Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Қаңтар, 2020

1393

Ж.Түймебаев: «Қазақстан мен Әзірбайжанды тарихи тамырластық байланыстырады»

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Ассамблея Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Әзірбайжанға барды.

Қазақстандықтар Әзірбайжандағы алғашқы жұмыс күнін Баку қаласының таулы аймағындағы Шехидтер аллеясында болып, бауырлас елдің даңқты ұлына құрмет көрсетуден бастады. Жансейіт Қансейітұлы әзірбайжан халқының ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің қабір басына гүл шоқтарын қойды.



Мұнан кейін Ж.Түймебаев Әзірбайжанның ұлттық қауымдастықтарының мүшелерімен кездесті.

Кездесу кезінде әзірбайжандық этностар өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы білуге тырысты. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің бір-бірімен мәдени-гуманитарлық тұрғыда тәжірибе алмасуына мүдделілік білдірді.


Жансейіт Қансейітұлы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңге көтерілгенін және елдер арасындағы ұлтаралық қарым-қатынастың нығайғанын айтты.

«Ассамблеяның басты мақсаты Қазақстанда әлеуметтік және саяси тұрақтылықтың сақталуына, ұлттық саясаттың дұрыс бағытта жүзеге асуына үлес қосу және этносаралық қарым-қатынаста мемлекеттік мекемелер мен азаматтық қоғам арасындағы серіктестіктің тиімділігін арттыру болып табылады», - деді Ассамблея жұмысын таныстырған Жансейіт Түймебаев.


Сондай-ақ, ол этномәдени бірлестіктер жанында 1488 түрлі орталықтардың, үйірмелер мен клубтардың, 138 жастар ұйымдарының жұмыс жасайтынын айтты.

«Қазақстанның эноәлеуметтік саясаты БҰҰ, ЕҚЫҰ секілді өзге де халықаралық беделді ұйымдар тарапынан жоғары бағалауға ие болды. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның қабылдануы оның еліміздің саяси жүйесінің теңқұқылы субъектісі ретінде орнығуына, этносаралық қарым-қатынас саласындағы қызметінің нормативті құқықтық негізде реттелуіне мүмкіндік берді», - деген Жансейіт Қансейітұлы Қазақстанда тұрып жатқан әзірбайжан этносының өкілдерінің әлеуметтік тұрмысы мен әлеуетіне де тоқталып өтті. Қазақстандағы әзірбайжандардың басын қосқан «Тұран» әзірбайжандар Конгресі 2007 жылдан бері қоғам жұмысына белсене араласып келеді.

«Әзірбайжан халқының ұлттық дәстүрі мен мәдениетін, тілін жаңғырту, дамыту мақсатында ел аумағында 32 әзірбайжан этномәдени бірлестігі құрылып, жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы 110 мың этникалық әзірбайжан тұрады», - деді Ж.Түймебаев.

Қазақстандық әзірбайжандардың басым көпшілігі Түркістан облысын қоныстанған. Әзірбайжандар Қазақстанға алғашқы рет Грузия мен Армениядан 1937, 1944-1949 жылдары депортацияланды. Ал 1950-1980 жылдары Қазақстан аумағында мұнай кен орындарының ашылуына байланысты Қазақстанға Әзірбайжаннан жұмыс жасауға келгендерінің ішінен де кейін осында қалып қойғандары көп болды. Депортацияға ұшыраған әзірбайжандықтардың ұрпақтары негізінен Оңтүстік Қазақстан аумағында шоғырланған. Олар әлі күнге дейін ата кәсібінен қол үзбей, ауылшаруашылығымен айналысып келеді.

1980-1990 жылдары таулы Қарабахтағы ұлттық қайшылықтарға байланысты Қазақ жеріне бас сауғалап келуші әзірбайжандардың да қарасы қомақты болды. Бұл қай уақытта да бауырлас елге құшағын айқара ашқан қазақ пен әзірбайжан арасындағы ынтымақтастықты, татулықты арттыра түсті.

Жансейіт Қансейітұлының айтуынша, әзірбайжандар Қазақстанда санының көптігі жағынан оныншы орындағы этнос.

«Қазақстан мен Әзірбайжанды тарихи тамырластық байланыстырады. Біз түбі бір түркіден шыққан бауырлас елміз. Біздің мәдениетіміз де, рухани негіздеріміз де, дәстүріміз де ұқсас. Алдағы уақытта біз ынтымақтастықты жалғастырып, еліміздегі әзірбайжан этникалық топтарының өз туған тілдерін, мәдениетін, дәстүрін дамытуы үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз», - деді Ж.Түймебаев.

Кейін қарай