Қазақстан халқы Ассамблеясы

16 Қараша, 2020

613

Қызылордада жас аналарды құттықтау акциясы өтті

Қызылорда облыстық Ана мен бала орталығында алғаш босанған аналарды құттықтау акциясы ұйымдастырылып, оған облыстағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова және «Бойтұмар Ханым» қоғамдық қорының төрайымы, облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Рахима Ахметова, Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің директоры Айгүл Мұсабаева, «Қазпошта» Қызылорда облыстық филиалының басшысы Аида Абибуллаева және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері Лайла Пашаева, Манзура Абдугафарова қатысты.


«Ақ орамал» жобасы аясындағы акцияда жас аналардың иығына ақ жаулық жабылып, сәбилеріне жөргектер таратылды. Шара барысында қатысушы қонақтар жас аналармен пікір алмасып, келелі ойларын ортаға салды.

- Аталмыш жоба өңірдің барлық аудандары мен түрлі мекеме ұжымдарында ұйымдастырылып келеді. Оның мақсаты - отбасы мәртебесін көтеру, құндылықтарды дәріптеу. Сіздер де ақ жаулықты ана атанып, қоғамның дамуына барынша үлес қосып келесіздер. Елімізде ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған көптеген іс-шаралар қолға алынып отыр. Мұның бәрі әр шаңырақтың бақыты үшін жасалған қадамдар,- деді Рахима Ахметова.

Өз кезегінде сөз алған Аида Абибуллаева ана капиталын көтеру тұрғысындағы ойымен бөлісіп:

- Аналарымыздың денсаулығымен қатар әлеуметтік әлеуетін де көтеру маңызды. Бұл ретте еліміздің іскер, белсенді нәзік жандылары қоғамға тән мәселелерді саралай отырып, тиісті ұсыныстар жинақтауда. Алдағы уақытта еліміздің демографиясына үлес қосқан жандарды жан-жақты қолдау мәселелерін жоғары мінберлерде талқылауды және нәтиже шығаруды көздеп отырмыз» - деді.

Ал облыстық Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі мүшелерінің атынан Лайла Пашаева тұңғышын дүниеге әкелген аналарды құттықтады. Тағылымы мол жоба аясындағы сый-құрметке бөленген жас аналар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Кейін қарай