Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Қаңтар, 2021

815

Қызылордада кибербуллинг бойынша мазмұнды кездесу ұйымдастырылды

Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесе отырып, Достық үйінің концерт залында "Кибербуллинг. Бала болашағына алаңдау" тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырды.

Қазіргі күнгі ең өзекті мәселелердің бірі кибербуллинг тақырыбындағы өрбіген шараға психолог Сымбат Абдрахманова, Назарбаев Зияткерлік мектебінің еріктілері, этнос жастары, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.


Кездесудің модераторы "Қоғамдық келісім" КММ бөлім басшысы Қанат Ақылбеков:

- Кибербуллинг-бұл сандық технологияларды қолдану арқылы қорқыту және қудалау. Ол әлеуметтік желілерде, хабар алмасу қосымшаларында, ойын платформаларында және ұялы телефондарда өтуі мүмкін. Жыл өткен сайын ғаламтор қолданатын балалардың саны артып келеді. Бұл әрине алаңдатпай қоймайды. Қазір жасөспірімдер арасында болып жатқан бұзақылықтың барлығы ғаламтордың әсерінен. Балалар интернетте көргенін өмірде қайталайды. Осы мәселенің өзектілігін ескере отырып, бүгінгі кездесуді ұйымдастырып отырмыз, - деді.

Кибербуллинг балаларға зиянды және ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Осы және басқа да өзекті мәселелер төңірегінде Назарбаев Зияткерлік мектебі «Еріктілер орталығының» белсенді мүшесі Дильназ Сұлтанбекова толықтай тоқталып, қажетті кеңестер берді.

Ал, психолог, «100 Жаңа есім» жобасының жеңімпазы Сымбат Абдрахманова ғаламторға тәуелділіктің қоғамға тигізер әсері жайлы сөз қозғады.

- Кибербуллинг бізге түрлі жолдармен әсер ете алады. Бірақ оны жеңуге болады. Ол үшін адам өз-өзіне сенімді болуы керек. Тіпті отбасындағы ең сенімді қарым-қатынас кезінде ата-аналар кейде балаға қауіп төндіретін қатерді уақытында байқай алмайды және оның алдын-алуды әрдайым білмейді. Сол себепті баладағы мазасыз мінез-құлық, депрессия, мектепке барғысы келмеу – баланың агрессияға ұшырауының ең айқын белгілері екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, егер бала интернетте уақытты өткізуді ұнатса және оны кенеттен тоқтатса, себебін анықтау маңызды, - деді.

Кездесу аясында тұщымды ойлар айтылып, пікір алмасуға ұласты.


Кейін қарай