Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қараша, 2021

554

Жезқазғанда «Полиэтникалық Қазақстан: ұлттық бірліктің қалыптасуы жағдайындағы этномәдени генезис» тақырыбында кездесу болды

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қарағанды облысының Жезқазған қаласында ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, этномәдени бірлестіктердің және жастар өкілдерінің қатысуымен «Полиэтникалық Қазақстан: ұлттық бірліктің қалыптасуы жағдайындағы этномәдени генезис» тақырыбында кездесу өтті.


Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілді. Мақсаты -азаматтарды тарихи-мәдени синтез жағдайында қазақстандық қоғамның құндылықтарына тарту, тәуелсіз, біртұтас мемлекетіміздің басты құндылығы - бірлігімізді сақтаудың маңыздылығын насихаттау, жас­тарға және олардың жобаларына белсенді қол­дау көрсету. Кездесу барысында аталған тақырыпқа қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі және бұл саладағы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың орны жайында ой қозғалды. Сондай ақ, мемлекеттік тіл – қарым-қатынас құралы ретінде көпэтносты Қазақстан халқын біріктіруші күш болғандықтан, еліміздегі барлық этностың мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталған жобалары да қарастырылды.

Іс-шараның модераторы ретінде облыстың ішкі саясат басқарма басшысы Ерлан Құсайын ҚХА ХХІХ сессиясының шешімдеріне тоқталып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған бес қағидаттарын ерекше атап өтті. Аталған қағидаттар қоғам дамуының қазіргі кезеңінде келісім мен бірлікті қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясатты айқындайды.


Кездесу спикерлері ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрайымы Айгүл Сәдуақасова, ҚХА мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары, білім беру ісінің құрметті қызметкері Бекзат Алтынбеков, Қарағанды облысы әкімі аппаратының ұлтаралық қатынастар бойынша бас инспекторы Гүлфайруз Рымбекова, Нұр-Сұлтан қаласы Өзбек этномәдени орталығының төрағасы, кәсіби медиатор Шерзод Пулатов, Қарағанды облысы ҚХА Ғылыми-сарапшылық тобының төрағасы, профессор Вилен Молотов-Лучанский, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық жастар ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Дарын Әбілжанов қатысты.

Арнайы шарада Тимур Жұмырбаев аймақтың қоғам белсенділеріне Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың алғыс хаттарын тарту етті.

Іс-шара Жезқазған қаласының студент жастарының кездесулермен жалғасын тапты. Атап айтқанда, О. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, гуманитарлық колледж, бизнес және көлік колледж студенттерімен оффлайн режимінде тағылымды диалог болды. Одан әрі кездесуге қатысушылар «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне жол тартты.

Осындай кездесу Сәтбаев қаласының активімен де өтті. «Қоғамдық келісім» КММ директоры Әйгерім Исбекова, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Ләззат Қожахмет, 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасына қатысушы буын өкілдері, Тәуелсіздік құрдастары және жастар ұйымының мүшелері Вида Грейчуте мен Александр Урмашов сәтбаевтықтармен өзгерістерге толы кезеңде жастар бойында патриотизм сезімін күшейту, өскелең ұрпақтың ел дамуына қосар үлесін арттырып, жақсылыққа жұмылдыратын істер мен ұлттар ынтымақтастығында ұйытқы, мемлекет тұтастығына кепіл болатын жасампаздығын қалыптастыру жайлы сұхбаттасты.

Кейін қарай