Қазақстан халқы Ассамблеясы

22 Қыркүйек, 2020

249

Ж. Түймебаев: «Әралуандықтағы бірлік» қағидаты - Қазақстанның ішкі саясатының мызғымас іргетасы

22 қыркүйекте Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Мәскеу қаласында өткен «Еуразияның достық көпірлері» атты Достық үйлерінің халықаралық форумына қатысты.

Форумның қатысушыларымен амандаса отырып, ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев: «Қазіргі заманғы еуразияшылдық – бұл достық пен ынтымақтастық тұрғысында ұғынуды қажет ететін жаңа мәдени-тарихи құбылыс.

Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылғы 29 наурызда «Мемлекеттердің Еуразиялық одағын қалыптастыру туралы» жобасын ұсынуы кездейсоқтық емес.

Бұл түбегейлі ойластырылған, нақты тұжырымдалған және негізделген жобаның идеясы мен рухы бүкіл Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің негізін қалады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін еске салғым келеді: «Біз бір-бірімізге көмектеспей, тарихи тұрғыдан дами алмаймыз.

Экономикалардың, тарихи-мәдени дәстүрлердің ортақтығы және менталитет – біздің қарым-қатынастарымызды нығайтатын негізгі факторлар».

Бүгінгі таңда бұл идея планетаның ең ірі интеграциялық моделінің маңызды контурына ие болды.

Толыққанды халықаралық ұйым – Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ Еуразия халықтарын барынша жақындастыру үшін негіз болды», - деді.

Сөзін жалғастыра отырып, ҚХА Төрағасының орынбасары Қазақстан үшін бүгінгі іс-шара – Елбасының татулық пен келісім саясатының шығармашылық дамуы және сыртқы саясатта көрініс тапқан жалғасы екендігін атап өтті:

«Бұл 30 жылға жуық Қазақстанның ішкі саясатының мызғымас іргетасы болып табылатын интеграция саясатының жалғасы және «Әралуандықтағы бірлік» қағидатының іске асырылуы.

Оның негізінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің үлгісі жасалды және оның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталады.

Ол биыл өзінің 25 жылдығын атап өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қызметі арқылы іске асырылды.

Саяси және қоғамдық институт ретінде Ассамблея инклюзивті қоғамдық-саяси құрылымға ие.

Оны Елбасының өзі басқарады, оның 9 депутаттың атынан парламенттік өкілдігі бар және елдегі президенттік және билік вертикалі институтының ажырамас бөлігіне айналды.

Өзінің ғылыми-сарапшылық кеңесі, еліміздің ірі жоғары оқу орындарындағы ҚХА кафедралары, Аналар кеңесі, Қоғамдық келісім кеңесі, Журналистер клубы, Медиация желісі сияқты Ассамблея институттарының тізімін жалғастыра беруге болады.

Олар қоғамның әлеуметтік құрылымына дендеп, оны сенім мен келісім қағидаттарына негіздейді.

Біздің моделімізді дамыту үшін маңызды шарттардың бірі Достық үйлері институты болды, олар еліміздің барлық облыстарында ғана емес, көпэтносты аудандар мен қалаларда да жұмыс істейді. Бүгінде олардың саны қырықтан асады.

Достық үйлері – этномәдени бірлестіктердің кеңселері орналасқан жай ғана ғимарат емес.

Бұл көпфункционалды азаматтық ресурстық орталықтар, онда жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған – лингафон кабинеттері, концерт және би залдары, кинозалдар, дыбыс жазу студиялары, костюмер, конференц-залдар. Штаттық концертмейстерлер, музыканттар, балетмейстерлер, тіл оқытушылары жұмыс істейді.

Мұның бәрі этномәдени бірлестіктердің иелігіне мүлдем тегін беріледі.

Достық үйлерінің базасында этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мыңдаған азаматтық жобалар, лекторийлер, шығармашылық фестивальдер, көрмелер және т.б. іске асырды. Олардың тақырыбы – ұлттық бірлік пен қазақстандық бірегейлікті нығайту, Қазақстан этностарының дәстүрлерінің, тілдері мен мәдениеттерінің қазақстандық әралуандығын сақтау және дамыту.

Бұл жұмыстың тиімді болуы үшін Достық үйлері директорларының әдістемелік кеңесі жұмыс істейді.

Достық үйлерінің ғимараттарында 902 этномәдени бірлестік, оның ішінде 28 республикалық; 195 жексенбілік тілдерді оқыту мектебі, 248 тілдік топ; 303 шығармашылық ұжым; Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының 160 жастар ұйымы; Ассамблеяның 1411 медиаторлары, сондай-ақ медиация кабинеттері орналасқан.

Достық үйлерінің жұмысына тұрақты түрде 438 мың адам тартылған».

Сөзін аяқтай келе, Жансейіт Түймебаев форум жұмысына сәттілік тіледі: «Миллиондаған еуразиялық этностар өкілдері Қазақстанда, жүздеген мың қазақтар бүкіл Еуразия кеңістігінде өмір сүреді. Олардың әрқайсысы - халықтар арасындағы достықтың жанды көпірі. Ассамблеяның, Достық үйлерінің есіктері ынтымақтастық пен достық үшін әрқашан ашық. Біздің мақсатымыз бір, біз оған бірге жетеміз!».

Кейін қарай