Ассамблея народа Казахстана

2757

Бекзат Алтынбеков: Билігі мен қоғамы тіл табысқан мемлекетте халықтың көкейінде жүрген мәселелер шешімін таба­тынына сенім мол

Халықтың сенімді өкілі болған соң ел ішіне жиі барып, қарапайым адамдармен кездесіп тұрамыз. Әңгіме барысында олардың айтқан ой-пікір, өтініш-тілектерінен қоғамда болып жатқан оқиғалардың жақсы-жаманды сипаттарын анық байқап отырасың.

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Сондай кездесулерде көтерілген мәселелерді ой таразысынан өткізе келе, жұрттың жанайқайына құлақ түріп, әрбір айтқан сөзін санап тыңдайтын уақыт жеткен екен-ау деген тұжырымға табан тірейсің. Елбасының өзі «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп бекерден-бекер айтқан жоқ.

Кешегі «Сындарлы қо­ғам­дық диалог – Қазақ­стан­ның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жол­да­уын­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Елі­міздің қоғамдық-саяси өмі­рін жаңғыртпай, табысты эко­но­ми­калық реформаларды іске асыру мүмкін емес», деп атап өтті. Мұндай тағдыршешті мә­лім­­деме елімізде жаңа саяси құры­лымның іргетасы қалана бастады дегенді аңғартқандай.

Сайып келгенде, бұл игі әрекет қоғам, халық және билік арасында тиімді байланыс орнатуға қызмет етсе, онда мұның әлемдік қоғамдастық алдында абырой-беделіне кіршік түсірмеуді ұлы мақсат еткен еліміз үшін мықты тірек болары сөзсіз.

Ел Президентінің «Біз бұған Елбасы саясатының сабақ­тас­ты­ғын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», деген сөзінде байсалды саясат, салиқалы ой жатыр. Қолдағы барды ұқса­та алмай, құт-берекесін қашыра­тын­дарды талай көріп жүрміз. Осы тұр­ғыдан алғанда, артқа жалтақ­тай бермей, ертеңгі күннің несі­бесін елдің жолына арнаған ауқым­ды жобалардың жемісті нәти­жесінен іздеу біз күткен жақсы өмірдің нышаны болуы керек.

Иә, билік пен халықтың арасында сындарлы диалог орнаса, айтылған ащы шындық пен өткір сынның жүзі мылқау жартасқа тиіп майырылмай, тиісті тараптың ар-ожданын оятып, күш-жігерін жақсы істерге қайраса, бүгінгі қоғамда үстемдік құра бастаған наразылық атау­лы­ның алдын алуға болушы еді.

Рас, Мемлекет басшысы айт­қан­дай, қоғамдық-саяси тұр­ғыда жаңғырған елдің ғана боса­ға­сынан құт кетпейді. Билігі мен қоғамы тіл табысқан мемлекетте халықтың көкейінде жүрген мәселелер – жер туралы дау-да­майды реттеу, әлеуметтік жағ­дайды оңалту, туған тілдің болашағын баянды ету, білім сапасын арттыру және басқа да толып жатқан проблемалар кезең-кезеңімен шешімін таба­тынына сенім мол. Сонда ғана біз, Президент айтқандай, «Қар­қын­ды дамыған және инклюзивті экономика» құра аламыз.

Сөзімізді түйіндер болсақ, береке мен бірлік, ақыл мен пара­сат бүгінгі қиындықтарды тізе бүктіріп, жақсы күндерге жете­лей­тін әлеуетті күш екенін естен шығармаған жөн.

Бекзат Алтынбеков,

Қарағанды облыстық

Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы

Возврат к списку