Қазақстан халқы Ассамблеясы

10 Тамыз, 2020

1229

Абай – қазақтың айнасы

Қазақтың ортақ мақтанышына айналған ұлы дала философы, дара ақын, дана ақын атанған Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл толуда. Ақынның мерейтойы мемлекет көлемінде, халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру арқылы мерекеленуде.

Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялаған болатын. Мемлекет басшысы өз мақаласында Абайды оқу адамды жан-жақты білімді болуға және рухани мәдениетті болуға жетелейтінін айтады.

Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын халқын білім-ғылымға бет бұруға шақырған ұлы ақынның шығармалары әлі де өзектілігін жойған емес. Тіпті заманға ілесіп, ілгері жылжудың мәні білім мен ғылымда екенін ұғынған 21-ғасырда Абай тұжырымдары бұрынғыдан да зор маңызға ие болып, оның бейнесі туған халқына жақындай түсуде.

Биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойы ақын жырларынан үзінді оқу челленджі арқылы жаңаша жанданған секілді. Себебі, бұл бастама мектеп оқушыларынан әрі еліміздің түрлі саладағы қызметкерлері, өнер иелері, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін қызығушылық танытып бірнеше ай бойы белсенді түрде жалғасқан болатын. Бұл дегеніміз – жаңа ұрпақты Абайды оқытудағы тиімді тәсіл және ақынға ел болып танытқан үлкен құрмет. Осы бастама арқасында халық болып Абай мұрасын тағы бір ақтарып зерделегендей болдық.

Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлы перзентінің ұлылығын насихаттау бағытында елімізде «Абай» телеарнасы іске қосылса,10-тамыз «Адамзаттың алыбы болған хәкім Абайдың күні» болып жариялануда.

Абай – қазақтың айнасы. Дала кемеңгерінің туындылары ұрпағына баға жетпес мұра болып қалды.

Құрманбаева Гүлзат Ердәулетқызы

Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы,

аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі

Кейін қарай