Қазақстан халқы Ассамблеясы

18 Маусым, 2019

2884

Жансейіт Түймебаев:  «Қоғамдық сенім» ұлттық кеңесі құрылмақ

Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Парламенті Мәжілісіндегі депутаттық тобының отырысы өтті.

Күн тәртібінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобының ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасынан және сайланған ҚР Президентінің лауазымына кірісуінің ресми рәсімінде сөйлеген сөздерінен туындайтын міндеттері туралы» мәселе қаралды.

Негізгі баяндаманы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев жасады.

IMG_6606.jpg

Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобы ел бірлігін нығайту, ұлтаралық тұрақтылықты сақтау, қоғамдағы өзара келісім мен халықтар достығын арттыру бағытында жан-жақты жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді.

«Өткен президенттік сайлаудың сәтті өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық құрылымдары, соның ішінде этномәдени бірлестіктер, Ассамблеяның Мәжілістегі депутаттары белсене үлес қосты», – деді Ж. Түймебаев.

IMG_6620.jpg

Баршаға мәлім болғандай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани дамуына қатысты стратегиялық басымдықтар мен жоспарлы міндеттер белгіленген.

Осыған сәйкес Хатшылық меңгерушісі: «Этномәдени орталықтар Қ.К. Тоқаевтың кандидатурасын қолдау мақсатында «Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім!» жалпы республикалық электоралдық акциясын жүзеге асырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы «Nur Otan» партиясының республикалық және өңірлік қоғамдық штабтарына өз қатарынан екі жүзге жуық беделді тұлғаларын кандидаттың сенімді өкілі ретінде жіберді. Ассамблея бұдан бөлек ел бірлігін нығайтуға бағытталған үш жүзге жуық іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырды», – деді.

Сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасында ел бірлігін нығайту, ұлтаралық татулықты сақтау мақсаты айрықша орын алатынын айта кету жөн болар. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде: «Халқымыздың татулығы, ынтымағы, бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз» деді.

ҚХА Төрағасының орынбасары Мемлекет басшысының алға қойған мақсат-міндеттеріне тоқталып, парламенттік желі бойынша заң шығару қызметінің үлкен блогы тұрғанын атап өтті.

Алғы қадамдардың бірі – «Қоғамдық сенім» ұлттық кеңесі құрылмақ. Бұл мәселе бойынша ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХА-ның барлық құрылымдарына, соның ішінде депутаттарға өз ұсыныстарын дайындау тапсырылған.

«Депутаттарды осы мәселені мұқият зерделеп, өз ұсыныстарын беруді сұраймын. Оларды жұмыс тәртібінде беруге болады немесе біз кез келген уақытта кездесіп, оларды талқылай аламыз», – деді Хатшылық меңгерушісі.

Сонымен қатар Ж. Түймебаев ҚХА-ның әлеуметтік жұмыс векторын дамыту керектігіне, бұл жұмыс Кәсіпкерлер қауымдастығы тарапынан жүзеге асатындығын және «Президенттік кадрлық резерв» қалыптастыру үдересі бойынша ҚХА жастары басты назарда болатындығына тоқталды.

«Республикалық этномәдени бірлестіктерде жастармен жұмыс істеу бірінші орында болуы тиіс. Жас көшбасшыларды қалыптастырып, оларға қолдау көрсету қажет», – дей келе, Ж. Түймебаев депутаттық топ мүшелеріне бұл мәселені қатаң бақылауға алуларын сұрады.

Хатшылық меңгерушісі сонымен қатар ҚХА-ның XXVII сессиясындағы Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында депутаттық топтың әлеуетін белсенді пайдалану мақсатында өзге мемлекеттермен парламентаралық қарым-қатынас орнықтыру керектігін атап өтті. Келер жылдың басты оқиғасы – ҚХА-ның құрылғанына 25 жыл толады және ҚР Конституциясына 25 жыл.

«Елбасы атап өткендей, бұл даталар біз үшін маңызды, сол себепті біз барлығына бұл күнге қандай жетістікпен келіп жеткенімізді көрсетуіміз керек. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізілуде, тиісті іс-шаралар жоспары әзірленетін болады», – деді спикер.

Сессияның қорытынды шешімі бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жинақтауға ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін мерзім бекітілген.

Баяндама барысында Ж. Түймебаев маңызды мәселе – Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық картасының өзгеруіне тоқталды.

«Түрлі этникалық топтар арасында саналуан бағыттағы үдеріс байқалады. Жекелеген топтар арасында ұлтшылдықтың жақтастары бар. Бұл жағдайда Ассамблея жұмысының жаңа тәсілдері қажет. Депутаттарға бұл мәселелер туралы ойланып, өз ұсыныстарын беру сұралады», – деді ол.

Елбасының жеке бастамасы бойынша құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы біріктіру мен ықпалдастықтың бірегей институты және солай болып қала береді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың ұлықтау рәсімінде қойылған маңызды міндеттер жүзден астам ұлттың басын біріктіріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына айрықша жауап жүктейді.

Отырыста ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Альберт Рау, Бейбіт Мамраев, Магеррам Магеррамов, Наталья Жұмаділдаева, Шаймардан Нұрымов сөз сөйледі.

IMG_6683.jpg

Жиын қорытындысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Президент Қ.К. Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында және ұлықтау рәсімінде айтылған бастамаларын ілгерілетуге және түсіндіруге белсенді қатысу қажеттігіне ҚХА депутаттық тобы мүшелерінің назарын аударды.

IMG_6700.jpg

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Кейін қарай