Assembly of People of Kazakhstan

1633

Ғосман Төлеғұл: Президент Жолдауы жан-жақтылығымен, ғылыми тереңдігімен тәнті етті

Мемлекет басшысының Жолдауы өзінің жан-жақтылығымен, ғылыми терең бола тұра, өте түсінікті тілмен баяндалғанымен, сөйтіп халық үшін ең өзекті мәселелерді қамтуымен тәнті етті.

Рас, бірден барлық мәселелер турасында пікір айту қиын, өйткені қарастырылған мәселелердің бәрін бірден ойда ұстау мүмкін емес – ертең-ақ баспасөзде жариялансымен қолға қалам алып отырып, әр қағидасын, әр үтір-нүктесіне дейін зерделейтініміз, кейін шама-шарқымызша халық арасына насихаттауға ат салысатынымыз қалыптасқан жағдай.

Дегенмен, кейбір айтылған дүниелердің жүрегіміздің түкпірінен орын алғанын қанағаттанғандық сезіммен айтқымыз келеді. Солардың ішінде әсіресе қазақ тілін табанды түрде одан әрі дамыту, оның мемлекеттік дәрежесін шынайы қамтамасыз етуді енді созбайлауға болмайтындығы туралы тұжырым көңілден шықты.

Сол сияқты шенеуніктердің санын қысқарту, осы арқылы сапалы, нәтижелі жұмыс істейтіндердің жалақысын өсіру, кезек күттірмейтін экологиялық проблемаларды шешу, осыған байланысты соңғы кезде өршіп кеткен «браконьерлік» дертке тосқауыл қою, көптен бері жыры таусылмай жүрген мемлекеттік сатып алу мәселелерін оң жолға салу, сыбайлас жемқорлықпен аяусыз күресу, мұғалімдер мен дәрігерлердің, басқа да бюджет саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын барынша жақсарту, басқа да толып жатқан ел үшін аса маңызды мәселелердің шешімін табу – осы жолғы баяндаманың негізгі өзегі болды.

Жалпы, барлық қарастырылған дүниелер – қоғамымыздың болашағын жарқын ететін, оны жаңа биіктерге шығаратын белестер, соған қол жеткізудің нақты бағдары. Алаш жұрты осынау күрделі де абыройлы міндеттер үрдісінен шығады деген сенім мол.

Ғосман Төлеғұл,

ҚХА Ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі

Back to the list

TOP NEWS