Қазақстан халқы Ассамблеясы

25 Мамыр, 2023

392

ҰЙҒЫР БІРЛЕСТІГІ 1 МАУСЫМ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНІҢ ДЕКАДАСЫН БАСТАДЫ

Ел болашағының жарқын болуы әрбір отбасының шаңырағын шынайы қуаныш пен жылулыққа, махаббат пен мейірімге толтыратын өскелең ұрпақтың қолында. Осы себепті де балалардың құқығын қорғап, өмірлерін сақтандырып, оларға бақытты ғұмыр сыйлау арқылы ертеңгі күнге жетелеу - әр отбасы мен мемлекетіміздің жауапкершілігінде.

Жыл сайын балғын бүлдіршіндер үшін мерекеленіп отыратын ең атаулы қуанышты мейрамның бірі - 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні.

Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы Францияда атап өтіліп, БҰҰ бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырған еді.

Тарихта елеулі өз орны бар, келешегі зор маңызды мерекені биыл әр өңірлерде жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдауы және этномәдени бірлестіктердің қатысуымен ерекше атап өту мақсат етті. Осыған орай, Жамбыл облыстық ҚХА-нан бірнеше этномәдени бірлестіктер онкүндік іс-шараларын жоспарлаған болатын.

Осы тұрғыда алғашқылардың бірі болып, төрайымы Мұхабат Тұрдыева бастаған Жамбыл облыстық М.Қашқари атындағы Ұйғырлар этномәдени бірлестігі балалар мерекесін өзгерек форматта өткізуді белсенділікпен қолға алды.


Аталмыш бірлестіктің ұйымдастыруы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен, ағымдағы жылдың 22 мамыры күні Достық үйінде «Балалар біздің болашағымыз» атты «BALA FEST» фестивалі өткізілді.

Іс-шараға облыс белсендісі, Республикалық дүнгендер қауымдастығының мүшесі Динара Нұралиева басқаратын Тараз қалалық №34 орта мектептің оқушылары, ұйғыр бірлестігінің өкілдері және қаламыздағы түрлі этнос өкілдерінің балалары, оқушылары, ұстаздары, ата-аналары және аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.

Мерекелік фестивальдің ойдағыдай өтуіне бірден бір себепші - өңірлік Ассамблея жастары аянбай атсалысты.

Бүлдіршіндердің жүздеріне күлкі, көңілдеріне шаттық сыйлаған іс-шара ерекше қарқынмен бастау алды.

Өңірлік Ассамблея жастарынан құралған түрлі ертегі кейіпкерлерінің костюмін киген аниматорлар әр образда балаларды кіреберістен қызылды-асылды шарлармен көтеріңкі көңіл-күйде қарсы алып, Достық үйін бір сәтте-ақ әсем әуен желісінде олардың шат күлкісі мен көңілді билері араласқан тамаша атмосфераға айналдырды.

Бір демде позитивпен қуаттанып, ұмытылмас әсер алған балақайлар куанышты көңіл-күйде күмбезді ғимаратымыздың екінші қабатына көтерілді. 250 адамдық орынды залға жайғастырылған жас қатысушыларға «Балалар біздің болашағымыз» атты Достық үйі өнерпаздары мен №34 мектептің талантты оқушыларынан ұйымдасқан мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды. Концерттік шараның шымылдығын «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Қасымқызы ашып, құттықтау сөз М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Абдырахманқызының еншісінде болды.


Концерттік шараның сәнін №34 орта мектеп жанынан ашылған «Айналайын» шағын орталығының талантқа бай талапты кішкентай бишілері мен вокалдық топтары және «Қоғамдық келісім» мекемесінің шығармашылық би тобы «Үкілім ай» би ансамблі көрік қосты.

Сахнаға шыққан әр өнерпазды қай этнос өкілі болса да, қызыл залдың әр тұсынан қолдап, қолпаштап, қошеметтеп отырған жас қатысушылардың жарқын жүздері мен экспрессивті эмоцияларынан жалпықазақстандық бірегейлік пен біртұтастықтың нақты нышаны, бірелділіктің айқын белгісі көрінді. Ғажайыпқа толы фестивальді өткізудегі діттелген мақсат та осы емес пе еді?! Таразының бір басында - балаларға мейірімділік көрсетіп қуанту, тұлғалық сипатын сыйлау тұрса, екінші басында бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатын ұрпақ тәрбиелеу арқылы өз елінің нағыз патриотын қалыптастыру тұрды. Таразының екі басын тең ұстау - баршамызға міндет.

Балаларға керегі де ашық аспан мен көңілдің тоқтығы екен. Аз ғана қуаныштан нәр алған балалардың бейбітшіліктен айырмас бірлігі мен ынтымағына куә болдық. «Қазақсың ба, ұйғырсың ба, қарасың ба, ақсың ба?» алалау жоқ, талғау жоқ, сахнада түрігің «Жасай бер,Қазақстан!» деп қазақ әнін нақышына келтіріп шырқаса, қазағың кәрісіңнің бабасынан келе жатқан биін билеп мың бұралса, осы ынтымақ пен татулық ұрпақтар санасына сіңіп, баршаға қайырлы болашақ нәсіп етсе, нағыз бірегейлік деген осы емес пе?! Татулық жүрген жер - Береке, ынтымақ жүрген жер - Бақыт!


Қошеметтің астында қалған концерттік шара соңы «Ассамблея жастары» белсенділерінің барлық балақайлар қауымына дәмді балмұздақтар мен тәтті крем қосылған бисквиттер таратуымен аяқталды.

Шамамен 300-ден аса бүлдіршіндер жарқын да көңілді іс-шараның куәсі болды.

Әрбір баланың жүзіне күлкі үйіріп, жүрегіне жылу мен мейірім ұялата білген балалар фестивалін ұйымдастырушы өңірлік Ұйғыр бірлестігіне алғысымыз шексіз! Ел бірлігін сақтаудағы сара жолдарыңызға сәттілік тілейміз!


Кейін қарай