Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Желтоқсан, 2021

29

Түркістанда этносаралық қатынастарды тиімді қамтамасыз ету мәселесі талқыланды

Түркістан қаласында «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті.

Аталған семинар облыс аумағында түрлі саладағы құқықтық қатынастарда этносаралық қақтығыс жағдайларын туғызуы мүмкін жағдайларды және орын алған кездегі алдын алуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру туралы облыс әкімдігінің, облыс прокуратурасы мен ҚР ҰҚҚ Түркістан облысы бойынша Департаментінің және облыстық Полиция Департаментінің бірлескен жоспарына сәйкес өткізілді.

Семинарға Түркістан облысы прокурорының орынбасары С. Келдібеков, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің басқарма басшысы Ж. Орынбаев, Түркістан облыстық ЖПҚБ бастығы орынбасары А. Төреханов, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС директоры Т. Қалиев, облыстық, аудандық, қалалық прокуратура органдарының, полиция басқармалары мен бөлімдерінің және ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшылық құрамы мен қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдіктері ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты. Семинарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы А. Өсербаев жүргізіп отырды.

Семинар спикерлері Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, этнограф Жамбыл Артықбаев «Қазақстан: этникалық қарым-қатынастар тарихы, қазіргі уақыттағы этносаралық қарама-қайшылықтар және этномәдени ықпалдастық мәселелері» тақырыбында және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты әлеуметтанулық зерттеу департаментінің бас менеджері, әлеуметтік ғылымдар магистрі Дулат Өтеғали «Қақтығыстардың алдын алу тетігі: оның қолданылуы және кемшіліктері» тақырыбында маңызды ақпараттармен бөлісіп, этносаралық қатынастарды жақсарту бағытында өз ойларын ортаға салды.

Жиын барысында қатысушылар өңіріміздегі этносаралық тұрақтылықты сақтау бойынша пікірлерін білдірді. Семинар соңында басқарма басшысы А. Өсербаев өңірдегі этносаралық шиеленістің алдын алуға негізделген іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатындығын жеткізіп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.


Кейін қарай