Қазақстан халқы Ассамблеясы

28 Шілде, 2022

926

Жаңа Қазақстандағы жастардың бейнесі

Жастардың құндылық ұстанымдарын зерттеудің ерекше маңызы бар, өйткені құндылықтар жеке тұлғаның белсенді позициясын дамытуға, өзін-өзі анықтауға және жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға негіз болады. Елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай көбінесе жастардың құндылықтары мен мүддесіне байланысты екенін естен шығармауымыз керек.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 14–29 жас аралығындағы жастар саны 3 739 802 адам болып тұр, бұл ретте жастар саны 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 25 мың адамға азайған. Тұтастай алғанда, жастар санының азаюы – кейінгі 10–12 жылда байқалып келе жатқан үрдіс, жастар саны 2009 жылы 4,5 миллионнан асып, ең жоғары мәнге жеткеннен кейін азая бастаған. Дегенмен, қазіргі уақытта жастар саны Қазақстан халқының жалпы үлесінде 20 %-дан асады. Жастардың әлеуеті мен қоғамдық процесстерді жасаудағы қозғаушы күшін ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі арта түсетіні анық. Осы орайда, «Жастар ғылыми- зерттеу орталығы» жыл сайын дайындайтын «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасының кейбір нәтижелерін жастардың көзқарастары мен қызығушылықтарын анықтауда негізге алдым.

Жас қазақстандықтардың құндылықтар иерархиясының өзіндік ерекшелігі бар. Бірінші кезекте, жастардың ба­сым бөлігі (82,5%) дәстүрлі құндылықтарға, атап айтқанда отбасына басымдық береді. Екін­ші орында денсаулық (45,6%), үшінші орында достық тұр (23,1%). Әр бесінші жас қазақстан­дық (20,7%) басты құндылық ретінде материалдық қамсыз өмірді атап өтеді.

Қазіргі қоғамның дамуы, ондағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігі өкілдеріне алу­ан түрлі бірегейлік тән жастар ортасында болып жатқан процестерге ерекше назар аударуды талап етеді. Назар аударуды талап ететін осындай маңызды аспектілердің бірі – саяси белсенділік және жастардың саяси өмірдегі оқиғаларға мүдделілік деңгейі. Жас қазақстандықтардың қоғамдық-саяси көңіл-күйі саяси оқиғаларға мүдделі болу дәрежесі, сайлаушы ретіндегі көзқарасы, саяси партиялар мен жастар ұйымда­рына формалды қатысуы тұрғысынан қарастырылады. Зерттеу қорытындыларына сәйкес, ауылда тұратын жастар қалалардағы құр­дастарына қарағанда сай­лауға қатысуға дайын екенін жиірек айтады (айырмашылық >8%). Сайлау процесінде жастардың келесідей санат­тары белсенді: мемлекеттік қызметкерлер (60,4%), ауыл шаруашылығы жұмысшыла­ры (52,4%), ғылым, мәдени­ет, денсаулық сақтау, білім беру саласындағы мамандар (54,2%). Жалпы алғанда, соңғы уақытта жастар арасында сайлауға қатыспай, абсентеизмнің белең алуы жиі кездесетін болды.


Азаматтық қоғам қалыптасуының маңызды факторы – зерттелетін халық санатының жастар қоғамдық ұйымдары қызметіне қатысуы болып табылады. Әрине, елімізде жастар ұйымдары баршылық, алайда олардың жұмысына жастардың қатысу деңгейі төмен көрсеткішке ие. Бұл ретте осы мәселедегі жас ерекшелігі мыналардан көрінеді: кіші жас тобындағы (14–18 жас) респонденттер өзінің хабардар болмауына байланысты жастар ұйымдарының қызметіне қатыспайтынын атап өтті – 39,7%. Жастардың орта және үлкен топтары көбінесе қызықпайтынын және уақыты жоғын алға тартады.

Қазіргі жастардың трендтері қоғамда болып жатқан әлеуметтік процесстермен және жас ұрпақтың құндылық көзқарастарымен тығыз байланысты. Денсаулық құндылығы мен салауатты өмір салтын ұстану сынды тренд тоғысып жатқанын, жоғары ұтқырлық пен динамикаға толы өмір салты адамдардың түрлі тобымен өзара әрекеттестікті кеңейтуді көздейтіндіктен, достық құндылығымен өзара байланысты екенін де ескеруіміз керек.

Сонымен қатар, қазір жастар дәстүрлі жұмыс форматына қарағанда фрилансқа басымдық беруде. Бұл өз кезегінде қалыпты шеңберден тыс, жаңаша ойлайтын, жаһандану дәуірі жастарының құндылық бағдарлары біртіндеп өзгеруімен және ары қарай постматериалистік құндылықтарға (өзін-өзі көрсету, өзін-өзі дамыту, еркіндік, теңдік құндылықтары) өтуімен байланысты болуы мүмкін.

Тұтастай алғанда, жастардың барлық жас тобына тән трендтер жоғары ұтқырлыққа және цифрлы технологияларға бет бұруға байланысты деп қорытынды жасауға толық негіз бар. Осы орайда жаңа мемлекетті құрып, оның егемендігін сақтайтын жастардың бейнесі қандай, оларға қандай қасиеттер керек деген орынды сұрақтар туындайды. Осындан бірнеше апта бұрын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Amanat партиясы жастар қанатының кезектен тыс съезінде Жаңа Қазақстан жастары үшін негізгі ұстаным болатын 3 басымдықты атап, бұл сұрақтың жауабын берген болатын. Біріншісі- білімге деген құштарлық, екіншісі- еңбексүйгіштік, үшіншісі- патриотизм. Осы үш негізгі ұстанымның арқасында Президент мемлекетіміз халқының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы артқан бәсекеге қабілетті ел болатынына сенім білдірді.


Әрбір азамат әділетті қоғамда, саяси сауатты ортада өскенді қалайтыны дау тудырмайды. Бүгінде жастар елдің ертеңіне үлкен сеніммен қарай отырып, білім, ғылым саласындағы ашықтыққа үміт артады. Жаңа Қазақстан жалаң ұрандармен емес, жоспарларға сәйкес жасалатын жүйелі жұмыстың нәтижесі болуы керек. Жаңа Қазақстанды жасаушы буын осыдан бір ғасыр бұрын мемлекетке қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен, өзектілігін әлі де болса жоғалтпаған Жүсіпбек Аймауытұлының сөзін назардан шығармауы керек: «Оқығандар! Бұл уақыт – жан тыныштық іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр»...

«Қоғамдық келісім» РММ Этномәдени бірлестіктермен

өзара қатынас жөніндегі басқарманың сарапшысы

Елемес Е.К.

Кейін қарай