Қазақстан халқы Ассамблеясы

«Шаңырақ» шығармашылық байқауы

ЭТНОЖУРНАЛИСТИКА САЛАСЫНДАҒЫ «ШАҢЫРАҚ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ

ЕРЕЖЕСІ

1.Жалпы ережелер

1.1. Этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауын (бұдан әрі – Байқау) өткізуге арналған осы Ереже 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 12 мамырдағы №146 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – «Қоғамдық келісім» РММ) Ережесіне сәйкес әзірленді. 

1.2. Байқаудың басшылығы:

1) Байқаудың құрылтайшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі – Құрылтайшы);

2) Байқаудың ұйымдастырушысы «Қоғамдық келісім» РММ (бұдан әрі – Ұйымдастырушы).

1.3. Осы Ереже Байқаудың өткізілу тәртібін және жарияланымдарды/жобаларды іріктеу өлшемдерін айқындайды.

2. Байқаудың мақсаты және міндеттері

2.1. Байқаудың мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жариялауға, Қазақстандағы қоғамдық келісім мен бірлікті насихаттауға үлестерін қосқан журналистерді, блогерлерді, сарапшыларды және жеке авторларды ынталандыру арқылы этносаралық қатынастар саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстың, отандық этножурналистиканың дамуына ықпал ету.

2.2. Байқаудың міндеттері:

- этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнын ашатын, мәдениетаралық диалогты дамытуға ықпал ететін бағдарламалар мен материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында және ақпараттық кеңістікте насихаттау;

- қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік тақырыбын жария етуде қазақстандық БАҚ-тың рөлі мен жауапкершілігін арттыру;

- жеке тұлғалардың мысалдары арқылы елге адал қызмет етуді дәріптеу;

- көпэтносты Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін ақпараттық кеңістікте насихаттау;

- мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту;

- БАҚ-та және ақпараттық кеңістікте қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелеріне арналған журналистік материалдардың сапасын арттыру.

3. Байқауға қатысушылар

3.1. Байқауға алдыңғы жылғы Байқаудың жүлдегері болмаған журналистер, блогерлер, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, сарапшылар, Астана, Алматы, Шымкент ққ., облыстардың «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері және жеке авторлар қатыса алады.

4. Байқау басшылығы

4.1. Байқау құрылтайшысы Байқауға жалпы басшылықты жүзеге асырады.           

4.2. Ұйымдастырушы:

- осы Ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

- қазылар алқасын құрады және оның құрамын Құрылтайшымен келісу арқылы бекітеді;

- байқаудың барлық рәсімдері мен оның өткізілу тәртібін айқындайды және  байқау жеңімпаздарын марапаттауды қамтамасыз етеді;

- байқау қорытындыларын бекітеді;

- www.assembly.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарда Байқаудың жариялануы туралы ақпарат орналастырады, Байқаудың қорытындылары туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етеді.

4.3. Байқаудың жеңімпазын анықтау мақсатында Ұйымдастырушының қатысушылардан қосымша ақпарат сұратуға құқығы бар.

4.4. Байқау жеңімпаздарын қазылар алқасы айқындайды. Байқаудың қорытындылары Қазылар алқасы отырысының хаттамасымен бекітіледі.

5. Байқауды өткізу тәртібі мен мерзімі

5.1. Байқауға мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған бұқаралық ақпарат құралдарында,  оның  ішінде,  этномәдени бірлестіктердің бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде, теле-, радио бағдарламаларда  2023 жылғы қаңтар айынан бастап 15 қазанға дейін жарияланған материалдар қабылданады.

5.2. Байқау келесі номинациялар бойынша өткізіледі:

- қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің мәнін ашуға арналған үздік аналитикалық материал;

- Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен жобаларын ашатын үздік жоба (бейнежоба, мақалалар);

- Қазақстан халқының мәдениеттерін, әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін өзара байыту туралы ең бірегей жоба (бейне, мақалалар);

- жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған үздік материал;

- этникалық топтар арасында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге арналған үздік материал;

- этностарды интеграциялауға және жалпыазаматтық құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік желідегі үздік жоба;

- елдегі қоғамдық келісім мен бірлікті насихаттауға бағытталған үздік подкаст;

- этносаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған ең үздік әлеуметтік маңызы бар жоба.

5.3. Республикалық Байқауға қатысу үшін қатысушылар өтінім түпнұсқасын Ұйымдастырушыға пошта арқылы (немесе электрондық түрдегі құжаттардың толық пакетін baspasoz@qkelisim.kz электрондық поштаға «Шаңырақ» байқауына» атауымен) Астана қ., Бейбітшілік көшесі, 11 мекенжайына 2023 жылғы 1 мен 31 қазан аралығына дейін жолдауы тиіс.

5.4. Байқаудың қорытындысы және үздік жұмыстары/жобалары үшін жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2023 жылдың қараша айында өтеді.

5.5. Байқауға тапсырылған өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін немесе Байқау талаптарына сәйкес келмейтін өтінімдер қарастырылмайды.

5.6. Байқауға жіберілген материалдар рецензияланбайды, қайтарылмайды.

6. Байқаудың іріктеу критерийлері.

6.1. Материалдың байқау тақырыбына, мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігі.

6.2. Тақырыптың  толық ашылуы.

6.3. Автордың шығармашылық көзқарасы, материал беру ерекшелігі.

6.4. Материалдың жаңалығы мен өзектілігі, объективтілігі мен шынайылығы.

6.5. Автор көтерген мәселелердің қоғамдық маңызы.

6.6. Этносаралық қатынастар саласындағы терминологияны дұрыс қолдану.

7. Байқаудың өтінімді рәсімдеу талаптары.

7.1.  Әр қатысушы 1 (бір) өтінім тапсыра алады. Байқауға қатысу үшін бір өтініммен берілетін материал саны шектелмейді.

7.2. Байқауға қатысуға өтінім осы Ережеде көзделген талаптар мен шарттарға қатысушының келісімін білдіру нысаны болып табылады.

7.3. Байқауға қатысу үшін өтінімнің мазмұны бойынша мыналар болуы тиіс:

- осы Ереженің 1-қосымшасында берілген нұсқаулыққа сәйкес үміткердің толтырылған өтінімі;

- өтінімнің байқау талаптарына сәйкестігін растайтын Ұйымдастырушы тарапынан қосымша сұралған құжаттары.

7.4. Қысқа ақпараттық сипаттағы материалдар (пресс-релиз, баспасөз хабарламалары, жаңалық сюжеттері және т.б.) байқауға қабылданбайды.

7.5. Конкурстық іріктеу критерийлеріне немесе конкурстық өтінімді беру талаптарына сәйкес келмейтін өтінімдер/материалдар қарастыруға қабылданбайды.

Байланыс телефондары: + 7 7172 75 12 23, 87053014978

E-mail: baspasoz@qkelisim.kz

Ұйымдастырушының мекенжайы: Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 11.

Қосымша №1

 «Шаңырақ» шығармашылық байқауына қатысу үшін

ӨТІНІМ

1. Қатысушы туралы мәліметтер:

*мекен-жайы;

* аты-жөні;

* байланыс телефоны;

* жұмыс орны; лауазымы.

2. Өтінімге материалдар/жұмыстар/жобалар тізімі (БАҚ, әлеуметтік желілерде) сілтемелерімен қоса қосымша берілуі тиіс.

3. Шығармашылық материалдарының, жарияланымдарының түрлері/форматтары:

* баспа басылымдарында жарияланған (немесе сканерленген) материалдардың көшірмелері, сілтемелерімен қоса;

* интернет-ресурстардың парақшаларының басып шығарылған скриншоттары;

* теле-радиобағдарламалардың DVD, CD дисктерге жазылған нұсқасы (немесе тізімде сілтемелері көрсетілуі тиіс).