
494
Иванов Всеволод Вячеславович
Өмір жылдары: (1905 – 1985 жж.)
Иванов Всеволод Вячеславович – Көрнекті ғалым-энциклопедист, КСРО Бүкілодақтық географиялық қоғамының құрметті мүшесі, тұңғыш биология ғылымдарының докторы, Қазақстанның әлемге танылған тұңғыш профессоры.
Батыс Қазақстан Геоботаника және өсімдіктер физиологиясы ғылыми мектебінің негізін қалаушы, XX ғасырдың екінші жартысындағы Солтүстік Каспий маңы флорасының ірі зерттеушісі.
Всеволод Вячеславович 1905 жылы 27 қыркүйекте Поляк патшалығының Седельце шағын губерниялық қаласында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Всеволод Вячеславович үйде білім алды, бірақ бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен оның отбасы 1914 жылы Одессаға кетуге мәжбүр болды.
Мұнда В. Иванов гимназияның екінші және үшінші сыныптарын бітірген. 1921 жылы жұмыс іздеп, Ивановтар отбасы Подольск губерниясының түкпірі Соколовка ауылына көшті. Алайда көп ұзамай олар Одессаға тағы да кетеді, ал 16 жасар тек өзіне сенім артқан Всеволод осы ауылда қалып, мектепте жұмыс істейді және жергілікті үш жылдық Г. Петровский атындағы жоғары педагогикалық курстарда оқыды.
Есейген жылдары айтуы бойынша, ауылда өзі өткізген сол екі жыл оның айналасындағы әлемге саналы көзқарасын қалыптастырды. 1923 жылы жас жігіт Одессаға оралып, Халықтық білім беру институтының (қазіргі Одесса университеті) агробиологиялық бөлімінің студенті атанады.
Белгілі орыс геоботанигі, топырақтанушы Г.И. Танфильевпен кездесу –Иванов үшін шешуші болды. Ол Танфильевтің шәкірті болғанын мақтан тұтты және өмір бойы өзінің ғылыми зерттеулерінде мұғалімнің идеяларын жүзеге асыруға тырысты.
1926 жылы курстасы Кириленкомен бірге Всеволод Иванов Орал губерниясына жіберілді, алайда ол кезде ондай губерния екеу болатын: бірі – орталығы Челябинскіде (Уралда) және екіншісі – Орал қаласында.
Осылайша Оралды шатастыру нәтижесінде, кездейсоқ Батыс Қазақстанға тап болған Всеволод Вячеславович өмірінің соңына дейін жаңадан тапқан Отанында өмір сүріп, жемісті жұмыс істейтін болады. Ол еңбек жолын ауыл шаруашылық техникумынан бастайды. Мұнда химия, география, математика, геодезия пәндерінен сабақ береді.
1932 жылы Орал педагогикалық институты ашылғаннан кейін Иванов сабақ берумен қатар ғылыми қызметпен айналысады. Дәл осы педагогикалық институтта Всеволод Вячеславович академиялық бағыттың педагогы ретінде қалыптасты. Оның ғылыми жұмысының мақсаты Батыс Қазақстан мен Солтүстік Каспий өңірінің ботаникалық және географиялық жағдайлары мен байлықтарын зерттеу еді.
1934 жылы оның басшылығымен ботаникалық бақ құрылды, онда мақта, шие, негрлік тары, өрік, долана енгізу бойынша тәжірибелер жүргізілді. Коллекциялық питомникте өсімдіктердің 200 түрі жайғасты. Гербарий жасау бойынша көпжылдық қажырлы еңбек басталады, онда ғалымның ойы бойынша Батыс Қазақстанның өсімдіктері ұсынылуы тиіс болатын.
Кандидаттық диссертацияны қорғау Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен тұспа-тұс келді. Алғашқы күндері ол өз еркімен халық жасағына кетеді. Бірақ елде мұғалімдер жетіспегендіктен, 1942 жылдың басында оны институтта оқыту үшін қайта шақыртып алады.
Соғыстан кейінгі жылдар экспедициялар мен зерттеулердің уақыты болды. Оның басшылығымен Солтүстік Каспийдің Еділден Мұғалжар тауларына дейінгі, Орал жотасының оңтүстік сілемдерінен Каспий теңізінің жағалауына дейінгі орасан зор аумақтары зерттелді.
Всеволод Вячеславович өзінің ізбасарлары және шәкірттерімен өте бай материал жинайды. Дәл Каспий жағалауында ормандар, дала, шөлейттер мен шөлдер біріктірілетіндігі материалдың бірегейлігі болып саналады. Сондықтан оның басшылығымен жүргізілген осы жұмыстың нәтижелері Дүниежүзілік каталогқа енгізілді.
Осы тынымсыз еңбектің тағы бір нәтижесі 1954 жылы «Батыс Қазақстан далалары жамылғысының динамикасына байланысты» тақырыбында докторлық диссертация қорғауы болды. Всеволод Вячеславович Иванов биология ғылымдарының бірінші докторы және Қазақстанда әлемдік танымалдылыққа ие болған алғашқы профессор атанды.
Иванов өлкенің тарихы мен табиғатын зерттеу үшін 100-ге жуық көктемгі және күзгі экспедицияларды ұйымдастырып, Батыс Қазақстанның кең аумағын жете зерттеді. Оқу және ғылыми жұмысының көп жылдары ішінде ол өзінің ғылыми мектебін құрды, оның ішінен қазір қазақстандық ғылымның мақтанышы болып табылатын ондаған ғалымдар мен мамандар шықты. Ол табиғи нысандарға үлкен қызығушылық тудыруды, сирек кездесетін түрлерді зерттеу және сақтау әдістерін үйретуді білді.
А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде) жаратылыстану бағытын жасаушы Всеволод Вячеславович Иванов Батыс Қазақстанның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу сияқты ортақ мақсатпен әртүрлі мамандықтағы ғалымдардың күш – жігерін біріктіре алды.
Оның күш-жігерінің арқасында университетте қазір де тиімді жұмыс істейтін және Ивановтың идеяларын практикада жалғастырып жатқан ғылыми кадрларды даярлаудың үйлесімді жүйесі қалыптасты.
Всеволод Вячеславович керемет ұстаз бола отырып, табиғатқа деген сүйіспеншілікті оята білді және экспедицияға кемінде бір рет барған әр адамның өмірінде мәңгі із қалдырды.
Ол әдемі, ұзын бойлы, жарқын жүзімен және мейірімді сұр көздерімен, етігі және қорғаныш түсті кителімен есте қалды.
Ол игеру кезінде жиілеп кеткен көптеген «Табиғатты жақсарту жобалары» бойынша артықшылықтары мен кемшіліктерін жете зерттей отырып үнемі туған өлкесінің табиғатын қорғайтын.
Профессор Ивановтың пікірінше, Каспий маңы ойпатындағы бұрынғы жайылымдарды егіншілік үшін «жаулап алу» – деградацияға апаратын жол. Қарабайыр арналарды, атап айтқанда, Құшым суару жүйесін құру бойынша қарқынды жұмыстар басталған кезде, профессор бұл жерді бүлдірудің соңы екенін өкінішпен айтқан болатын. Өкінішке орай бүгінде мұның бәрі расталды. Бұл суару жүйесі бүгінде ұсынып отырғаны – үздіксіз қайталама тұздану. Ғалымдардың деректері бойынша осындай «жаңашыл қызмет» нәтижесінде Солтүстік Каспий маңы жерлерінің 64%-ы қайталама тұздану және батпақтану жағдайларына тап болып отыр.
Профессор 1985 жылы 28 ақпанда ауыр сырқаттан кейін қайтыс болды. Профессор әрқашан Қазақстанды өз Отаны деп санап, қазақ жеріне адал болды және «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағын мақтан тұтты. Осындай құлшыныспен және фанатизммен қазақ даласын зерттеді, біздің басты байлығымыз – табиғатты қорғау бойынша көптеген ғылыми ұсыныстар дайындап оны зиянды қол сұғушылықтар мен қате шешімдерден батыл қорғады. Бүгін біз тегі нағыз орыс – Иванов деген ұлы қазақстандық ғалымды мақтан тұтамыз.
Всеволод Вячеславовичтің ғылыми және педагогикалық қызметі лайықты бағаланды – ол Қызыл Ту Еңбек орденімен, бірнеше медальдармен, көптеген грамоталармен және құрмет белгілерімен марапатталды, олардың ішінде П.П. Семенов-Тян-Шанскийдің 150-жылдығына арналған арнайы медаль бар.
Профессорға «Қазақ ССР Ағарту ісінің үздігі» және «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді.
1. Фокин Н.И. Во времени и пространстве. Повесть о жизни и трудах профессора В.В. Иванова. – Уральск, 2012 – 295 с.
2. Почтенные люди казахстанской земли. – Алматы, 1998. –Кн.3.- С.145.
3. Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. - Алматы, 2002. – С.302.
Бүгінгі таңда өзінің ғылыми-педагогикалық жолында құрып басқарған университеттің ботаника кафедрасы жане оку аудиториясына Ивановтың аты берілген.
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемелекеттік университетінде жаратылыстану-география факультетінің үздік студентіне профессор В.В. Ивановтың атаулы стипендиясы тағайындалды, ал факультеттің оқу корпусында мемориалдық тақта орнатылған.
Орал қаласы көшелерінің біріне (бұрынғы Бебел көшесі) профессор В.В. Ивановтың есімі берілді.
Ұқсас жаңалықтар
27 Мамыр, 06:21
Париж қ. ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ҚХА қоғамдық келісім мен этносаралық бірлікті нығайту бағытындағы қызметінің тұңғыш рет таныстырылымы өтті
1 Маусым, 18:22
Алматыда Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» ұлттық акциясы өтті
вчера, 12:07
Қазақстан халқы Ассамблеясының Франция Ұлттық жиналысының депутаты Бруно Фукспен кездесуі өтті
1 Маусым, 09:18
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Балаларды қорғау күнімен құттықтады
1 Маусым, 09:16
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балаларды қорғау күнімен құттықтады