Қазақстан халқы Ассамблеясы

20 Қараша, 2020

734

Қызылордада еріктілер жылының қорытынды кездесуі өтті

Қызылорда қаласының Достық үйінде «Еріктілер – ел жанашыры» атты волонтерлер жылының қорытынды кездесуі болып өтті. Оған Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы волонтерлер қозғалысы орталығының жетекшісі Ильдар Гафуров, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және Назарбаев зияткерлік мектебінің волонтерлері қатысты.

Кездесу Назарбаев зияткерлік мектебінің волонтерлерінің орындауында «Қазақ биімен» басталды.

Орталық жетекшісі И. Гафуров «Еріктілік – бұл қоғам үшін, ел үшін адал еңбек. Жақсылық жасау арқылы біз бір-бірімізге жақындай түсеміз, бірігеміз. Яғни, айтпағым, игі істер біздің мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіндей. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекетті нығайту үшін қажет. Бізде осы ізгі бағытты ұстанып, қарекет қылуға әрдайым әзірміз,-деді.

Ал «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының төрайымы, волонтер Алина Новикова «Ерікті болу- ол ел игілігіне қызмет ету деп білемін. Біз өз тарапымыздан мұқтаж жандарды ынталандыру, жігерлендіру бағытында түрлі дәрістер, тренингтер, кездесулер өткізіп келеміз. Осы орайда әрбір бастаманы қолдап, волонтерлер жұмысының желісін жандандыруға атсалысып отырған облыстық Ассамблеяға алғысымды білдіремін, - деді.

Келелі кездесуде орталықтың волонтерлері ой-пікірлерін ортаға салып, алдағы атқарылар жұмыстарын туралы ақылдасты.

«Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Қанат Ақылбеков қиналғанға қол ұшын созып, игі дәстүрді жаңғыртатын жастардың қатары көбейе берсін дей келе, жыл бойы белсенділік танытып, халқымыздың бірлігін бекемдеу жолында игі істер атқарып жүрген волонтерлерге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатын табыстады.

Шара соңында волонтер орталығының белсенділеріне «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Азамат Мукеевтің Алғыс хаты табысталып, естелік сыйлықтар берілді.

Кейін қарай