Қазақстан халқы Ассамблеясы

07 Ақпан, 2019

2520

Гульчин Гейдарова: Алғыс айта білу жауапкершілікке тәрбиелейді. Қазақ халқына айтар алғысым шексіз

Қызылорда облыстық түрік этномәдени орталығына биылғы жылы он бес жыл толады. Осы орайда орталықтың төрайымы Гульчин Гейдаровамен сұхбаттасқан болатынбыз.

Гульчин Гейдарова – Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қоғам белсендісі, үлгілі ана, сыйлы әріптес.

— Гульчин Ансерқызы, орталықтың құрылу тарихымен бөлісе отырсаңыз.

— 2004 жылдың желтоқсанында Қызылорда қоғамдық түрік ұлттық-мәдени орталығы құрылып, 2013 жылы Қызылорда облыстық түрік этномәдени орталығы болып өзгертілді.

Биыл орталыққа он бес жыл толады.

— Орталықтың жұмысына қандай міндеттер кіреді?

— Орталықтың мақсаты – елімізде ұлтаралық келісімді нығайту, Қазақстан халқының мәдениетін жан-жақты өзара байыту, түріктердің салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпы мен мәдениетін сақтау және дамыту, жастарға патриоттық тәрбие беру болып табылады.

Сонымен қатар, орталықтың қызметінің негізгі бағыттарына Қазақстан мен Түркия арасындағы жан-жақты мәдени байланыстарды дамытуды қоса алғанда, Қазақстан халқының этникалық мәдениетін, оның ішінде қазақ және түрік мәдениетін жан-жақты өзара байытуға жәрдемдесу; түрік ұлтының тұлғалары арасында мәдени-ағартушылық қызметті жүзеге асыруға қатысу, түрік халқының тарихын зерделеу, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту; Қазақстан этностарының өкілдерін түрік халқының тарихына, мәдениетіне, өнеріне тарту; мемлекеттік тілді үйрену кіреді.

Қазақстанда тұрып жатқан этностарға туған тілін, ұлттық рухын, мәдениетін, тарихын ұмытпай, оны сақтап, одан әрі дамытуға мүмкіндік беріп отырған Елбасының еңбегі зор. Мұндай ізігілікке иелік ету – үлкен бақыт.

— Орталықта қанша мүше бар? Қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?

— Этномәдени бірлестік өкілдері облыс пен қаланың іс-шараларына белсенді қатысады. Этномәдени орталық жанынан «Бахар» би тобы құрылған. Түрік ұлтының өкілдері арасында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылым және білім, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері өз үлестерін қосып келеді.

Облыс бойынша бір мың бес жүзге жуық түрік ұлтының өкілдері тұрады. Солардың барлығы орталық мүшесі.

Түрік ұлтының негізгі бөлігі Қармақшы ауданында, Байқоңыр қаласында және Қызылорда қаласында бар ұлттармен достық қарым-қатынаста өмір сүруде.

Жастар мемлекеттік қазақ тілін үйренуге белсенді қатысады. Түрік ұлтының өкілдері жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім алуда. Республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі олимпиадаларда мемлекеттік тілді білу бойынша жүлделі орындарға ие.

— Өз отбасыңыз жайында айта отырсаңыз? Ата-анаңыз Қазақстанға қалай келді?

— Өзім Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Интернационал ауылында туып-өстім. Отбасында алты баламыз.

Мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына «Шығыстану» мамандығына оқуға түстім. Одан әрі жоғары оқу орнында оқытушы болып қалдым.

Қазіргі уақытта жолдасыммен екі бала тәрбиелеп отырмын.

Ал ата-анам 1944 жылдың қараша айында Кавказдан жер аударылып келді.

— Үйде түрік ас мәзірінен қандай тағам түрін дайындайсыз? Одан басқа қай ұлттардың асханасы ұнайды?

— Түрік асханасы саналуан. Әдетте түріктердің базлама, катмер, хинкал тағамдарын дайындаймын. Бірақ дастарқанымызда әрдайым қазақтың ұлттық тағамы – ет болады. Өзім қазақ ұлттық тағамдарын ұнатамын.

—  Көпұлтты Қазақстан халықтарын біріктіретін не? Үш негізгі өлшемшартын атаңызшы.

— Отанына деген сүйспеншілік, бірлік және төзімділік.

— Сіз өткен жылы «Ұлы дала елі» экспедициясына қатыстыңыз. Алған әсеріңізді айта отырсаңыз. Өз тарапыңыздан қандай ұсыныс айтар едіңіз?

— Алған әсерім керемет. Өйткені өзің туған жердің тарихымен танысу – рухани байытады. Түркістан, Арыстанбаб қалаларында болдық. Біздің ортақ тарихымыз, түркі тілдес елдердің ортақ тарихы туралы көптеген қызықты мәліметтер алдым. Бұл ақпарат әсіресе өз тарихын білуге міндетті жастар үшін өте пайдалы. Тарихи және ежелгі мәдениет ескерткіштері арқылы адам ойша өткеніне оралады екен. Жүзжылдық тарихы бар ескерткіштерді қазіргі уақытпен байланыстырып тұратын көрінбейтін жіп бар сияқты.

Мұндай экспедицияларды жиі ұйымдастырып отыру керек. Жастар мен оқушыларға да арнайы экспедициялар ұйымдастырса, оның орасан зор пайдасы болар еді.

— Қазақстандық қоғамдық келісім және бүкілхалықтық бірлік үлгісі туралы ойыңыз.

— Бұл үлгі қайталанбас және құнды. Ол қаншама елдерге үлгі болып, қаншама ұлттардың қызығушылығын тудырады.

 — Жастар жылында орталықтың жоспары қандай?

— Бұл жылы жастармен бірігіп көп іс-шара өткізбекпіз. Патриоттық және мәдени мәндегі іс-шараларды ұйымдастырып, оларды соған бейімдеу керек.

— Алда 1 наурыз – Алғыс айту күні келе жатыр. Ізгі ниетіңізбен бөліссеңіз.

— Адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі – алғыс айта білу. Жақсы өзгерістер біз ризашылығымызды білдіргенде орын алады. Алғыс айта білу бізді жауапкершілікке тәрбиелейді.

Қиын-қыстау кезінде ата-бабаларымыз қазақ жеріне жер аударылып келгенде, қазақ халқы қамқорлығына алып, қара нан, қара суымен бөліскен еді. Бауырындай көріп, жанынан үй тұрғызып, төрінен орын берді. Жүрегі кең, дархан көңілді қазақ ұлты ата-бабаларымызға Қазақстанда шаңырағын көтеріп, ұрпағын жалғастыруға көмектесті.

Қазақ бауырларыма алғысым шексіз. Әрдайым аспанымыз ашық, бейбітшілігіміз берік болсын. Қазақстанымыз көркейіп, гүлденіп, өркендей берсін. Елбасымыз аман, халқымыз бақытты болсын!

— Гульчин Ансеровна, сізге де алғысымызды білдіреміз. Әңгімеңізге рақмет.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.