Қазақстан халқы Ассамблеясы

04 Қыркүйек, 2024

71

Жетісу облысында «Мемлекеттік тіл-достықтың алтын көпірі» облыстық байқауы өтті

Талдықорған қаласындағы Достық үйінде «Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл-достықтың алтын көпірі» атты облыстық байқауы өтті. Байқауға Жетісу облысының аудандары мен қалаларынан 18-30 жас аралығындағы түрлі этнос жастарынан 9 өнерпаз қатысты.

Бұл шара түрлі этнос өкілдерін мемлекеттік тілді оқуға тарту мақсатында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерінің қазақ тілін оқыту саласындағы жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталды.

Төрт кезеңдік доданың І кезеңінде қатысушылар «Жақсы адам - елдің ырысы. Жақсы жер - жанның тынысы» тақырыбында өздерін таныстырды. «Өнерлі өрге жүзер» атты ІІ кезеңі өнер көрсету сайысына ұласты. «Тіл – сөздің мәйегі» тақырыбындағы түрлі сұрақтарға жауап беру сыны қызықты өтті. Соңғы айналымда «Еңбегі көптің, өнбегі көп» қатысушының таңдауы бойынша белгілі қазақ ақындарының кез келген шығармасы жатқа айтылды.

Байқаудың қорытындысы бойынша оза шауып, алғырлық танытқан ақсулық Мухамедгариев Нияз бас жүлдеге ие болды. Қазақ тілінің майын тамызып, өнерімен ерекше көзге түскен ақсулық Ушакова Вера І орынды қанжығалады. Алакөл ауданынан қатысқан Ташибаева Мадина ІІ орын, Қаратал ауданынан бақ сынаған Важитова Амина ІІІ орыннан көрінді.

Қатысушыларға сыйлықтар және дипломдар берілді.


Кейін қарай