Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Тамыз, 2016

879

Әйелдер әлемдегі бейбітшілікті қалайды!

Ақмола облысында бір ай бойы «Ақ орамал» республикалық акциясы аясында 56 іс-шара өткізіліп, оған 5500-дей адам қатысты. 1 миллион 63 мың теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.

Көкшетау қаласында «Ақ орамал» акциясы 2016 жылғы 29 тамызда ақ орамал таққан әйелдер шеруімен басталды. Бұл шеру аймақтың басқа да елді-мекендерінде қатар жүріп жатты. Өздерінің бейбітшілікке деген ұмтылыстарын, балаларының бақытты болашағын қалайтындарын көрсету үшін Тәуелсіздік алаңына 500-ден астам әйел-аналар жиналды.  

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік бастамасын қолдауға арналған митинг ядролық сынақтың құрбаны болғандарды еске алу үнсіздігінен басталды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Қажыкенқызы Жақыпова Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің үндеуін оқып берді. Сөз сөйлегендер Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі жер шарында қауіпсіз әлемді құруға үміттендіретіндігін айтты. Ақын, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Шәмшия Ғабдулхайқызы Айтжанова Отанымыз бен балаларымыздың болашағы үшін барша аналарымызға жауапкершілік жүктелгені туралы жазылған өлеңін оқыды.

Өз сөзінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі, Ақмола облысы поляктар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Суховецкая Людмила Викторовна және «Бари» армян мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Тороян Астгик Думановна ортақ мақсатымыз – Қазақстандағы бейбітшілік жолында өздерінің барлық күш-жігерлерін салатындықтарын атап өтті. Сахна төріне кішкентай бүлдіршіндеріміз шығып, Отан, Елбасы, бейбітшілік туралы өлең жолдарын оқып берген кезде барша әйелдер қауымының жүздері ерекше нұрлана түсті. Аспанға таза әрі пәк көңілді білдіретін ақ түсті шарлар ұшырылды.

Митингке жиналғандар осы күні Ұлы Отан соғысының батырлары, интернационалист-жауынгерлер, Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқандар ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюды өздеріне міндет санады.

«Ақ орамал» республикалық акциясына қатысқандарға арнап мәдениет мекемелері әртүрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, олар - Семей ядролық полигонының жабылуы туралы деректі фильм көрсетілімі, мұражайларға саяхат, кітап көрмелері, ақпараттық сағаттар.

Сондай-ақ осы күні Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері мен көп балалы аналар облыстық перинаталдық орталықта және аудандық орталықтардағы жас аналарға ақ орамал салды.

Акция аясында некелерін қидырған жас жұбайларға да бақыт пен бейбітшілік тілей отыра, ақ орамал сыйға тартылды.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Ақ орамал» республикалық  акциясына қатысқандарға белсенді азаматтық және өмірлік ұстанымдары үшін және Қазақстанның болашағына жауапкершілікпен қарағандары үшін алғысын білдіреді.

Кейін қарай