Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қазан, 2020

14083

«Тілі мен тыныштығы бұзылған мемлекеттің болашағы жоқ»

ҚХА ұйымдастыруымен Алматы қаласы Достық үйінде өткен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты бірінші республикалық конгресінде Алматы облыстық «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісі, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының төрағасы Руфина Усанова сөз алып, басынан өткен қызық оқиғасымен бөлісті.

- 2017 жылдан бері Талдықорған қаласындағы «Туған тіл» татар-мәдени орталығының жетекшісімін. Сонымен қатар «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының төрағасымын. Екі бірдей жоғары дипломым бар. Алайда маған Ассамблеяда жұмыс істеген ұнайды. Бір өкініштісі, этномәдени орталық қызметкері, басшысы деген мамандыққа дайындайтын арнайы оқу орны жоқ. Бұл жұмысқа әрбір азамат жүрек қалауымен келеді. Мен екі бірдей мамандық иесі бола тұра, қоғамдық негізде жұмыс істеуге өз еркіммен келдім. Маған жастармен жұмыс істеген, олардың бойында адамгершілік қасиеттерді терең сіңіру үшін қайырымдылық шаралар ұйымдастырған өте ұнайды. Сондай-ақ менің мемлекеттік тілді еркін білуім жұмыс барысында көп көмегін тигізеді. Негізі, екі жоғары білімді де орыс тілінде алғанмын. Бірақ үйде қазақ тілінде сөйлесеміз, дос-құрбыларым да қазақша сөйлейді.

Қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың: «Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл халқы үшін – ұлы» деген ұлағатты сөзі бар. Мен үшін менің Отанымның тілі – ұлы. Ұлы тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтау – біздің азаматтық міндетіміз.

Сізбен және форумға қатысушылармен қызық оқиғаммен бөліскім келіп отыр. Бірер жыл бұрын жолым түсіп, Татарстанға іссапармен бардым. Жолға шығар алдында тарихи Отаныма табан тіреу қандай әсер қалдырар екен деп толқып жүрдім. Алайда 10 күн Қазақстанды сағынып, әрең шыдадым. Қашан кетер-кеткенше асықтым. Күн сайын елмен, үймен, достарыммен хабарласып, сағынышымды басуға тырыстым. Қайтар күні ұшаққа кіріп келгенімде стюардесса қыздар «Сәлеметсіз бе!» деп амандасқанда, қуанғанымнан «Сәлеметсіз бе!» деп дауыстап жіберіппін. Елге оралғанда көзіме жас келіп, жылап жібердім. Туған жердің қадірін сыртқа шыққанда қатты түсінеді екенсің. Құдайға шүкір, біз бақытты ұрпақпыз. Өйткені соғыс көрген жоқпыз. Бұл біздің басты жетістігіміз деп білемін.

Өзара достығы, келісімі жоқ мемлекет – болашағы жоқ мемлекет деп санаймын



Кейін қарай