Қазақстан халқы Ассамблеясы

05 Қараша, 2019

1734

Ж.Түймебаев: Мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлесіп әрекет етуінің түбі - берекет!

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Азиядағы өзара сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) ұлттық-мәдени орталықтарының «АӨСШК кеңістігіндегі азаматтық қоғам: жағдайы және даму перспективалары» азаматтық форумы өтті.

Аталмыш шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ж.Түймебаев, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Е.Ашықбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Д.Есин, АӨСШК Хатшылығы атқарушы директорының өкілі Д.Сингх қатысты. Сондай-ақ, форум жұмысына депутаттар, АӨСШК мүше-елдердің елшіліктері мен дипломатиялық корпустарының өкілдері, қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар мен сарапшылар қатысып, пікір қосты. Шара барысында АӨСШК мүше-елдерінің «Азиядағы Сенім мен Ынтымақтастықтың ұлттық көрінісі» фотокөрмесі ұйымдастырылды.


АӨСШК – Азия аумағы бойынша ынтымақтастықты нығайтуға, бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық форум болып табылады.

Мұндай Азия аймақтық форумның шақырылуына алғаш рет 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сесиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашылық еткен болатын. АӨСШК елдерінің ұлттық мәдени орталықтарының форумы 2008 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өтіп келеді. Ассамблеяның Орталық Азия елдерінің мәдениетаралық ынтымақтастығы мен қазақстандық жалпыұлттық бірлік үлгісінің негізінде тәжірибе алмасу алаңына айналғаны да жасырын емес.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайту мен қолдаудың қажеттілігін, оның жалпы мемлекеттік мәселелерді шешуге араласуын қамтамасыз ету туралы тапсырма берген болатын. Осы тұрғыда мемлекет пен қоғам арасындағы диалогты дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен АӨСШК кеңістігіндегі азаматтық қоғам институттарының өзара ықпалдастық тәжірибесі маңызды.

Жалпы АӨСШК-ге Азия аумағында орналасқан 27 ел мүше. Және 8 ел, 5 халықаралық ұйым оның жұмысына бақылаушы ретінде қатысады. Биыл бұл кеңестің құрылғанына 27 жыл толды. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, 2014 жылдың 5 мамырында Ассамблея мен АӨСШК арасында Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылған.


«Кеңес жұмыс істеген жылдары Азия құрлығында сенім мен ынтымақтастықты ілгерілетудің маңызды тетіктерінің бірі екенін толық дәлелдеді», - деді форумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев. «Біріншіден, Қазақстанның бұл бастамасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табысты көпвекторлы саясатының қисынды жалғасы болды. Азиялық векторда, биологтардың тілімен айтқанда, оның өмір сүруінің «табиғи ортасы» қалыптасты», - деген Жансейіт Қансейітұлы, кеңес жұмысында әскери-саяси іс-қимыл, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық қылмыс және адам саудасы, сонымен қатар, экономикалық, экологиялық және адами өлшемдер секілді бес базалық сала қамтылып отырғанын тілге тиек етті.


Сондай-ақ, Ж.Түймебаев, АӨСШК алаңының мүше мемлекеттер үшін бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мүмкіндігі екенін айтты. «Халықаралық құқық принциптері бүкіл әлем бойынша айтарлықтай эрозияға ұшыраса да, Азия тәртіпке, заңдылық пен сенімге ұмтылудың айрықша үлгісін көрсетеді», - деді Ж.Түймебаев. АӨСШК-ның негізінде құрылған келісім алаңында қол жеткізілген ауыз толтырып айтарлық тағы бір нәтиже – 2002 жылы Алматы қаласында өткен Кеңеске мүше мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде Үндістан мен Пәкістан арасында АӨСШК алаңдарында бейбітшілікті сақтау жөніндегі күрделі диалог орнатылған болатын. Мұнан басқа, Сирия мәселелері бойынша өткен Астана процесі, Иранның ядролық бағдарламасын талқылау, Ресей-Түрік қатынасын қалыпқа келтіру – бұл үдерістердің барлығы АӨСШК-нің маңыздылығы мен бірегейлігін көрсетеді.

«АӨСШК-ның маңызды парадигмаларының бірі, оның сенімге негізделуі және диалогқа арқа сүйеуі. Қазақстан үшін сенім мен диалогқа негізделген сыртқы саясат – бұл ішкі саясаттың көрінісі мен жалғасы. Сондықтан, форумның тақырыбы да кездейсоқ таңдалмады. Ол Президент Жодауымен үндесіп, мұнда көтерілген мәселелерді қамтиды. Жолдауда жүктелген міндеттердің бірі –үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру, көппартиялықты, пікір алуандығы мен саяси бәсекелестікті дамыту болып табылады. Ол үшін 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту Тұжырымдамасы әзірленуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі азаматтық қоғам дамуының ең дәлелді мысалы бола алады. Ассамблея бұл қоғамдық бастамалар мен азаматтық қатысуды мемлекеттік қолдаудың бірегей қорытпасы», - деді мемлекет пен азаматтық қоғамның бірлесіп әрекет етуінің түбі берекет екенін айтқан Ж.Қансейітұлы.


Ж.Түймебаев форум талқысына Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі Тұжырымдамасын ұсына отырып, Қазақстанның бұл мәселе төңірегінде АӨСШК-ның қатысушы елдерінің ұсыныс-пікірлерімен санасуға дайын екенін айтты.


«Форум өзін шын мәнінде Азия кеңістігіндегі пайдалы, ықпалды құрылым ретінде дәлелдеді. Жаһандық қауіп-қатерді еңсеруге бір ғана мемлекеттің күші келмейтіні рас. Сондықтан біз бұл мақсаттағы жұмыстарды азаматтық қоғаммен бірлесіп жүзеге асыруымыз керек. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Қазақстанда саяси, экономикалық әлеуметтік түбегейлі реформалар жүргізілді. Адам құқығын сақтауда қай мемлекет болмасын, әлемдік тәжірибеге сүйенетіні анық. Қазақстан адам құқығын сақтау жөніндегі халықаралық ұйымдардың механизмдерін әлі де басшылыққа алып келеді. Соның негізінде азаматтық қоғаммен мемлекеттің бірлестікте жұмыс жасауы жолға қойылған. Әсіресе, жастар мемлекеттік маңызды мәселелерге белсенді түрде атсалысып келеді. Қазақстан - заманауи демократиялы дамушы ел. Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды дамытуды қолдайды. Мұндай кеңес арқылы жұмысты жалғастыру маңызды деп ойлаймыз», - деді жиында сөз сөйлеген Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев.

Азаматтық қоғамды дамыту Тұжырымдамасының жұмыс үлгісін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин таныстырды.


«Біздің еліміз заманауи тенденциямен бір бағытта дамып келеді. Мемлекеттік органдар азаматтық қоғаммен бірлестікте жұмыс жасайды. Азаматтық қоғамның дамуын қолдау бағытында еріктілік пен қайырымдылықты дамытуға, азаматтық бастамаларды сүйемелдеуге басымдық берілуде. Сондай-ақ, азаматтық қоғам мен оның институттарын қолдау мақсатында кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізу көзделген», - деген Данияр Есин Тұжырымдамада басымдық берілген мәселелерге тоқталып өтті.


«Әрине, азаматтық қоғам ғасырлардан бері дамып келе жатқанымен, оған қатысты ортақ түсінік әлі де қалыптасқан жоқ. Азаматтық қоғамды мемлекеттен тәуелсіз, алайда, онымен өзара байланысты әлеуметтік институт ретінде қарастыруға болады. Қырғызстанның заманауи азаматтық қоғам құрылымдарында үкіметтік емес ұйымдар жетекші рөлге ие. Қырғызстанда бүгінгі таңда 10 мыңнан 16 мыңға дейін үкіметтік емес ұйым тіркелген. Алайда, шын мәнінде жұмыс жасайтындардың саны 600-700-ден әрі аспайды. Олардың дені әлеуметтік салада жұмыс жасайды. Олармен бірдей деңгейде мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестер де жұмыс жасауда. Қоғамдық кеңестер мемлекет пен азаматтық қоғамның нәтижелі және конструктивті құралына айналуы тиіс еді. Алайда, олар өз жұмысында бірқатар мәселелермен бетпе-бет келді. Бұл мәселелердің шешімін табуы бір ғана қоғамнан емес, мемлекеттік органдардың да жұмыстарына байланысты. Қырғызстан қоғамы көппартиялыққа негізделген. Партиялар мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы құрылымға айналды. 90-шы жылдардың басында Қырғызстанда 18 партия тіркелген болса, 2010 жылғы Парламент сайлауының алдында 100-ден аса партия тіркеуден өтті. Бүгінгі таңда Қырғызстанда ресми түрде 243 партия тіркелді. Алайда, партиялардың санының көптігі сайлау науқанымен байланысты екенін мойындауымыз керек», - деді Қазақстандағы Қырғызстан Елшісі Жээнбек Кулубаев.


АӨСШК Хатшылығының атқарушы директорының өкілі Сингх Дармендра, Қазақстандағы Корей Елшісі Ким Дэсик, Пәкістан Елшісі Имтиаз Ахмад Кази сөз сөйлеп, Тұжырымдаманы талқылауға, азаматтық қоғамды дамытуға байланысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Форум жұмысын қорытыныдылаған Ж.Түймебаев Азаматтық қоғамның АӨСШК кеңістігінде дамудың басты драйверлерінің біріне айналатындығына сенімділік білдірді.

Сондай-ақ, форум аясында «Азаматтық қоғамды дамытудың келешегі», «Жастар және азаматтық қоғамдағы байланыс механизмдері» панельді секциялары жұмыс жасады.



Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.



Кейін қарай