Қазақстан халқы Ассамблеясы

Искандыр Нурзалиев: Тегім басқа – тілегім бір

Мен, татар баласы, Қазақстан жеріне 1978 жылы тағдырдың айдауымен Ресей мемлекетінің Астрахань қаласынан келген болатынмын. 15 жасымнан еңбекке араласқан маған жұмыстың ауыры болған жоқ. Қандай ортада болсам да достарым көп.


Ең алғаш рет вертолет ұшқышы болып Гурьев облысы Индербор қалашығында қызмет атқардым. Жалпы әкем діни сауатты кісі болған, медреседе білім алған жан. Әкем мені оқытып, білім берді. Жастайымнан әкем еңбекке, адамгершілікке, бауырмалдылыққа тәрбиеледі. Осы тәрбиенің арқасында қонақжай қазақ жері де мен үшін киелі алтын бесікке айналды. Бүгінде жолдасым орыс қызы Тамара Николаевна екеуміз бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, еңбектің зейнетін көріп отырмыз. Тегіміз басқа болса да тілегіміз қазақпен бірге болған қарапайым жандармыз.

Татулықтың арқасында еліміз тыныш, жұртымыз аман. Осы берекеміз бұзылмағай. Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деймін.

Біздің елімізде барлық ұлттардың терезесі тең, мүдде-мақсаты бір және олардың еркін еңбек етуіне, кәсіппен шұғылдануына, саясатпен айналысуына барлық жағдай жасалған.

Сондықтан халқы жомарт, даласы дархан, орманы қорған, таулары қалқан болған ақ бесік атамекені бар, жусанның жұпар иісі аңқыған кең жазық, байтақ Қазақстанымның мәртебесі өсіп, бейбіт күніміз жарқырай берсе екен деймін.

Искандыр Нурзалиев,

Атырау, татар ұлтының аға буын өкілі

Возврат к списку