Ж. Түймебаев: Басты бағыт - "қарапайым заттардың экономикасы" мен жұмыс орындарын құру

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясындағы «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмаларын іске асыру барысы туралы» ҚХА Хатшылығының уәкілетті мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестіктермен кеңейтілген отырысы өтті.

Кеңес жұмысына ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев басты мәселе – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ағымдағы жылғы 29 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІ сессиясында берген тапсырмалардың іске асырылуына тоқталды.

Бүгінде ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы бизнесті дамыту институтына айналып отыр. Ол екі жүзден астам кәсіпорын мен бизнес-бірлестіктерді шоғырландырды. Еліміздің өңірлерінде өкілдіктер құрылып, Нұр-Сұлтан қаласында бірыңғай фронт-кеңсе ашылды.

«Виртуалды алаң форматында бизнес-инкубатор мен импорт алмастыру және кооперация орталығы жұмыс істейді. Жастарға көмек көрсетіп, олардың стартап-жобалары мен бизнес-идеяларын іріктеу үшін Сараптамалық кеңес құрылды, сондай-ақ «Жастар кәсіпкерлігі – жалпыға ортақ инновация» қауымдастығының жас кәсіпкерлер кеңесінің жұмысы ұйымдастырылды. Ендігі Қауымдастық алаңында тұрақты негізде стартап авторларының және әлеуетті инвесторлардың өзара қарым-қатынас орнатып, одан әрі бірлесіп жұмыс істеу мәселелерін талқылау үшін кездесулер өтіп тұрады», – деді Ж. Түймебаев.

Өз белсенділігінің арқасында ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы шағын және орта бизнестің «шоғырландыру нүктесіне» айналды. Қауымдастық құрамына «Жасыл Орман» шаруашылығы және орман өңдеу ұйымдарының қауымдастығы, «Кино және теледидарды қолдау қоры», «Deshti-i-Art-Astana» қолөнершілер альянсы, «Асыл Адам» қоғамдық қоры, «Жасыл» экономика және G-Global дамыту коалициясы; ZHASAMPAZ отандық өндірушілер, «Орман Құрылыс» көгалдандыру, «Жаңа ауыл» салааралық консорциумдары, «КазЛес» және «КазКаучук» компаниялары және т.б. кіреді.

«Қауымдастық – бұл қазақстандық бизнестің қоғамдық және экономикалық сегменті. Ол шағын және орта бизнес саласын біріктіретін елдің әлеуметтік әл-ауқатының локомотиві. Алайда біздің жұмысымыздың басты бағыты қарапайым заттардың экономикасы мен жұмыс орындарын құру болмақ», – деді Хатшылық меңгерушісі.

Оның айтуынша, Қауымдастықтың белсенді жұмысы Елбасының назарынан тыс қалмады. Сол себепті ол ҚХА сессиясында Қауымдастық жұмысына тоқталып, оның әрі қарай дамуына байланысты бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Атап айтқанда, Сыртқы істер министрлігіне ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы желісі бойынша шетелдік инвесторлармен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту; іскерлік байланыстарды дамыту және елге инвестиция тарту үшін ҚХА шетелдік достар клубын құру; ҚХА кәсіпкерлерін шет елдермен екіжақты іскерлік кеңестерге енгізу тапсырылған болса, Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы қызметінің сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау, оның құрамын бизнес-қоғамдастықтың жетекші өкілдерімен күшейту жүктелген.

Естеріңізге сала кетейік, 15 шілде күні Мемлекет басшысының қатысуымен Үкіметте кеңейтілген кеңес өткізілді. Осыған орай Ж. Түймебаев: «Менің ойымша, ол біздің бірлескен жұмысымыз үшін жаңа мүмкіндіктерге қол жеткіздіреді. Мемлекет басшысы «қарапайым заттардың экономикасына» баса назар аудартты. Күні бүгінге дейін жиһаз, тамақ, тоқыма, құрылыс салаларының мүмкіндіктері ашылмаған.

Бұл мақсатқа 600 миллиард теңге қарастырылған, ал барлығы 41 млрд. теңге сомаға 92 жоба мақұлданды. Мемлекеттік қолдаудың 559 миллиард теңгесі сіздердің ұсыныстарыңызды күтуде», – деді ҚХА Төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар ол Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынас орнату керектігін атап өтті.
«Ол үшін келесі жұмыстарды атқару қажет: біріншіден, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығымен жұмыс жөніндегі Палатаның жауапты лауазымды тұлғасын белгілеу; екіншіден, Ассамблея Хатшылығымен келісім бойынша Кәсіпкерлер қауымдастығы қызметінің жекелеген бағыттары бойынша ірі бизнес өкілдерінен куратор-тәлімгерлер институтын енгізу; үшіншіден, «Атамекен» ҰКП өңірлік құрылымдарының ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының өңірлік филиалдарымен өзара қарым-қатынас орнықтыру; төртіншіден, кәсіпкерлер қауымдастығы мүшелерін «Атамекен» ҰКП бизнесті дамытуға жәрдемдесу бағдарламасына тартуды қамтамасыз ету; бесіншіден, практикалық нәтижеге бағдарланған нақты жобаларды пысықтау», – деді Ж. Түймебаев.

Хатшылық меңгерушісі Кәсіпкерлер қауымдастығына Елбасының сессияда берген тапсырмаларына сәйкес жол картасын әзірлеуді, Қауымдастықтың жұмысын республикалық деңгейде ғана жүзеге асырып қоймай, өңірлерде дамытуды және Қауымдастық қызметін БАҚ беттерінде жариялауды тапсырды.

Кеңес қорытындысында бірқатар кәсіпкерлер «Мейірім» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара барысында отандық өндірушілер мен крафт-өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Back to the list