Қазақстан халқы Ассамблеясы

27 Тамыз, 2019

2845

«Жәлелдің жұлдызы» жас әдебиетшілердің жұлдызын жақты

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Кеңес Одағының Батыры, татар ақыны Мұса Жәлел шығармашылығына арналған «Жәлелдің жұлдызы» атты Бірінші Халықаралық әдеби конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.


Қазақстан халықтарының бірлігі мен татулығын, әдебиет пен руханияттың шексіздігі мен тарихи тамырластықтың тереңдігін дәріптеуді мақсат тұтқан аталмыш мүшәйра 2016 жылдан бері өткізіліп келеді.


Алғаш рет ел астанасында қалалық деңгейде өткізілген әдебиет додасы батырдың 110 жылдық мерейтойына арналған болатын. Кейін ұйымдастырушылар оны екі жыл қатарынан республикалық деңгейде өткізіп келген. Осы жылы Мұса Жәлелдің өмірден өткеніне тура 75 жыл толуына орай аталмыш іс-шараға халықаралық статус берілді.


Батыр шығармашылығын дәріптеген әдебиет мүшәйрасына  Қазақстаннан, Ресей Федерациясынан, оның ішінде Татарстаннан 500-ден астам әдебиетсүйер жас қатысты.

Мүшәйра шартына сәйкес, жас авторлар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы елдік пен ерлікті, Мұса Жәлел мен оның қаруластарының батырлығын жырлады. Мұса Жәлел шығармаларын қазақ, түрік, өзбек, орыс, тәжік, ағылшын тілдерінде қайта тірілткендердің де еңбегі жоғары бағаланды. Осы жылы аудармашылар үшін Мұса Жәлелдің таңдамалы өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған Қазақстан журналистер одағының мүшесі Мұрат Әбдіраxманов атындағы жүлде тағайындалғанын да айта кету керек.


Халықаралық мүшәйраның қазылар алқасына Қазақстанның, Татарстанның, Ресейдің, Әзірбайжанның, АҚШ-тың белгілі әдебиет қайраткерлері мен түрік және өзбек этномәдени бірлестіктерінің өкілдері енді.

Мүшәйраға 8-29 жас аралығындағы балалар мен жастар қатысты. Комиссия жеңімпаздарды үш жас деңгейі бойынша анықтады. Қатысушылар мүшәйрадан құр қол қайтпады, ұйымдастырушылар байқауға жіберілген барлық авторлар үшін атаулы дипломдар мен естелік сыйлдықтар үлестірді. Жүлделі орындардан өзге 11 атаулы номинация берілді.   


Аударма бойынша марапатталған ең жас қатысушы Самира Абдугаппарова Шымкент қаласынан арнайы ұстазымен, әжесімен бірге келіпті. 


Абдугаппарова Самира, 10 жаста (Шымкент қаласы):

«Байқау туралы мұғалімім ескертті. Мұса Жәлелдің  өлеңін өзбек тіліне аудардым. 3 сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет мұғалімім Мұса Жәлелдің шығармасын сабақ бағдарламасынан тыс таныстырды. Сол уақыттан бастап батыр ақынның шығармашылығына қызыға бастадым. Кейін мұғалімім ұсыныс жасаған кезде, мен бірден өзім сүйіп оқитын өлеңін өзімнің туған тіліме аудардым». 


Конкурстың «Жәлел жұлдызы» деп аталуы да тегін емес. Көк күмбезіндегі жұлдыздар галактикасында күллі адамзатқа қара түнді тіліп өтіп, жарық сәулесін шашып тұрған Жәлел атты кіші ғаламшар бар. 1972 жылы оның есіміне кіші ғаламшар берілген болатын. Татар ұлтының біртуар ұлы Мұса Жәлелдің артына қалдырған өшпейтін, өлмейтін қолтаңбалы мұрасы да солай, көңілінде сана мен сауат саңылауы бар жанның шамшырағы іспетті.


Мұса Жәлелдің ұлты татар, алайда ол посткеңестік кеңістіктегі тұтас елдің батырына айналған ортақ тарихи тұлға. Соғыс жылдарында неміс тұтқынында болған Жәлелді билік лагерьде жасырын ұйым құрып, көптеген адамдардың азаптан қашып шығуына көмектескеніне қарамастан, опасыздар қатарында қаралайды. Оның жасырын әрекетін әшкерелеген фашистер Жәлелді айуандықпен көпшілік алдында азаптап өлтіреді. Осыдан он екі жылдан кейін ғана батыр есімі өз елінде ақталып, оған Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Мұса Жәлелдің есімінің ақталуына түрмеде отырып жазған «Моабит дәптері» жазбалары себепші болды. Оның қолжазбасын қаруластары мен жақтастары сақтап қалған.


Бұл мүшәйраның ұйымдастырылуына Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қазақстандық татар және башқұрттар конгресі» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Дуслық» Татар білім беру мәдени орталығы мұрындық болды.


Рауан Искалиев

Кейін қарай