Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Ақпан, 2016

1260

Студенттер армян мәдениетімен танысты

Ақтаудағы «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігі Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжинириниг университетінде армян мәдениетінің күнін өткізді. Іс-шара барысында студенттер армян ұлтының ұлттық асханасымен, салт-дәстүрімен танысып және Арменияның тарихи жерлері жайлы мол мағлұмат алды.

Армян мәдениетінің күні аталмыш жоғары оқу орнының дәлізіндегі көрмеден басталды. Көрмеде Арменияның басты нышандарының бірі Арарат тауы, анар жемісі, киелі «Хачкар» тасы сынды құнды жәдігерлер қойылған. Көрме аясында «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Курдоглян сөз алып, жиналған жұртшылыққа табиғаты көрікті мемлекеттің бірі Армения жайлы баяндап берді.

- Армения - тарихы ғасырлар қойнауында жатқан, жер бетіндегі ежелгі және табиғаты жағынан көрікті мемлекеттің бірі. Оның тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Армения мемлекетінің басты нынашы - Арарат тауы. Ежелгі аңыздарға сенсек, осыдан бірнеше мыңжылдықтар бұрын бұл тауда кезінде Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған. Армения өз кезегінде ең ежелгі әсем мемлекеттердің қатарына кіреді. Елдің оңтүстік-батыс бөлігін Арарат жазығы алып жатыр. Арменияның ең биік нүктесі — елдің солтүстігінде орналасқан Арагац тауы. Аталмыш тауда түсті металдардың едәуір мол қоры шоғырланған. Армянияның тағы бір басты нышанының бірі «Хачкар» киелі тасы болып табылады. Қазіргі таңда дүние жүзінде мыңнан аса хачкар киелі тасы бар. Олардың бір ерекшелігі олар ешқашан бір-біріне ұқсамайды, - деді А.Курдоглян.

 Іс-шараның екінші бөлігінде студенттер, БАҚ өкілдері мен мұнайлы аймақтағы этномәдени бірлестіктер төрағалары армяндардың ұлттық асханасынан дәм ауыз тиді.

Армян асханасы - өзіне тән ерекшелігі бар тағамдардан тұрады. Армян тағамдарының жасалу әдісі сонау ерте заманнан бастап, бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтпаған. Жасалу техникасы бойынша ерекше тағамдардың қатарына олардың «аганц» тағамы кіреді. Аганц - армян халқының кондитерлік өнімі. Бидай, мейіз, жаңғақ және басқа жемістерді араластырып, үстіне қою қант шырынын құйып дайындалады. Бидай дәндерін бір сағаттай суға салып, жібітіп, одан кейін кептіріп, ыстық табада майсыз қуырады. Армяндар сонымен қоса өрік жемісін ерекше бағалайды. Олардың «Анушапур» сынды өрік салынған сорпасы бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпаған.

Жоғары оқу орнының белсенді жастары өз кезегінде армян тағамдарына деген таңданыстарын жасырмады. Солардың бірі, «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан ІІ курс студенті Алма Аманкелді.

- Менің білуім бойынша жалпы армян асханасы Азиядағы ежелгі асханалардың бірі болып табылады. Оның өзіне тән көптеген ерекшеліктері бар. Мен бүгін бұршақ пен көкөніс қосылған керемет салаттан дәм ауыз тидім. Маған бұл тағам өте қатты ұнады. Оның дайындалу технологиясы да ерекше екендігі көрініп тұр. Жалпы, біздің жоғары оқу орнымызда Маңғыстау өңіріндегі түрлі этномәдени бірлестіктермен осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса деген тілегім бар. Себебі, біз сияқты жастар осындай шаралардан өзге ұлттардың салт-дәстүрі, асханасы, құнды жәдігерлерін білу арқылы мол ақпаратпен қанығады, - деп аяқтады өз сөзін  А. Аманкелді.

   

МО ӘА «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

 

Кейін қарай