Қазақстан халқы Ассамблеясы

21 Қыркүйек, 2021

544

Таразда этносаяси сауаттылық мәселесіне арналған семинар-тренинг өтті

Үстіміздегі жылдың 16-17 қыркүйегінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Этносаяси сауаттылық және этномедиация негіздері» тақырыбында республикалық семинар-тренинг өтті.

Семинардың ұйымдастырушысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты».


Іс-шараға аудандық прокурорлар мен олардың орынбасарлары, АПБ басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарының аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары және Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ, республикалық, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – этносаяси сауаттылықты арттыру, этносаралық оқиғаларды қате түсіндіру салдарын түсіндіру.

Семинар-тренингтің ашылу салтанатында этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Айбек Жақсыбаев этносаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің қызметі және өңірлермен өзара іс-қимыл тәртібі туралы айтып берді. Сондай - ақ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары – Дәулет Жамаубайұлы Кәрібек, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры - Талғат Бегімұлы Қалиев, Жамбыл облысының прокуроры - Нұрғалым Мәжитұлы Әбдіров, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы - Жанат Қуанышұлы Сүлейменовтер де құттықтау сөз сөйлеп, семинар өткізушілер мен қатысушыларға біліктілікті жоғарылатуда сәттілік тіледі. Бұған қоса, Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров та аталған іс-шараның қатысушыларға этносаралық қарым-қатынас саласында жаңа мүмкіндіктер мен технологияларды тиімді пайдалануды үйренуге, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.


Іс-шара бағдарламасына нақты кейстерді талдау және себеп-салдар байланыстарын көрсету жөніндегі біршама дәрістер топтамасы кірді. Бағдарлама аясындағы өзекті мәселелер бойынша «Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің қызметі және өңірлермен өзара байланысы туралы», «Конфликтология мен этномедиацияның базалық негіздері», «Көпшілік алдында сөйлеу дағдылары», оның ішінде «Жария риторика дағдылары», «Ақпараттық және медиа сауаттылық», «Ақпараттық кеңістіктегі этносаралық қатынастар», «Қазақстан этностық топтары өзара қарым-қатынасының әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері және басқалар» тақырыптарында «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Талғат Қалиев, этносаралық талдау Департаментінің жетекші менеджері Күдеринов Әлемхан тарапынан спикерлер ретінде дәрістер оқылды. Ал «Этносаралық қатынастар саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша прокуратура органдарының қадағалау қызметінің нәтижелері туралы» спикер, облыс прокурорының көмекшісі, қоғамдық-саяси жағдайды қамтамасыз ету және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы топтың жетекшісі Асқар Дастан - сөз сөйледі.

Сонымен бірге, қатысушылардың семинар-тренингте алған білімдері мен дағдыларын бекіту негізінде жоспарланған «Ақпараттық және медиа сауаттылық. Ақпараттық кеңістіктегі этносаралық қатынастар», «Қазақстанның этностық топтары арасындағы өзара қарым-қатынастың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері», «Жанжалдың ақпараттық компоненті. Дұшпандық тілі», т.б. дәрістері бойынша аталмыш институттың бас менеджері Узарова Луиза және әдістемелік департаментінің менеджері Трегубова Виктория тренерлер ретінде бірқатар практикалық сабақтар өткізді.

Екі күндік семинар соңында «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Талғат Қалиев және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова семинар қатысушыларына ұсынылған тақырыпқа белсенді қатысқаны үшін, сондай-ақ, пікірлері мен ұсыныстары үшін алғыстарын білдірді.

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығының

баспасөз хатшысы Бибігүл Шахзада

Кейін қарай