Қазақстан халқы Ассамблеясы

12 Қараша, 2018

1232

Ұйғыр театрының «Астана» драмалық спектаклі Елорда төрінде көрсетілді

12 қараша күні Астана қаласында «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Астана қаласының 20 жылдығына арнап «Астана» публицистикалық драмалық спектаклін көрермендерге тарту етті.

12 қараша күні Астана қаласында «Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Қ. Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Астана қаласының 20 жылдығына арнап «Астана» публицистикалық драмалық спектаклін көрермендерге тарту етті.

Қойылымның авторы және қоюшы-режиссер – театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Мұрат Ахмадиев. Публицистикалық драма авторы жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири.

Спектакль Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабының желісі бойынша қойылды.

Елбасының 1994 жылдың 6 шілдесінде Алматыдан астананы Сарыарқа жеріне ауыстыру туралы Жарлығы дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Мұндай шешім жас мемлекет үшін өте күрделі еді. Жаңа астана жаңа мемлекет үшін, жаңа өмір үшін, ел болашағының кемелденуі үшін жаңалықтың нышаны іспеттес еді.

Барлық қиындықтарға қарамастан, ел астанасы бой түзеп, аз уақытта көркейіп, Елбасының көрегендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берген-ді. Қазірде Астана Еуразия жүрегіне айналғаны мәлім. Әлем Астанаға тамсана көз тігетін дәрежеге жетті.

Аталмыш публицистикалық драма 90 жылдардың орта кезеніндегі астананы ауыстыру туралы шешімнің маңайында өрбіп, сахнада шынайы талас-тартыс сомдалды. Ақырында дұрыс шешім қабылданғаны ешбір адамға күмән туғызбады.

Идея авторы Мұрат Ахмадиев Астананың мерейтойына театрдың атынан қандай сый жасауға болады деген ойдың жетегінде жүріп, Елбасының «Қазақстан жолы» кітабын бір ай бойы оқып, шабыттанғанын айтады.

«Біз әдетте шағын қойылымдармен шектеліп жүретінбіз. Бірақ Астананың 20 жылдығына әсерлі сый тарту еткіміз келді. Міне, өзіңіз көріп тұрғандай, Елбасының қиын-қыстау кезінде Алматыдан астананы ауыстыруда көптеген қарсы пікірлерге жолығады. Дегенмен де Елбасының ойын қолдағандар да көп болды. Мен мұның бәрін кітап арқылы біліп, идеяммен жазушы Ахметжан Аширимен бөлістім. Ол публицистикалық драманы қағаз бетіне түсірді. Ақпан айында дайындықты бастап, маусым айында Алматы қаласында премьерасын жасадық. Бүгін Астана төрінде көрерменге жол тартты», – деді М. Ахмадиев.

Сонымен қатар театр келер жылы 85 жылдық мерейтойын атап өткелі жатыр. Осыған орай М. Ахмадиев: «Театрымыздың техникалық базасы ескіріп кеткен еді. Жалпы ғимаратқа да жөндеу жұмыстары қажет. Биылғы жылы Елбасы қаржы бөлгізіп, театрды жөндеуден өткізіп, техникаларын жаңартуды қолға алып жатырмыз. Келер жылы мерейтойды жоғары деңгейде атап өтсек дейміз. Бәрі жөндеу жұмыстарының аяқталуына байланысты. Мүмкін одан кейінгі жылға шегерерміз. Дегенмен де үлкен дайындықсыз мерейтойды атап өту мүмкін емес», – деді.

Драма авторы Ахметжан Ашири: «Бүгінгі спектакльдің Астанада көрсетіліп жатқаны мен үшін үлкен қуаныш. Өйткені астананың мерекесіне елімнің азаматы ретінде әрі қаламгер ретінде қандай үлес қоссам екен деп ойланған болатынмын. Менің ойыммен режиссер Мұрат Ахмадиевтің ойы бір жерден шығып, осы драма өмірге келді. Елбасының көптеген кітаптарын оқыған едім. Бәрі де тамаша жазылған. Дей тұрғанмен «Қазақстан жолы» кітабы нағыз драмаға арқау болатынына көзім жетті. «Астана» деген атаумен осы туынды жарық көрді. Елбасының идеясын күрделі кезеңде жүзеге асыру – нағыз қаһармандық деп таныдым. Бұл қойылымда Елбасының көрегендігі, данышпандығы сипатталды. Алматыдағы тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы қатысып, оң бағасын берді. Сонымен қатар Асанәлі Әшімов те спектакль көңілінен шыққанын жеткізіп, ыстық ілтипатын білдірді. Осыдан кейін бұл қойылым Астана қауымына да жол тартуы керек деп шештік. Бағасын көрермендер бере жатар. Астана – рухани орталық қой, рухтанып қайтар деген ниеттемін. Біздің де театр ұжымы осы спектакльмен тарихта қалар деген үміттемін», – деп ізгі ниетін білдірді.

Театр актері Әзизжан Искандаров Елбасының рөлін сомдау оңайға түспегенін, көп ізденіп, еңбектенгенін жеткізе отырып, былай деді: «Елбасының рөлінде ойнау қиынға түсті. Алайда өзімді бақытты актермін деп айтқым келеді. Себебі, мұндай тұлғаны сахналау – үлкен бақыт. Алдағы уақыттарда маған Елбасының рөлін сомдау ұсынысы түсіп жатса, бас тартпас едім. Бойымдағы актерлік шеберлігімді барынша көрсететін боламын.

Осы рөлде Елбасының сол кездегі шешімін жүзеге асыруда қалай қиналғанын сезіндім. Нәтижесінде көрікті қала Астананың бүгінін көріп, қоса қуандым. Мұндай сезімдерді бастан кешкеніме дән ризамын».              

Қойылым соңында залдағы көрермен орындарынан тұрып, үлкен қошеметін білдірді. Мұндай ілтипатқа ие болған театр ұжымы қойылым көптің көңілінен шыққанының белгісі деп қабылдады.

Спектакльдің фотогалереясы мына жерде

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Дата события ассамблеи: 12.11.2018

Кейін қарай