Қазақстан халқы Ассамблеясы

24 Ақпан, 2022

1861

Түрікстанда «Рахмет саған, туған жер» атты балалар арасында байқау ұйымдастырылды

Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында 1 наурыз - Алғыс айту күні мерекесіне арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес, «Рахмет саған, туған жер» сурет салу байқауы ұйымдастырылды.

Аталған байқау облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-сі мен «Оқушылар сарайының» ұйытқы болуымен өткізілді. Байқауда 30-ға жуық мектеп оқушылары бақ сынады.

Мерекелік концертпен бастау алған іс-шарада оқушылар би билеп, әннен шашу шашты. Байқаудың ашылу салтанатына Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Дүйсенкүл Жамбулова, «Оқушылар сарайы» директоры Индира Сарқытқызы, қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразгүл Шайқықызы және шығармашыл жастар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы – этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Ерлан Керімбеков Алғыс айту күнінің маңыздылығына тоқталып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.


– Туған жерімізді түлетер, сүйікті елімізді көркейтіп, нығайтар өздеріңіздей жас ұрпақтың келешегі кемел, жолы ашық болсын деп тілеймін! Шығармашылық шабыттарыңыз шарықтай берсін! Әрқайсымыздың жүрегімізде туған еліміз Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! – деді Ерлан Мәдібекұлы.

«Ең байқампаз халық – балалар мен суретшілер» деген даналардан қалған сөз бар. Байқауға қатысқан оқушылар өнерлерін жан-жақты паш етуге тырысты. Олар ұлттық салт-дәстүр мен бірлікті, сыйластықты бейнелейтін суреттерді қағаз бетіне түсірді. Оқушылардың туындыларын облысымыздың белгілі қылқалам шебері Мұрат Шаханбаев бастаған қазылар алқасы бағалады.


Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге Рамазан Ақылбекұлы лайық деп танылды. І орынды Зиада Абдуманапова, II орынды Диана Мамирова мен Гульасаль Маметова, ал ІІІ орынды Байрам Куршудов пен Камила Баянбек еншіледі. Сондай-ақ «Жас суретші» номинациясын Адема Икапова, «Шебер суретші» номинациясын Дилноза Ташболатова, «Үздік жұмыс» номинациясын Диана Жұмабек, «Креативті жұмыс» номинациясын Венера Нахипова және «Үздік идея» номинациясын Шұғыла Әмиділла иеленді.

Жарыста үздік шыққан жас таланттарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов пен «Оқушылар сарайы» директорының мәдени іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі орынбасары Асылзат Ибраева арнайы марапаттап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.

Кейін қарай