Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Қазан, 2020

311

Қызылордада қыз балаларға арналған ашық әңгіме алаңы ұйымдастырылды

Қызылорда қаласының Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінде қыз балаларға арналған ашық алаңдағы кездесу өтті. Кездесуге Сыр өңірінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген нәзікжандылар жиналды.

Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры, ашық әңгіме алаңының модераторы Айгүл Мұсабаева болып, мектептің нәтижелі әлеуметтік жобаларын таныстырып, жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Каримова өзі басқарып отырған білім ордасында 6237 студенттің 3521-і қыз бала екендігін, олардың әрқайсысы еңбек етіп, өңіріміздің дамуына барынша үлесін қосып жүргендігіне тоқталып өтті. Ұлттық болмыстың қаймағы бұзылмаған аймақ саналатын Сыр өңірінде орналасқан университеттен шыққан өнерлі де талантты, биязы да ерек арулардың әрқайсысы мақтан тұтарлықтай дей келе, қазіргі таңда оқу ордасы ұлттық болмысты, дәстүрді сақтай отырып, жаңа Қазақстанның азаматтарын қалыптастыру бағытына басым күш салып отырғандығын ортаға салды.


Келесі сөз осы кездесудің ұйытқысы болған «Бойтұмар-Ханым» қоғамдық қорының төрайымы, Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметоваға берілді. «Қазақ әйелі өмірлік ұстанымы мен қайраттылығының арқасында талай тарыққан сәттерді абыроймен бастан өткерді. Қай заманда ұлт тұтқасы бола білді. Халқымыздың мақтан тұтар қыздарының өрлігі мен ерлігін, өмір күресінде шыңдалып, өскендігін өнегелі істерін жинақтап, жүйелей отырып, бүгінімізге үлгі ету – елдігіміздің белгісі. Көкірегі ояу, көзі ашық, елім деген азаматтың бәріне де осы сезім ортақ деп ойлаймын. Асылы, батырлық пен ержүректілік, данагөйлік қазақ әйелдерінің қанына сіңген құдіретті қасиет. Бұл біздің байлығымыз, мақтанышымыз, ұлттық ерекшелігіміз», - деді.

Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева өскелең ұрпақтың өмірлік ұстанымы айқын болса, ондай жас ешуақытта адаспайды дейді. Сол ұстанымды анықтауда жол көрсететін қазақ халқының салт-дәстүрі екендігін атап өтіп, «мақсаттарыңыз мүмкіндіктеріңізден жоғары тұрсын» деген тілегін білдірді.

Бұл кездесуге барлығы 300-ге жуық жас қатысып, онлайн жүйе арқылы өмірлік те, шығармашылық та жолы өнегеге толы ана-әпкелерінің салихалы әңгімелірімен сусындап, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Кездесу нәтижесінде отбасылық мектеп штабы құрылып, кеңес мүшелері келісімге қол қойды. Алдағы уақытта мектеп қабырғасында ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылығы тақырыптарында штаб мүшелерінің ұйымдастыруымен арнайы ашық сабақтар өтеді деп жоспарлануда.

Кейін қарай