Қазақстан халқы Ассамблеясы

15 Қыркүйек, 2020

920

Ж. Түймебаев: Көпұлтты Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз ету маңызды

Бүгін елордамызда «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл: сын-қатерлер, жетістіктер, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өтті.

Қазіргі этносаясат саласындағы, мәдениет пен жаһандану кезеңінде толеранттылықты дамыту істері жөніндегі халықаралық іс-қимылдың өзекті мәселелерін, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық жұмысы нәтижелері, сондай-ақ, 2025 жылға дейінгі ҚХА жандану концепциясын жүзеге асырудағы перспективаларды талқылаған жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Бас Хатшысының орынбасары, Қырғызстанның халық жазушысы С.Раев, ҚХА Төрағасының орынбасары, «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Ш.Полатов, Ресей халықтарының Ассамблеясы Кеңесінің төрағасы С.Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов, сондай-ақ ҚХА мүшелері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Елшіліктердің, этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Аталған іс-шарада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев ҚХА негізгі қызметін, оның мақсаты мен қалыптастырған жүйесі туралы сөз етті.

- Құрметті жиынға қатысушылар, құрметті шетелдік қонақтар! Бүгінгі біздің конференциямызға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ресей халқы Ассамблеясының, Қырғызстан халқы Ассамблеясының, түрлі елдер елшілігінің өкілдері, сондай-ақ біздің еліміздің шет елдердегі өкілдіктері, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының елордалық белсенділері қатысуда.

Шарамыз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында өткізіліп отыр. Бұл біз үшін үлкен және маңызды кезең. Өйткені көпұлтты мемлекетімізде ұлтаралық ынтымақтастықты нығайту маңызды басымдықтардың біріне айналды. Біріншіден, Қазақстан Республикасының Ата Заңында ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар саласын реттейтін кешенді қағидалар бар. Біздің еліміз алғашқы кезден-ақ мәдениеттердің, тілдердің, халық дәстүрлерінің сан алуандығын тани отырып, азаматтық қауымдастық құру жолын таңдады.

Екіншіден, мемлекетіміз ұлттық саясаттың айқындалған стратегиясын жүзеге асыра отырып, этносаралық қатынастар саласындағы тұрақтылықтың кепілі ретінде әрекет етеді. Бұл орайда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы және басқа құжаттар қабылданды.

Үшіншіден, Елбасымыздың саяси көрегенділігінің арқасында тең құқылы азаматтықтың нақты институционалдық тетіктері жасалды және үнемі жетілдіріліп отырады. Еліміздегі шешуші мәні бар институт – 1995 жылы құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы. Құрылған сәттен бастап ҚХА өз қанатының астында маңызды қоғамдық инфрақұрылымды қалыптастырды және біріктірді.

Төртіншіден, ұлттардың мәдениетін, дәстүр-салты мен тілін дамыту үшін барынша жағдайлар жасалып отыр. Бүгінде бірнеше ұлттық театр, этникалық БАҚ бар. Қазақстандық этностардың мәдениетін, дәстүрін және тілін дамытуға қолдау көрсету үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бөлінеді. Осылайша, Қазақстанда этносаралық келісімді қамтамасыз етудің тиімді саяси-құқықтық және институционалдық-басқару жүйесі қалыптасты, - деді.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанына назар аударып, бейбітшілік пен келісімді нығайту жолында атқарылар жұмыстардың алда екенін айтты.

- ҚХА жұмыс істеген жылдар ішінде көптеген қызықты жобалар іске асырылғанын айтып өткен жөн. Оларды атасақ, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған ҚХА-ның «Болашақ үшін естелік» жобасы халықаралық деңгейде мойындалып, ел ішінде танымал болды. Жобаның басты мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға және оны болашақ ұрпаққа жеткізуге үлес қосу.

Сонымен қатар 2018 жылдан бастап «Қазақтану» ҚХА мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – барша қазақстандықтардың ортақ мәдени коды, жалпы құндылықтары мен ұлттық тарихи санасы негізінде халықтың бірлігін нығайту болып саналады.

Ассамблея ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған консолидация мен интеграцияның бірегей институты болды және солай болып қала береді. Ол бастапқыдан қоғамдық өмірмен біте қайнасып, нақты ұстанымға. Біздің этникалық топтар Ассамблеяның арқасында кез келген мәселені өз этносы тұрғысынан емес, бүкіл мемлекет пен қоғам тұрғысынан қарастыруды үйренді.

Ең бастысы, біздің елде оқшаулану стратегиясын таңдайтын этникалық топтар жоқ. Барлығы өздерін Қазақстан халқының ажырамас бөлігі деп санайды. Осы тұста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстандықтар өздерінің этникалық тегіне қарамай, өздерін біртұтас халық, біртұтас ұлт деп санайды» деген «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатын еске алғанымыз орынды.

Қазақстанда «ұлттық азшылық» деген ұғым жоқ. Біздің этникалық топтарға «диаспора» сөзін қолдану – «істің шынайы жағдайына түбегейлі қайшы келеді».

Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде маңызды саяси және конституциялық тұрақтылықтардың бірі ретінде «бейбітшілік пен келісім» қағидасының маңызы арта түседі. Қазіргі таңда Ассамблеяның қоғамдық-саяси рөлі күрделенуде, бұл Қазақстан халқы интеграциясының барлық бағыттары мен бағыттарын көрсетеді. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Этносаралық қатынастар саласындағы зерттеулер институт қызметінің негізгі мәні болып саналады.

Бұған қоса аймақтық деңгейде басқару жүйесі де жетілдірілуде. Аталған шаралардың барлығы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға арналған. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимылдың негізгі мәнді институттарының бірі әрі бірегейі болып қала береді. Сондықтан бізде ұлттық бірлікті, ынтымақтастық пен бейбітшілікті нығайту жолындағы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бағытының сабақтастығын қамтамасыз етудің барша мәселесі бойынша жауапты жұмыстар алдымызда тұр.

Сөз соңында Жансейіт Түймебаев іс-шараға қатысушыларға, спикерлерге қоғамдық келісім мен ынтымақтастықты нығайту жолында жасап жатқан жұмыстары үшін өз алғысын білдірді.

Кейін қарай