Қазақстан халқы Ассамблеясы

06 Желтоқсан, 2019

2331

Таразда этнофестиваль театрландырылған қойылым түрінде өтті

Тараз қаласының Достық үйінде «Біз достықпен мықтымыз!» атты этномәдени бірлестіктердің фестивалі өтті.

Этнофестиваль театрландырылған қойылым түрінде өтті. Онда баланың туған кезінен бастап ересек жасқа дейінгі өмір жолы бейнеленген. Түрлі этностар өмірдегі маңызды сәттерді көрермендер назарына салт-дәстүр түрінде ұсынды. Сахнаға алғашқылардың бірі болып шыққан қазақ мәдени бірлестігінің өкілдері бала дүниеге келгенде қазақы салт-дәстүрмен «Сүйінші сұрау» жоралғысын театрландырылған көрініс ретінде дайындады.


Қазақ мәдени бірлестігі сонымен қатар бесікке салу рәсімін де көрсетті. Ежелден дүниеге ұл бала келсе де, қыз бала келсе де қазақтар үлкендердің ақ батасын алып, баланы бесікке бөлеп әлдилейтін болған. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.


«Радонеж» орыстар қоғамы» көрермендерге «Әженің ботқасы» атты дәстүрді ұсынды. Орыс халқында баланы шомылдыру рәсімін өткізгеннен кейін үйге келген сәби мен қонақтарға әжесі ботқа жасап таратады. Сол сәтте балаға арнап тілек айтқан адамға ерекеше көп ботқа берілетін болған.

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы баланың алғашқы қадамдарын басқан сәттегі тұсауын кесу рәсімін сахналады.


Өзбек этномәдени бірлестігі музыканттардың сүйемелдеуімен ұлттық әуендеріне билеп сахнаға шығып, әжелер болса халық әнін шырқап, 6-10 жас аралығындағы немерелеріне шашу шашып, соңында немересінің басына тақия кигізіп, ұзақ өмір сүруді тілей отырып, бата берді.

Одан әрі тәжік этномәдени бірлестігі 13 жастағы қыздың әкесімен болған әңгімесін көрермен назарына ұсынды. Осы уақытта хореографиялық композицияда бидай өрісі бейнеленген кілем тігіледі. Тәжік халқы үшін кілем құнды зат. Тоқылған кілемнің астында күйеу жігіт қалыңдығын ертіп үйіне алып барады.

Қыздың өміріндегі маңызды кезеңді әзірбайжан этномәдени бірлестігі ұсынған құдалық рәсімінен көруге болады. Күйеу жігіттің жағы қалыңдыққа сақина тағады.


Үйлену той үрдісін көрерменге украин этномәдени бірлестігі бар сан-салтанатымен ұсынады. Мұнда қатысушылар күйеу жігіт пен қалыңдыққа нан (тұз қосылған нан) тарту етеді. Содан кейін қалыңдықтың анасы қызының басына түрлі-түсті үш лента байлайды. Олар анасының, әкесінің және туған жерінің батасын білдіреді.

Әйел өміріндегі керемет сәт – ана болуға дайындық кезеңі. Кәріс этномәдени бірлестігі дәстүрлі тағамдарды әйел затының философиясымен орынды байланыстырады. Мысалы, күрішті жақсы көрсе, толғатып жатқан ана дені сау бала туады, ал етті жақсы көрсе, жүктілік қуанышты болады, өткір кимчиды жеу оның жүктілігіндегі жеріктігі ең ауыр кезең, ал босануы жеңіл болатынын меңзесе керек.


Қарашай-балқар этномәдени бірлестігі ананың ұлын әскерге шығарып салу рәсімін тамаша бейнелеп шығады. Қарашай-балқарларда әскерге кетіп бара жатқан ұл анасының табанының астынан топырақ алып, оны өзімен бірге ала кететін болған. Бұл оған сыртта жүргенде қорған болады деп сенген. Міне, осы бір рәсім арқылы қарашай-балқар халқы ана деген құрметтің зор екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп береді.

Қойылым соңында түрлі этнос өкілдері өз ана тілінде өлеңдер мен тілектерін оқып, этнофестивальдің шарықтау шегі ретінде сахнаға Жер Ана шығады. Ол айналаның бәрін біріктіріп, татулықтарын арттыруға шақырады.

Кейін қарай