоны, сенім жәшігі (жазбаша өтініштер үшін), сайт және Виртуалды қабылдау бөлімі құрылды, отставкадағы судьяларды тарта отырып, ҚХА медиаторлары азаматтарды қабылдау жүргізуде.

Жұмыс сапасын арттыру мақсатында қоғамдық медиаторлардың облыстық кеңесі құрылды, мұндай жұмыс түрі әрбір елдімекенге қоғамдық медиатор бекітуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда тізілімде 151 қоғамдық медиатор бар, олар Павлодар облысының 131 елдімекенінде қызмет көрсетеді және тұрақты негізде ақпараттық семинарлар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізеді.

Медиация институтын дамытудың маңызы зор, ол қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға ықпал етеді, құқықтық мәдениетті арттырады, соттардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, сондай-ақ азаматтардың уақыты мен материалдық қаражатын да үнемдейді.

Қазіргі уақыттағы жағдай әлеуметтік-экономикалық дамудың сыры ел бірлігіне, этносаралық келісім мен конфессияаралық үйлесімділікке тікелей байланысты екенін және еліміздің одан әрі дамуы мен өркендеуінің іргетасы ретінде халықтың бірлігі мен келісімін нығайту қажет екенін айқын көрсетті.

Іс-шара барысында Ассамблеяның медиация институтын одан әрі қайта форматтаудың, келіссөздер жүргізетін этномедиаторлар даярлаудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды.

Іс-шараның соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.

Кейін қарай