Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Қаңтар, 2017

828

Универсиада алауы жағылды

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиаданың Алау эстафетасы бастау алды. Елбасы өз сөзінде барша қазақстандықтар ел намысын қорғайтын спортшыларымызға жанкүйер болып, оларға тең жеңіс тілейтінін айтты.

«Бүгін біз ашылу салтанаты 29 қаңтар күні Алматы қаласында өтетін Дүниежүзілік 28-ші Қысқы Универсиаданың алауын жағудамыз. Бұл шара - тұңғыш рет тәуелсіздік жылдары ішінде жеткен жетістігіміздің бірегейі, мұндай дүниежүзілік доданы біз ешқашан өткізіп көргеніміз жоқ. 57 елдің спортшылары келетін болады, 170 мемлекеттің ішінен өткізу құқығына ие болдық, бұл, біріншіден, біздің еліміз үшін үлкен абырой. Қазақстанды тағы да барша елдерге паш етеміз, мыңдаған журналистер болады. Екіншіден, жастарды спортқа баулиды. Үшіншіден, салған жаңа спорт кешендердің барлығы болашақтағы еліміздің спортшыларына қызмет етеді. Біздің 168 мүшесі бар құрамамыз алға суырылып, барлығымызды қуантады деп сенемін! Сіздерге зор табыс тілеймін, өркендеріңіз өсе берсін!»,- деді ол сөзінде.

Елордадағы эстафета екі кезеңге бөлінген. Алаугерлер үш жарым сағат бойы қаланың орталық көшелерімен жүгіріп өтеді. Алғашқы кезең «Назарбаев Университетінен» басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін жалғасады. Екіншісі - «Бәйтерек» монументінен қайта бастау алып, оң жағалаудағы қалалық әкімдік алаңында аяқталады. Эстафетаның жалпы ұзақтығы 12 шақырымды құрайды. Алауды барлығы 60 алаугер алып жүреді, олардың арасында танымал спортшылар мен Астананың қоғам  қайраткерлері бар.

Одан кейінгі бес күн ішінде республиканың барлық облыс орталықтары өз Алауларын жағатын болады. Соңында алау Универсиада астанасы Алматы қаласына жеткізіледі. Барлығы эстафетаға 1 мыңға тарта алаугер қатыспақ. Жалпы алау эстафетасы 22 500 шақырымды еңсереді деп жоспарланған. 

Кейін қарай