Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Шілде, 2020

4533

Түркістан: Медицина мамандарын марқайтқан «Мың алғыс!» акциясы

Қасиетті жұма күнімен сәйкес келген Құрбан айтта жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы түрлі қайырымдылық ісшараларын ұйымдастырып, акциялар өткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері індетке қарамастан, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетумен қатар, алдыңғы шепте тұрған, вирустық науқастармен бетпе-бет жұмыс істеген медицина мамандарынының қызметіне көңіл аударып, «Мың алғыс!» жалпыұлттық акциясын ұйымдастыруда белсенділік танытты.


Адам жанының арашасы болған ақ халатты абзал жандар қандай құрметке болсын әбден лайық. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қасиетті Құрбан айт мерекесінің алғашқы күнінде «Мың алғыс!» жалпы республикалық акциясы өткізілді. Акция індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін және алдыңғы қатарлы медицина қызметкерлерінің отбасыларына көмек көрсетуге бағытталған.

Дүниежүзін жайлаған қауіпті індетпен күресте ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға күш түсіп отырғаны белгілі. Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлеріне деген жауапкершілік жүгі індет жұқтырғандар саны артқан сайын еселеп ауырлады. Медицина мамандары алғашқы науқас анықталған сәттен бастап, бірнеше апта бойы отбасыларынан тысқары жүріп, өз денсаулықтарын қатерге тігіп дертпен күресіп келеді.

Мақтаарал ауданында өткен акция барысында медицина саласының қызметкерлеріне құрбандыққа шалынған малдың еті мен жеміс-жидек себеттері, азық-түлік таратылды. Аталмыш шараға атсалысқан аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы А.Боевқа, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Х.Сабировқа және өңірлік тәжік "Файз" қауымдастығының төрағасы Ш.Бабаевқа өз кезегінде медицина саласының қызметкерлері де алғыстарын білдірді.

Мұнымен бірге Кентау қаласында акция аясында Түркістан облыстық және Кентау қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюпов Кентау қалалық орталық аурухананың реанимация бөлімінің ұжымына өз алғысын білдіре отырып, мерекеге арналған тағамдар тарту етілді. Сонымен қатар, сол аурухананың балалар бөлімінің қызметкері Мархаба Егембердиеваның отбасына барып қайтты. Медицина қызметкерлерін қазіргі заманның батырына теңеп, алғысы мен ізгі тілектерін жеткізді. Бүкіл әлемді індетімен жайлаған пандемиямен күрес кезінде әрбіріміздің жақындарымыздың өміріне араша түскен медицина қызметкерлеріне мың алғыс.


"Мың алғыс" жалпыреспубликалық акциясы аясында, Түркістан облысы өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, еріктілер тобының жетекшісі Хасантаев Бобуржон Акмалжанұлы бастамасымен еліміздегі жағдайға жанашырлықпен қарайтын ерікті азаматтар бірлесіп, індетке шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, микротолқынды пеш табыстады.

Сонымен қатар, Мақтаарал және Жетісай аудандық ауруханаларының 500-ден астам медицина саласының қызметкерлеріне түскі ас берілді. Осындай қиын сәтте дәрігерлерге құрмет көрсетіп, қол-ұшын берген Мақтаарал аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Абдухошим Боевқа медицина саласының қызметкерлері өз ризашылығын білдірді.


Қазақстан Халқы Ассамблеясының бастамасымен қолға алынған «Мың алғыс» акциясы Созақ ауданында өз жалғасын тапты. Созақ ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Айдарбеков бастаған топ аудандық аурухананың провизорлық бөлімшесінде өз отбасынан, балаларынан алыстап, коронавируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер мен кіші медициналық қызметкерлерге алғыс білдірді. Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мерекелік сый-сияпаттарын тарту етті.


Аудан әкімінің орынбасары Б.Айдарбеков:

– Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздер елімізге пандемия басталғалы бері күн-түн демей арпалысып, отбасыларыңыздан жырақта білімдеріңіз бен күштеріңізді жұмсап, бастарыңызды қауіп-қатерге тігіп аянбай еңбек етіп жатырсыздар. Сіздерге осынау еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Сіздерге мықты денсаулық, кәсіби өрлеу, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз, – деп ақжарма тілегін жеткізді. Созақ аудандық Орталық ауруханасының Бас дәрігері Талғат Әлішерұлы Қалдыбеков пен Таукент кенті емханасының меңгерушісі Алма Мейрамбекқызы Құрманбекованың өңірлеріне Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалін тақты.


Акцияға Созақ ауданы әкімдігі мен Жастар Ресурстық Орталығы қызметкерлері, Jas Otan жастар қанатының мүшелері, Value волонтерлар ұйымы белсене атсалысты.

Кейін қарай