Қазақстан халқы Ассамблеясы

02 Наурыз, 2017

5421

Алғысым шексіз халқыма!

 

80-нен астам этностар қоныстанған Жамбыл өңірі «Алғыс айту» күнін лайықты түрде атап өтті. Мерекенің идеялық мәнін насихаттау Қазақстан Республикасы Президентінің бейбітшілік пен келісім саясатын, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын, этностардың қоныстану тарихы мен қазақ халқының кеңпейілділігін және бауырмашыл әдет-ғұрпын бейнелейтін материалдар жариялау, телебағдарламалар ұйымдастыру арқылы жүргізілді.

27 ақпан - 1 наурыз аралығында жоғарғы оқу орындарында Алғыс айту күнінің шығу тарихы мен дәстүрлеріне арналған тақырыптық іс-шаралар өткізілді. Мектептерде «Алғысым шексіз анама!», «Отаныма мың тағзым!», «Ұстазыма рақмет!» тақырыптары бойынша сынып сағаттары, шығарма жазудан байқаулар, ашық сабақтар ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен емдеу мекемелерінде тегін медициналық тексерулер, кеңестер, қабылдауларға арналған «ашық есік» акциясы болды. Әкімдіктер мен ірі өндіріс орындары, кәсіпорындардың арасындағы әлеуметтік әріптестік келісімдер, меморандумдар аясында «Қайырымды ел» атты 12 акция өтті. Тараз қаласының коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер, кәсіпкерлік субъектілер ұсынған «Ырзығы мол жер ана» атты жәрмеңке болды.

1 наурыз күні Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи – мәдени орталық алаңында және «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Алғысым шексіз халқыма!» атты театрландырылған көрініс, сондай-ақ мерекеге арналған түрлі іс-шаралар өткізілді. Аталмыш мерекелік іс-шарада «Рақмет» және «Спасибо» сөздерін бейнелеп, жастар флешмоб көрсетсе, заманауи LED экранында қазақ жеріндегі лагерьлерде зардап шеккендердің өмірін сақтап қалған құрт тарихын, «Достық үйінде» бой көтерген «Алғыс ағашы», сонымен қатар АҚШ, Түркия және Ресей елдерінде тұрып жатқан отандастарымыздың құттықтауы жазылған бейнеролик көрсетілді. Ал мерекелік іс-шара облыстық филомония әртістерінің «Рақмет саған, туған өлкем!» атты концертімен жалғасты.

Жалпы, Алғыс айту күніне орай Жамбыл облысында 25000 адамның қатысуымен 386 көпшілік іс-шара өтті.

Кейін қарай