Қазақстан халқы Ассамблеясы

01 Наурыз, 2024

136

«Әзербайжандар қауымдастығы» РҚБ төрағасы Абилфас Хамедовтың Алғыс айту күнімен құттықтауы

Ардақты ағайын!

Қалыптасқан өнегелі дәстүр бойынша, біз, көктемнің алғашқы күнінде барша отандастарымызды, бауырларымызды мызғымас бірлік пен ынтымаққа, шынайы бауырластық пен өзара құрметке, ізгілікке һәм берекетке жетелейтін Алғыс айту күні мерекесін атап өтеміз.

Бұл мереке – қуғын-сүргін, нәубет жылдарында ауыр азап шеккен халықтарға дархан да дара болмысымен құшақ жайған, дәм-тұзымен бөлісе отырып тағдыршешті тарихи қолдау көрсеткен қазақ халқына ризашылық білдіру күнімен қатар, еліміздегі тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша азаматтардың, отандастардың өзара бауырластығын, достығы мен бірлігін, ынтымағын бекемдей түсетін, өзара ізет пен құрметтің жарқын үлгісін тек елімізде ғана емес, сонымен қатар күллі әлемге мақтанышпен паш ететін маңызды күн.

Бұл күннің маңызы мен мазмұны, қазіргі таңда айрықша орын алып отыр. Өйткені еліміз, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстанды құру жолында.
Бұл тұста, Президентіміз бүгінгі құттықтауында айтып өткендей: «Осындай сындарлы сәтте елдік мүддені бәрінен биік қойып, ырыс-ынтымағымызды сақтау өте маңызды» болып табылады!

Сондықтан да, бүгінгі бірегей меркеге орай өзім басқаратын «Әзербайжандар қауымдастығы» РҚБ және өз атымнан, Қазақстанымыздың жарқын болашағы мен елдің ынтымағы жолында тынбай еңбектеніп жүрген барша бауырларымызды, Қазақстан Халқы Ассамблеясының барлық мүшелерін шын жүректен құттықтай отырып, Әділетті Қазақстанды құру жолында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен алғысымызды білдіреміз.

Ардақты ағайын, алғыс айту күні құтты болсын!

Абилфас Хамедов
«Әзербайжандар қауымдастығы» РҚБ төрағасы

Кейін қарай