Өткен тарих бүгінгі буынның болашағы

«Бақуатты қоғамның болашағы – жастардың қолында». Түркістан қаласында осындай тақырыпта келелі кездесу өтті. Шара «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ғимаратында ұйымдастырылды. 

Жиын Қазақстанға жер аударылғандар туралы архив құжаттарынан жасақталған көрмені тамашалаудан басталды. Тарихтан сыр шертетін құнды мұралар мен деректерге қаныққан этнос жастары дөңгелек үстел басында бас қосып, аға буынның өнегелі әңгімелерін тыңдады.


Елдің бірлігі мен татулығын нығайтуды мақсат еткен жиынды Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Рысбеков Ғани Құрмашұлы жүргізді. Ол еліміздегі жаңа бетбұрыстарға бағытталған тарихи сәттерге шолу жасап, Қазақстанға қоныс аударған ұлт өкілдерінің өткенін тілге тиек етті. Мұнымен бірге жиылғандар назарына депортация жылдарынан үзінді шертер видеоролик көрсетілімі ұсынылды. Астарында шындық пен ақиқат астасып жатқан бейнеүзіндіні көрген жастар қауымы ой түйерлік тағылым алды.


Басқосудың алғашқы баяндамасын жасаған Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шарафиев және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің «Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Гаухар Сыздықова кеңестік жаппай қуғын-сүргін тарихының әлі де зерттеуді қажет ететін тұстарын баяндап, өскелең ұрпаққа мұра болар тың дүниелермен бөлісті.


«Отырар» телеарнасының тілішісі Ш.Саидов департация жылдарында қоныс аударуға мәжбүр болған этнос өкілдерінің тарихын баяндады. Түркістан облысы мемлекеттік архивінің бөлім басшысы М.Шымырбек және М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының магистр-оқытушысы А.Джалилов пен «Жаңғыру жолы» РЖҚ Түркістан облыстық штабының мүшесі, «Арыстанбаб» атындағы колледждің І курс студенті И.Раван-Нахчивани аталған тақырып аясында сөз алып, өздерінің орамды ойлары мен пайымды пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға тұщымды жауаптар беріліп, Түркістан облыстық мемлекеттік архивінің басшысы Айдын Исатаева болашақтың тұтқасы болар жастардың қоғамдағы ролін айшықтау мақсатында ұсыныс-пікірімен бөлісіп, бүгінгі буынның болашағына өткен тарихымыз тікелей әсер ететіндігін жеткізіп, жиынды қорытындылады.

Back to the list