Қазақстан халқы Ассамблеясы

03 Наурыз, 2023

393

ӘЙЕЛДЕР МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ҚХА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІ БАС ҚОСТЫ

Бүгін елордалық Достық үйінде 8 наурыз –Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҚХА Аналар кеңесінің өңірлік кеңестерінің, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ қатысты.

Атап айтқанда, ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Аналар кеңесі отырысының өткізілуінің ерекше символдық мәнін атап өтті.


«Қазақстандық қоғамда ана мен әйелге деген көзқарас зор құрметке бөленіп, ол әрқашан жоғары отбасылық және әлеуметтік мәртебеге ие болды. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан аналарының халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайту жолындағы нақты жүзеге асырып жатқан еңбектерінің маңыздылығы мен ерекшелігін атап өткім келеді. Бүгін Аналар кеңесі институты аясында облыстық, аудандық, ауылдық елді мекендердегі аналар арасында тығыз байланыс орнатылды. Аналар кеңесінің, жалпы сол қарапайым аналар, әйелдер, апалы-сіңлілі жандардың ұлттық бірлікті қалыптастырып, сақтауға қосқан басты және баға жетпес үлесі деп, осыны айтсақ керек» - деді Л.Прокопенко.

Өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай Мемлекет басшысының Аналар кеңесіне берген тапсырмаларының орындалу барысы және алдағы міндеттер туралы айтып берді.


«Әйел жаратылысынан адамзаттың, ұлттың тәрбиесіне жауапты. Халықаралық әйелдер мерекесін Аналар күні деп те атауға болады. Себебі әйелдер күні – өмірдің бастауы. Аналар ұлтына, тілі мен мәдениетіне қарамастан, адамзаттың жалғасы мен құндылықтарға жауапты», - деді Нәзипа Шанаи.

Жиын барысында ҚХА Аналар кеңесі мен серіктестері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, ҚХА-ның Республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы А.Жүгінісова, сондай-ақ ҚХА-ның Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі Б.Ахатай мен «Темекісіз Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшісі Ж.Садықова арасында келісім жүргізілді.


Отбасы институтын нығайтуға, жастарды рухани-адамгершілік тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Аналар кеңесінің үздік белсенділеріне Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттары табыс етілді.

Іс-шараның екінші бөлімі бейресми форматта өтті. Көктемгі мерекелер қарсаңында отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақ арасында ана мен әке болудың әлеуметтік беделін арттыру мақсатында екі жұптың арасында «Неке қию» рәсімі өткізілді. Сондай-ақ отбасы құрған жастарға «Ақ орамал» дәстүрі түсіндірілді.

Анықтама үшін: бүгінде елімізде 1847 Аналар кеңесі жұмыс істейді, олардың қызметіне 13 мыңға жуық адам жұмылдырылған.

Кейін қарай