Қазақстан халқы Ассамблеясы

23 Қыркүйек, 2016

1428

«Ұлы дала тұлғалары» патриоттық акциясы

Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Ұлы дала тұлғалары»  экспедициясын    ұйымдастыру қолға алынды. Еліміздің түкпір-түкпірінде бастау алған бұл іс-шара 1 тамызда басталып,  қарашаның біріне дейін жалғасады. Орал шаһарында жаз айында жүзеге асқан акция Зеленов аудандық жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталықтың ұйытқы болуымен аудан орталығында өтті.

Көш құрамында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастар қанатының  төрағасы, экспедиция жетекшісі Игорь Спиридонов,  татар этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Рауан Алтаев, Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің тарих пәнінің ұстаздары Ринат Жанғалиев, Сәкен Иссағалиев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің әлеуметтік бастамалар және қоғамдық келісім бөлімінің аға консультанты Анара Өтеғалиева, «Пульс города» газетіндегі «Согласие» қосымшасының  редакторы Оксана Каткова бар.

Жалпы, бұл акция мемлекетіміздің қазіргі тарихын зерттеуге үлес қосу және тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі жолында аянбай тер төккен тұлғалардың ерлігі мен еңбегін мәңгі есте қалдыруды көздейді. Міне, осыны жас ұрпаққа түсіндіруді ту еткен ауданымыздағы іс-шара «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы  аясында бой көтерген, қазақ халқының ақиық ақыны Қасым Аманжолов атындағы мектепте ауқымды түрде өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Мемлекеттік Гимн шырқалған салтанатты іс-шара барысында Мемлекеттік Туды ұстау құрметіне гір тасын  көтеруден облыстық, республикалық сайыстардың бірнеше дүркін чемпионы Расул Төлеуов, облыстық «Ақжайық» футбол командасының белсенді мүшесі, аудандық, облыстық футбол сайыстарының бірнеше дүркін чемпионы Есбол Тұрсынғали, облыстық, аудандық  волейбол жарыстарының бірнеше дүркін чемпионы Исатай Берекетов, «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі, мектептің белсенді оқушысы Ержан Қарақұлов ие болды.

Алдымен сөз алған  мектептің  директоры Роза Тасанова:

— Тәрбиелік мәні терең ұмытылмас ұлы күн – Ұлы дала тұлғаларын ұлықтау күніне қош келдіңіздер! Жас ұрпақ тәрбиесінде мәңгілік есте қалатын, тәуелсіздік алған сәттен бастап, жас мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтарды тауып, азаматтық, адамдық келбеті жарқын, өз өмірімен үлгі бола алған, елдің шынайы құрметіне ісімен лайықты атанған азаматттарымызды ұлықтау күні құтты болсын!

Ұстаздар мен шәкірттерміздің Тәуелсіздік мерекесіне қосар үлесі орасан зор,-деп мектеп өмірімен таныстырды.

Одан соң акцияға қатысушылар «Тәуелсіз ел –Қазақстан!» атты оқушылардың қиялынан туған керемет қолөнер көрмесін тамашалады. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған мектеп музейінде болып, «Соғыс өртіне шыңдалып өскен ардагерлерім - асыл ерлерім», «Ер есімі ел есінде», «Ардагерді ардақтаймыз», «Жауынгер даңқы мәңгі өшпейді» бөлімдеріндегі тарихи құнды құжаттармен танысты. Ал, мектептегі «Парасат» достық клубының жас ұрпаққа берер тәрбиелік мәні мол.

Қасым Аманжолов атындағы мектептің тыныс-тіршілігіне қаныққан меймандар содан соң ел егемендігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала тұлғалары» атты дөңгелек үстел басына жиылды.

Аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов, тәуелсіздік жылдарында еңбек еткен еңбек ардагерлері, қазіргі таңдағы ауданның қоғамдық-саяси өмірінің белсенді мүшелері, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатқан тұлғалар туралы айтып өтті. Аудандық  мәслихат депутаттары, аудан жастары, мектеп оқушыларының қатысуымен өткен жиынға төрағалық еткен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талшынай Жүніс:

—  Зеленов ауданы Батыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан. Ауданда   22 ауылдық округ, 68 елді мекен 56,5 мың халқы бар.   Орталығы Переметный ауылы. Аудан Ресей Федерациясының 3 облысымен  шектеседі. Ауданнан 8 Социалистік Еңбек Ері, 5 Кеңес Одағының батыры және 47 «Ауданның Құрметті азаматы» шыққан, -деді. -  Тәуелсіздіктің 25 жылдығын насихаттау бағытында және тәуелсіздік жылдарында еңбек еткен тұлғалармен кездесу мақсатында аудан жастарынан тұратын экспедиция құрамы бекітілді,- деді өз сөзінде.

БҚО ҚХА  жастар қанатының төрағасы, экспедиция жетекшісі Игорь Спиридонов: -Егемендік алған сәттен бастап, жас мемлекетіміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтарды тауып, олардың есімін энциклопедияға енгізу — «Ұлы дала тұлғалары» экспедициясының алдына қойып отырған басты  мақсаты. Аталған республикалық акциямен қаламыздың барлық аудандарына сапарға шығу жоспарлануда. Міне, жұмыс сапарымызды ең бірінші Зеленов ауданынан бастап отырмыз.

Әр ауданда жаңа заман тарихының жетекші тұлғалары туралы ақпарат жинайтын боламыз. Сайып келгенде, жиналған материал барысында тәуелсіздік жылдары ел дамуына атсалысқан жандар туралы кітаптар мен бейне роликтер дайындау көзделіп отыр,- деді.

Аудандық мәслихат хатшысы Рамазан Ысмағұлов, аудандық қоғамдық келісім Кеңестің төрағасы Қадырбай Абдушев, Переметный ауылдық округінің қоғамдық келісім Кеңестің төрағасы Николай Анципрович, Камен мектебінің директоры Валентина Стародубецтер тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің хал-ахуалы хақында әңгімелеп берді. Дөңгелек үстел соңы мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.

Экспедиция мүшелері мұнан кейін Переметный ауылындағы «Асфа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Каркула» шаруа қожалығында болып, ауданның дамуына үлесін қосып келе жатқан шаруашылықтың күй-жәйімен танысты.

БҚО әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ -сі 

Кейін қарай