Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Наурыз, 2016

863

Құны өмірге татитын қайырымдылық

Көкшетау қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен жалпыұлттық «Қайырымдылық керуені» акциясы шеңберінде қайырымдылық аукционы болып өтті. Қайырымдылық керуенінің негізгі символы –  қоржынды жыл бойы  ізгі істермен, қайырымды істермен толтыру –  акцияның негізгі мақсаты болып табылады. Кешегі болып өткен акция ауыр дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің емделуі үшін қаржылай көмектесу мақсатында ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі ұйымдастырушысы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Киікова  мұндай игілікті іс-шаралардың жыл бойы мұқтаж жандарға көмектесу үшін жалғаса беретіндігін  атап өтті. Қайырымдылық аукционынан жиналған қаражат Қапарбеков Айдарбек пен Құсайынов Мансұрдың емделуіне жұмсалатын болады. Кішкентай Айдарбек небәрі бір жарым жаста,  диагнозы - лейкоз. Ол бүгінгі таңда Мәскеу қаласындағы онкология орталығында ем қабылдауда. Ал Мансұрдың жасы сегізде, диагнозы – целебралды сал ауруы. Ол ата-анасымен бірге Қытай елінде емделуде. Жиналғандарға көрсетілген қос бүлдіршін туралы бейнероликтен кейін қайырымдылық аукционына келген азаматтар қаржылай көмектерін жәшікке салып, ізгі іске өз үлестерін қосты.

Қайырымдылық аукционын ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов: «Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Сергей Кулагиннің тапсырмасына сәйкес біз бүгін ауыр дертке шалдыққан қос бүлдіршіннің емделуіне қаражат жинау мақсатында осы қайырымдылық аукционын ұйымдастырып отырмыз. Мұқтаж жандарға мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек те аз емес, бірақ біз де отандастарымызға осындай қиналған кездерінде қолдау көрсетуіміз керек. Сондықтан, жастарға үлгі көрсету мақсатында, қоғамда қайырымды азаматтар тәрбиелеу мақсатында осындай іс-шараларды ұйымдастырып тұрғанды дұрыс деп есептейміз. Бұл бүлдіршіндер күнделікті емді қажет етеді, қымбат препараттарды қабылдайды. Оларды бірнеше операция, оңалту курстары күтіп тұр. Бүгінгі біздің көмегіміз, олардың болашағы жарқын болуына көмектеседі деп сенемін. Сондықтан барлығымыз бір кісідей жұмыла көмек қолын созайық. Сіздерге  бүгінгі іс шараға бей-жай қарамай, атсалысқандарыңыз үшін зор алғысымызды білдіреміз», - деді.

Аталмыш қайырымдылық акциясы барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолданбалы өнер шеберлері қауымдастығы, Көкшетау қалалық  «Әулет» балалармен мектептен тыс жұмыс істеу орталығы және Дарынды балалармен жұмыс істеу орталығының тәрбиеленушілері өз жұмыстарын аукционға қойып, сатылымнан түскен қаражат науқас баланың ата-анасына табысталды. Қолөнер бұйымдарын облыстың түкпір-түкпірінен жиналған орта және шағын бизнес өкілдері, еңбек ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер сатып алып, үш миллионға жуық қаражат жиналды. Осылайша ақмолалықтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, біреудің қайғысына бей-жай қарамайтындықтарын тағы бір дәлелдеді.

Науқас балаларға көмектесуге арналған деректемелер:

Халык банкі KZ 536015373000007004 - Қапарбеков Айдарбек.

Халык банкі KZ876015323000021090 – Мансұр Құсайынов.

   

   

   

Кейін қарай