Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Мамыр, 2023

239

«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты ҚХА халықаралық конференциясы

2023 жылғы 29-30 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының халықаралық конференциясы өтті.

2010 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жоба жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға, қазақстандық бірегейлік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Жоба аясында, алғашқы күні қатысушылар Сарытомар ауылына, қазақтың ұлы ақыны және публицисті Мағжан Жұмабаевтың туған жеріне экскурсия жасады. Экскурсия алдында жоба қатысушылары оның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл рәсімге Мағжан Жұмабаевтың тікелей ұрпағы Ержан Ғарипов та қатысты. Экскурсия барысында ол мұражай қызметкерлерімен бірге әйгілі ақынның өмірі туралы қызықты фактілермен бөлісті.

Экскурсиядан кейін жобаға қатысушылар Сарытомар ауылының мәдениет үйіне барды. Онда ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директоры Элина Паули өңір жұртшылығымен және жергілікті ҚХА активімен кездесу өткізіп, жиналған қауымдыҚХА қоғамдық құрылымдары қызметінің өзекті мәселелері және жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі ағымдағы жұмыстардан хабардар етті.

2023 жылғы 30 мамырда Петропавл қаласында«Тарихи сана - қоғамды ұйыстырушы фактор» тақырыбында республикалық форум өтті. Форумға ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдері, тарихшы ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ шетелдік қонақтар мен сарапшылар қатысты.

Конференция барысында сөз алған тарихшылар мен сарапшылар саяси қуғын-сүргін туралы деректерді жариялаудың заманауи тәсілдерінің өзекті мәселелерін қозғап, саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы жадыны сақтау жөніндегі коммеморативтік тәжірибелерге қатысты пікір алмасты, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны, публицист Мағжан Жұмабаевтың бай мұрасы мен ғылыми-саяси қызметін талқылады.

Күн соңында «Тарих. Жады. Адамдар» атты кітаптың 11-ші жинағының тұсаукесері өтті.Жинақта Қазақстанға көшірілген және жер аударылған адамдардың тағдыры көрініс тапқан.

Сонымен қатар, жоба аясында Солтүстік Қазақстан облысы жастарының Мағжан Жұмабаевтың ұрпақтарымен кездесуі ұйымдастырылды. Ақынның ұрпағы Ержан Ғарипов өз сөзінде зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Ол жастарды өз елінің тарихын зерттеуге шақырды.

Кейін қарай