Қазақстан халқы Ассамблеясы

30 Желтоқсан, 2018

10348

Анар Әбжанова: Әлемді ести алмағандықтан, бойымда кішкентайымнан бар қорқынышты еңбекқорлығым жеңіп шығуға көмектесті

2017 жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің мектеп-интернаттың мұғалімі Анар Әбжанова өзінің 30 жасында-ақ Қазақстанның  Суретшілер одағының мүшесі, көптеген беделді халықаралық байқаулардың лауреаты атанып үлгерді.

Оның алғашқы жеңісі 2006 жылы Астана қаласында «Жұлдыз ай» республикалық балалар шығармашылығы  фестивалінде Гран-При алумен келді. Екі жылдан соң Қазақстанның астанасында «Шабыт» XI – Халықаралық жастар шығармашылығы  фестивалінің «Бейнелеу өнері» номинациясында Гран-При  иеленді.

Алайда Анар Абжанованың  кәсіби табысқа деген жолында раушан гүлдері шашылып жатпады. Ол бала жасынан саңырау болды. Сол себепті сурет әлеміне ену ол үшін өте қиын болды.

Анар ерекше жан. Ол әлемді үнсіз күйінде қабылдайды. Жанары жақсылықты ғана көреді.  Сондықтан болар, оның қылқаламынан туған туындыларының барлығы да сезімге толы тым әдемі дүниелер. Суретші Анар Әбжанова өзі туралы сыр шертеді.

- Өнерге алғаш аяқ басуыңыз туралы айтып беріңізші…

- Бала кезімнен сурет өнеріне қызығып өстім. Қарындаш пен қағазға деген әуестігім қаз тұрмай тұрып-ақ, еңбектеп жүрген сәтімнен басталған сияқты.   Анамның айтуынша, еңбектеп жүріп, оның сөмкесінен қарындаш іздейтін көрінемін, содан онымен еденді, қабырғаның қолым жеткен тұстарын шимайлап тастайды екем. Анам кейін маған түрлі-түсті суреттері бар кітапшалар бере бастапты. Есейген сәтімде де менің қолымнан қарындаш түспеді.

Суреттің сырын ұға бастаған сәтімде, түрлі мультфильм кейіпкерлерін салып, олардың қимыл-қозғалысын бейнелей бастадым. Менің барлық жұмыстарым басымнан өткерген сәттерім мен өзімнің түйсік-танымыммен байланысты. Отбасым да, өзім де менің суретші болатынымды кішкентай кезімнен ұққан тәріздіміз.

Бойжеткен сәтімде мен сән қумадым, керісінше мойныма фотоаппарат іліп алып, айналамды, табиғатты суретке түсіріп жүретінмін. Бір уақыт тіпті декорация жасау, бисермен өрнектеу, киім тігу секілді шеберлік курстарына да барып, шығармашылықтың бұл түрлерімен де айналысып көрдім. Өздігімнен ағылшын тілін үйрендім. Мектеп қабырғасында жүрген кезімде 1998 жылдан есту қабілеті нашар балаларға арналған көркемсурет студиясына бардым. Бұл уақытта жеті жаста болатынмын. Мұнда суретшіліктің қыр-сырын, техникасын меңгердім десем де болады. Мектептен кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясына оқуға түстім. Әрине, оқуға түсу кезінде аздаған қиындықтар болды. Алайда, бастысы, өзім армандаған оқуға түстім және менің шын мәніндегі шығармашылық жолым осы жерден басталды. Сурет салғанды жаным сүйеді, сондықтан өзім ләззат алатын сурет салудың қыр-сырын бар ынта-жігеріммен меңгеруге тырыстым. 2004 жылдан бастап халықаралық түрлі конкурстар мен көрмелерге қатыса бастадым.

- Сіз үшін жоғары оқу орнына түсу оңай болмады дедіңіз?

- Ия, шынымен солай болды. Менің өзгелерден ерекше болғаным үшін де маған бастапқыда қабылдау комиссиясы қарсы болды. Мен оларды әрине түсінемін, сондықтан оларға өзімнің жұмыстарымды көрсеттім. Барлық емтиханды өз бетімше тапсыруға тырыстым. Сурдоаудармашыны пайдаланбадым, адамдардың ернінің қозғалысынан оның сөздерін аңғара аламын. Нәтижесінде, оқуға қабылдады. Алайда, кейін анамның егер менің сабаққа үлгерімім нашар болса, оқудан шығарылатыным туралы ескерту алғанын естідім. Сондықтан қиындықтарға қарамастан, оқудан бас көтермедім, тырыстым. Күніне тек 3-4 сағат қана ұйықтайтынмын. Еңбегімнің қарымтасы болды, оқуды үздік аяқтадым. Одан кейін «Тәуелсіз Қазақстанның пейзажды көрінісі» деген магистрлық диссертация қорғадым.

- Сіздің қолыңыздан шыққан дүниелер нәзіктік пен сұлулыққа толы. Сіздің суретшілер әлемінде шоқтығыңыз биік екенін білеміз. Әлемді мойындату қаншалықты қиын болды?

- Мен табысты, атақты болудың керемет сырын білемін деп айта алмаймын. Барлығы да адамның өзінің ішкі тілегі мен оның тағдырына байланысты сияқты. Менің ойымша адамның бойындағы шын таланттың үлесі бар болғаны 1 пайыз ғана, ал оның жетістікке жетуінің 99 пайызы еңбекпен, шыдамдылықпен, табандылықпен байланысты. Еңбекқорлығым әлемді ести алмағандықтан да, бойымда кішкентай кезімнен пайда болған қорқынышты жеңіп шығуға, оны ғана емес, кейін жолымда кездескен түрлі қиындықтарға төтеп беруге көмектесті деп ойлаймын. Суретші үшін ең бастысы, оның өзіндік қолтаңбасының танылуы, өзгелерден айрықша болуы. Ол үшін өте көп жұмыс жасау керек.  

- Жұмыстарыңызға қарап отырып, сіздің әлемді тануыңызда еркше ой бар секілді болып көрінеді. Сіздің стиліңіздің ерекшелігі неде?

- Ия, мен шығармашылығыма өзгеріс енгіздім. Анығын айтқанда, өзім үшін қазақ сакурасының гүл ашуы картиналарының сериясын салу арқылы жаңа тақырып таптым. Жұмыстан күн сайын қол үзбегендіктен де шығар, әр сәт сайын шығармашылық үшін жаңа идеялар туындай бастайды. Айрықша туынды жасау үшін көп еңбек сіңіру керек. Үнемі дамып, өз-өзіңмен жұмыс жасауың керек. Маған шабыт беретін жандардың бәрі де жанымда. Шығармашылығыңа сәттілік серік болса, бұдан асқан бақыт бар ма?! Тағдыр менің қолыма қылқалам берді, сол үшін де бақыттымын. Елімнің табиғатын, Алматымды қатты жақсы көремін. Бұл менің негізгі тақырыптарымның бірі. Ертегі әлеміндегідей әдемі ғимараттарды, аспанға қол созған ағаштарды бейнелеген ұнайды. Тау аралап, саябақтарда серуен құру, таза ауада дем алу, жаңа энергияны бойыма сіңіру – мен үшін жаңа шабыт алудың көздері.    

- Шығармашылық адамдарының өз музасы болады. Сізді не немесе кім шабыттандырады?

 - Менің музам – менің отбасым. Алматы мен Астана қалалары, әдемі әуез, саяхатқа шығу – үнемі жаңа шабыт сыйлайды. Ең бастысы, табиғаттың өзіндік тілін ұқтым. Әлемнің қаншалықты әдемі екенін сезіну - үлкен бақыт. Қала сыртындағы батып бара жатқан күннің қызыл ала шапағына қарап отырып, оны өз әлемінде көркемдеу үлкен қуаныш сыйлайды. Сондықтан мен көрген әдемі әлемді өзгелер де көрсе екен деймін және бұл суретшілердің қолынан келетін іс.

- Не туралы армандайсыз?

- Мен Қазақстанды өз картиналарым арқылы күллі әлемге танытсам деймін. Шығармашылығымның 15 жылдығына байланысты Астана, Алматы қалаларында және шетелде өзімнің жеке көрмемді өткізгім келеді. AnarA брендімен авторлық көркемсурет галереясын ашып, «Пейзажды сурет» эксклюзивті кітабын шығарсам деймін. Бұл армандарымның барлығы қолжетімді деп ойлаймын.

- Сіз көпшілік үшін идеалсыз. Қолына енді ғана қылқалам алған жас суретшіге қандай ақыл берер едіңіз?

- Әрбір жаңа бастаған суретші тек ерінбей жұмыс жасай беруі керек. Оның түрлі жанрдағы, түрлі өлшемдегі картиналары көп болуы керек. Конкурстарда жеңіске қол жеткізу – жас суретші үшін үлкен стимул. Бұл суретшінің бренді үшін жақсы қалыптасу болады. Әрбір суретші үшін жеке көрмесін өткізу маңызды. Ең бастысы – өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру және шығармашылық қабілеті мен таланты болмаса, өнер әлемінде үздік шығу мүмкін емес.

- Қазір қандай жұмыспен айналысып жүрсіз?

- Қазақстандық пейзаждар сериясын дайындап жатырмын. Негізінен, мен акрильмен және майлы бояумен жұмыс жасаймын. Қазір еліміздің табиғатын, қалаларын қағаз бетіне түсірудемін.

- Өз отбасыңыз туралы айтып беріңізші.

-Анам физика пәнінің мұғалімі, кейін балабақшада тәрбиеші болған. Жолдасым сурдоаудармашы. 3 жасар Алуа есімді қызымыз бар. 

- Сізге 100 жаңа есім жобасының жеңімпазы болу бақыты бұйырды. Бұл жеңіс не алып келді?

- Менің Елбасыға айтар алғысым шексіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Қазақ еліне серпіліс сыйлады деп білемін. Мен танылып қана қоймадым, өзім де көп нәрсені осы бағдарлама шеңберінде көріп-білдім және бұдан кейін өнер әлемімдегі табыстылығым да артты. 2018 жылдың күзінде мен халықаралық екі премияға қатыстым. Бұл Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрында өткен «Жыл таңдауы – Алтын Адам» және халықаралық «Мондо арт» ғылым және мәдениет Ассоциациясының атынан ұйымдастырылған Лече қаласындағы Аполло антикалық театрында өткен «Пабло Пикассо» премиясы.

Осы жылы, сонымен қатар, бірнеше халықаралық ұйымдардан шақыртулар алдым. Франция, Германия, Италия (Палермо, Милан), Испания (Мадрид), Канада (Торонто), АҚШ (Сан Диего, Нью Йорк) елдеріне қазақстандық жас суретші ретінде беделді көрмелерге шақырды. Қаржылық қиындықтарға байланысты кейбіреулерінен бас тартуға тура келді.

Мадридте маған тұңғыш рет Софонисба Ангишола атындағы премия берілді. Ол Ренессанс кезеңінің атақты суретшілерінің бірі. Испанияда король отбасының ресми суретшісі болған. Күтпеген жерден «Леонардо да Винчи - әмбебап суретші» екінші халықаралық премиясының жоғарғы жүлдесін иелендім. 

 «Mondial Art Academia» Халықаралық Француз Өнер Ассоциациясы 2016 жылдан бері «Халықаралық галерея мен арт кәсібилерін таңдау» халықаралық конкурсын өткізіп келеді. Осы конкурсқа қатысу мен үшін ең қиыны болатын. Алайда, мен осы Ассоциацияның мүшесі болып танылдым және күллі әлем бойынша «Қазақстан елшісі» деген атақ берілді. Мен «Горный пейзаж с маками» картинасын ұсынған болатынмын. Тау мен дала – біздің отанымыз. Мен өз туындыларым арқылы бүкіл әлемге өз елімді көрсеткім келді және бұл менің қолымнан келді.

Мұндай марапатақа қол жеткіземін деп ойламадым. Менің жұмысымның әрбір маған дауыс берген жанның жүрегінен орын алғанына қуаныштымын.

- 2019 жылдан не күтесіз?

- Рухани Жаңғыру жобасын жүзеге асыруда жаңа картиналар топтамасын шығарамын. Олардың барлығы да шығармашылығымның 15 жылдық көрмесінде таныстырылатын болады. Қазір мен үшін Қазақстанның 100 жаңа есімі жобасының жеңімпазы ретінде АҚШ, Еуропа, Азия елдерінде өтетін көрмелерде елімді таныстыру маңызды болып тұр. «Табиғат жарығы», «Астананың 100 пейзажы», «Алматының 1000 пейзажы», анама, қызым Алуаға арналған «Өмір гүлдері» жұмыстар серияларым бар.

- Біздің оқырмандарымызға жаңажылдық құттықтауыңыз?

-Жаңа жыл әр отбасына, әрбір адамға жақсылығымен келсін! Барлық адамдар өздері сүйіп жасайтын жұмыстарынан жаңа шабыттар алсын деп тілеймін! Бастысы, денсаулық пен бақыт тілеймін. Еліміз аман болсын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Нұргүл Калиева

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.