Қазақстан халқы Ассамблеясы

08 Қараша, 2023

175

Ақмола аналарының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» форумы өтті

Қоғамдық келісімді нығайтуда және отбасындағы құндылықтарды насихаттауда Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі үлкен рөл атқарады. Бүгінде кеңес мүшелері қазақстандық патриотизмді, толеранттылық пен этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды сақтауға өз үлестерін қосуда.

8 қараша күні Достық үйінде Ақмола облысы ІІБ жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-і және Ақмола ассамблеясының Аналар кеңесі ұйымдастырған «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» форумы өтті.

Форум барысында аудандық Аналар кеңесі делегаттарының, этномәдени бірлестіктер, орта білім беру мекемелері мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Рухани тәрбие – ел болашағы» және «Салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу – ортақ міндет» тақырыбындағы сессияларда елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғырту мәселелері талқыланды.


Сессиялар арасында ҚХАА жанындағы шеберлер Одағының, Әжелер клубының және "Асыл аналар" бірлестігі мүшелерінің сәндік-қолданбалы бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Пленарлық отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Алмасұлы Әзілхановтың форумға қатысушыларға құттықтау сөзі оқылды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Әміренова өңірімізде отбасылық және гендерлік саясатты іске асырудағы рөлін атай отырып, белсенділік танытқан аналарға облыс әкімдігінің Алғыс хатын табыстады.

Аналар кеңесінің төрайымы Шанаи Назипа Ыдырысқызы ҚХА Төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың Алғыс хатымен «Ел анасы» номинация бойынша Целиноград ауданының Аналар кеңесінің төрайымы Зәуре Қақабаеваны және «Аялы алақан» номинациясы бойынша ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 баланы тәрбиелеп отырған Орынбасар Қабылбаеваны марапаттады.

Өткен форум ана жүректерінің сүйіспеншілігі мен мейірімділігі, олардың рухани жылуы қоғам дамуының тиімді жасампаз күші және біздің табысты болашағымыздың кепілі болатынына сенімділік берді.



Кейін қарай