Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Мамыр, 2020

101

Тараз: Этнобірлестіктер арасында елге танылған Умаровтар мен Турдыевтар отбасы

15 мамырда бүкіл әлем жұртшылығы халықаралық отбасы күнін атап өтті. Бұл айтулы мереке отбасының қоғамдағы рөлін жыл өткен сайын барынша айшықтай түсері анық.


Жамбыл облысында этномәдени бірлестіктер арасында елге танылған жанұялар көп. Мәселен, Умаровтар шаңырағы ерекше тәлім-тәрбиенің, мәдениеттің биігінде тұрған жанұяның бірі. Елге еңбегімен танылған Умаров Ғұлам Мұхтарұлы - облыстық мәслихаттың депутаты, Жамбыл облыстық Қан орталығының басшысы. Оған қоса Ғұлам Мұхтарұлы қоғам қайраткері ғана емес, өз әулетінде де текті тәрбиесімен үлгілі отағасының біріне айналып үлгерген азамат. Жұбайы Диляра Тілегеновамен тәлімді-тәрбиелі, қызғалдақтай 2 қыз өсіріп-өндіріп отыр.

Тамыры тереңге жайылған дәрігерлер әулетінен өніп-өскен Ғұлам Мұхтарұлы да ата жолын қуып, адам өміріне араша түсетін дәрігер мамандығының майталманы күн сайын облыс жұртшылығына зор пайдасын тигізуде. Үлгілі отағасы осындай күреске толы қызметімен қатар шаңырағын шаттыққа толтырып, терең тәрбие беріп отырған ардақты әке.

Отбасының берекесі имандылықтан басталады. Сондықтан, жанұядағы тәрбиенің алар орны ерекше. Халықаралық отбасы күні өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал етуде.

Мәңгілік Елдің негізін құраушы осындай берекелі, мерекелі отбасылар біздің еліміздің болашағы екені анық.

Жамбыл облысындағы этномәдени бірлестіктер арасындағы үлгілі әулетке Тұрдыевтар жанұясы да кіреді. Тұрдыева Мухабат Абдрахманқызы тек отбасының ұйытқысы, аяулы жар, ардақты ана ғана емес, Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы, мемлекеттік тілдің жанашыры, қайырымдылықты серік еткен жомарт жандардың бірі.


Отбасының қорғаны - жолдасы Қахарджан Тұрдыев зейнеткерлігіне қарамастан, өңірлік ассамблея іс-шараларына жұбымен бірге аянбай атсалысып келеді, қадірлі жұбайының қолдаушысы. Бақытты жұп 4 қыз тәрбиелеп, 7 немере сүйіп отыр.

Ал қыздары Мариям мен Хамида өңірлік ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері. Хамида осы жастар ұйымының жетекшісі. Мерейлі отбасы, өңірдегі барлық қайырымдылық шаралардың белсенділері. Ұрпаққа үлгі болар отбасылар саны көбейе берсін!

Кейін қарай