Жақсылардың атын, еңбек адамдарының таспалық хатын жаңғырту – нағыз рухани жаңғыру

Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен елордадағы Достық үйінде өткен «Жұлдыздар сөнбейді» киномарафонының авторы Сәуле Дәулетбекова өткен жылдардың тарихи құндылықтарын бүгінге аманат етіп жеткізіп жүрген жақсылықтың жаршысы десек, артық айтқандай болмас. 

С. Дәулетбекова жиырма жыл бұрын қазақстандық режиссер-документалистердің соғыс жылдарындағы, тыл көтеру кездеріндегі, колхоз құрылысын салу және басқа да оқиғаларды шынайы баяндайтын деректі фильмдерді шаң басқан архивтерден тауып алып, «Жұлдыздар сөнбейді» жобасын іске қосқан еді. Бүгінде аталмыш жобаның аясында көрсетіліп келген фильмдер жүректерге жетіп, кейіпкерлерін тауып жатыр.

— Сәуле Хәкімқызы, жоба туралы өз аузыңыздан естісек.

— Бұл жоба 1999 жылы бастау алып, жиырма жыл бойы жалғасын тауып келеді. Киномарафон көпұлтты халқымызға арналады, яғни, «Жұлдыздар сөнбейді» деген атауда жұлдыздар – бұл халық. Біз ата-бабаларымыздың, ата-аналарымыздың ісін ешқашан ұмытпауымыз керек, біздің көмегімізбен олардың аттары жұлдыздар секілді жарқырап тұратын болады.

Мен деректі фильмдердегі кейіпкерлерді ұзақ жылдар өтіп кетсе де, тауып алып, олармен кездесемін. Кейіпкерлер өз өмірлері туралы баяндап береді, сосын біз олардың қатысуымен кездесулер ұйымдастырамыз. Деректі фильм көркем фильмнен бөлек. Онда ойдан құралған сюжет болмайды.

Бұл көрсетілімдерге көбіне жастарды шақырамыз. Бұл ретте бізге «Nur Otan» партиясының жастар қанаты - «Jas Otan» көмектеседі. Біраз жылдардан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз тарапынан қолдау көрсетуде. Бір жағы деректі фильмдердің кейіпкерлері әр ұлттардан құралған: қазақтар, ұйғырлар, украиндықтар және тағы басқалар.

Жоба алғаш рет Алматы қаласында басталды, сосын Қазақстан қалаларын араладық. Қарағанды, Теміртау, Шымкент, Талдықорғанда болдық. Ол жерлерде ардагерлермен кездесіп, киношежірені көрсеттік. Әдетте мектептерде, жоғары оқу орындарында, клубтарда, әкімшіліктерде көрсетеміз. Енді міне Достық үйінде көрерменін тауып отыр. Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында Медициналық институтта КСРО батыры, партизан Зиямат Хусанов туралы шежіре көрсетілді. Ол кезде Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов көмектесіп еді.

Өз кезегінде Нұрлан Нығматуллин бұл жобаның Қазақстан бойынша көрсетілуіне атсалысты.


Фото: kazpravda.kz

— Идея авторы кім?

— Бұл жобаның авторы өзім, әзірлеген де мен. Бізде кинематографистер одағы бар. Менің әкем – Хәкім Дәулетбеков - қазақтан шыққан тұңғыш актерлердің бірі, режиссер, документалист. КСРО кезінде кинематографистер одағының мүшесі болған, соғыс ардагері.  «Көркемфильм» студияларын әзірлеудегі үлесі де зор. Сонымен қатар Ростислав Гардинмен бірге Алматыда 1941 жылы көркемөнер студиясын құрған.    


Фотода Хәкім Дәулетбеков. (Фото: wikipedia)

Киномарафонды кино ардагерлеріне және әкеме арнадым, оның фильмдерін көрсетіп, кейіпкерлерін іздестіріп тауып алып жүрмін. Біздегі фильмдердің басқалардан айырмашылығы бар. Біздің кейіпкерлеріміз – халық.

Бұл идея әкемнің атын жаңғыртудан туындады. Ол 1934 жылы БМКИ (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) бітірген тұңғыш қазақ. «Восток фильмінің» бірінші актері болған. Көптеген Ресейлік танымал режиссерлердің картиналарында ойнаған: Сергей Эйзенштейн, Григорий Александров. Әкем Мәскеуде тұрды. Оның екі жоғары білімі болатын, кейінде оны ұлттық киностудияны құруға шақыртады.

Қазіргі таңда өкінішке орай әкемнің қазақ кино тарихында аты аталмай жүр, әйтсе де энциклопедияға енгізілген. Сол себепті мен әкемнің аты ұмытылмасын деп, оның қызметтес болған достарының еңбегі еленсін деп, осы істі қолға алдым.    

Фильмдерді көре отырып, бізге әкем түсірген адамдарды басқаларға таныстыру керек деген ой келді. Өйткені әкем көптеген адамдардың өмірі мен тарихы туралы деректі фильмдер түсірген. Еңбегі зая кетпесін деген қам көңіл ғой. Бұл да мемлекетіміздің дамуына қосылып жатқан өз алдына шағын бір үлес емес пе?!

Атауы айтып тұрғандай, халық та, операторлар да, режиссерлер де жұлдыздай жарқырап жадымызда қалсын деп, бұл игі істі аяқсыз қалдырмай, жылдан жылға арттырып келе жатқанымыздың себебі осы.

Біздің ұйымдастырушы комитетіміздің басында режиссер-документалист Асылбек Нұрманов тұрды. Өкінішке орай, қазір арамызда жоқ, бірақ айтарлықтай үлесін қосып кетті. Онымен қатар бірқатар ардагерлер де ұйымдастыру комитетінде болған еді.

— Киношежірелерді қайдан аласыз?

— 1999 жылы мемлекеттік архивке бардым. Сол жердің басшылары Алла Сейітова мен Ләззат Ақтаевамен кездесіп, идеямды айттым. Олар менің жобамды қолдап, ұйымдастыру комитетінің құрамына енді. Бірігіп таспадан деректі фильмдерді дискке көшіріп берді. Әуелі әкемнің фильмдерінен бастадық, сосын сол жылдардағы әкемнің әріптестерімен байланыса бастадық. Олар да өз көмектерін көрсетіп, көрсетілім кезінде оқиғаларын баяндап берді. Өз тарапымнан осы кісілер туралы біршама мақала жаздым. Өйткені киношежіредегі өмір халыққа жетуі керек деп білдім.

Міне, қолымда бар фильмдерді Қазақстан бойынша көрсетіп жүрген жөнім бар. Осы жолы Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйіне бірін тарту еттім.

Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан көрсетілген қолдау мені рухтандырды, үлкен күш берді.

— Жиырма жыл бойы үздіксіз жұмыс істеп келген жобаның нәтижесі мен сіздің әсеріңіз?

— Жастарға идеялық-патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылған жобаның жиырмасыншы жылында рухани жеңіске жеттім деген әсердемін. Біз өткеннің рухани құндылығын бүгінге жеткізе білдік. Оның үстіне Елордадағы жаңа Достық үйінде жалғасын тауып жатқаны – жақсылықтың нышаны.

Көрсетілімге жиналған қауымның ішінде басым көпшілігі ардагерлер екенін көріп, мен мықты қолдауды сезіндім. Осы жоба Отанға деген махаббатты нығайтуға, патриоттықты арттыруға үлесін қосады деген сенімімді арттырды. Бұл көрсетілімдерге жастарды көптеп шақыру керек. Олар деректі фильмдер арқылы тәрбиеленетіні сөзсіз. Өйткені бұл жерде ештеңе ойдан құралмаған.

Бұл жолғы Достық үйіндегі деректі фильмде Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстанның фашизмді жеңудегі қосқан алып үлесі туралы баяндалады.

— Осы уақытқа дейін көпшілікке қанша деректі фильм көрсетілді?

— Негізі осы уақытқа дейін көрсетілген фильмдерді тағы қайталап көрсетіп, сондай-ақ көрсетілмегендерін архивтен қарап шығу керек. Бізде алғашқы Бұқтарма су электр станциясының құрылысын салған украиндықтар туралы 1958 жылы түсірілген деректі фильм бар. Көп жылдар бұрын Украина Елшілігімен бірге Достық үйінде көрсеткен болатынбыз. 

Сонымен қатар алғашқы ұйғырлар туралы фильм бар, онда колхозды көтергендері туралы баяндалған. Ұйғыр этномәдени орталықтарының өкілдері 1946 жылы түсірілген деректі фильмді тамашалады. Сол жерде кейбірі әкелерін, енді бірі өздерінің жастық шағындағы бейнесін танып, көздеріне жас алды. Мен де осындай сый болғанына толқып, бекерге жүрмегенім үшін қуандым. 

Бірде әкімдікте кәріс ұлты туралы деректі фильмде бір әжей өзін танып, қатты қуанды. Ол жерде әлгі әжей би билеп жүрді. Ұлы танып қалып, анасына айтып жатса, әжей: «Ұлым, мынау әп-әдемі, жап-жас шынымен мен бе?!» деп таңғалды. Залда отырғандар күлісіп, әжеймен бірге әсерге бөленіп жатты. Біз ол кісіге өзі бар жерлерден үзінділерді сыйладық. Талдықорғанда да осындай жайт болды.

Бүгінгі күнге дейін елу шақты фильм көрсетіп шықтық. Тың көтеру туралы әкемнің фильмдерін жарыққа шығару керек. Әлі істейтін жұмыс көп.

— Сәуле Хәкімқызы, әңгімеңізге рақмет. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, сіздің жақсылардың атын, еңбек адамдарының таспалық хатын жаңғыртып жүргеніңіз – нағыз рухани жаңғыру.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.