Қазақстан халқы Ассамблеясы

31 Тамыз, 2016

908

«Аналар бейбітшілікті жақтайды!»

Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте Қазақстан Республикасы Президенті жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр»  манифесін қолдау мақсатында және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай ҚХА бастамасымен «Ақ орамал» республикалық акциясы бүкіл республика бойынша өткізілді.

Өскемен қаласында, акция аясында Республика алаңындағы Абай ескерткешінен бастау алған, «Аналар бейбітшілікті жақтайды» шеруі ұйымдастырылды.

Бүгінгі күні, қазақ халқының ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың ескерткіші жанында, біз, әйелдер, Президентімізге қолдау көрсетіп, туған жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауда өз сөзімізді айтуға жиналдық, - деді іс-шара барысында сөз алған  ШҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Бейсекенова Майра Баймұқанқызы.

Сондай – ақ, ескерткіш жанында «Абай өлеңдері» сайысының жеңімпаздарының орындауында Абай өлеңдері оқылып, Ұлы ақын, ойшыл Абайдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Бұдан әрі қарай, «Аналар шеруінің» қатысушылары ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке, ҰОС қаза тапқан сарбаздардың рухына арналған стеллаға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайға барды. Барлық жерлерде Елбасы Н.А.Назарбаевтың соғыссыз әлем, ашық аспан, тыныш балалық шақ саясатын қолдайтын әйелдердің үндеуі айтылды.

Іс-шараны қорытындылай келе, Шығыс Қазақстан әйелдерінің бейбітшлікті жақтайтыны туралы үндеуі жарияланды.

Сондай – ақ, Өскемен қаласында «Ақ орамал» акциясы аясында «ШҚО мұсылман әйелдері» ҚБ өкілдері жас ерлі-зайыптыларға «бата» беріп, акция символы ретінде ақ орамалдар сыйлады.

Облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы бірқатар іс – шаралар өткізді: «Кітап арқылы бейбітшілік пен келісімге» атты әдеби дәріс, «Рухани тазалық символы» кітаптар көрмесі, «Ақ жаулықты асыл жандар» баспасөз іс-шарасы.

«Үміт» балалар үйі «Царская долина» жазғы сауықтыру лагерінде  ойын-сауықтық және спорттық форматта іс – шара өткізіп, жеңімпаздарға акцияның символы ретінде ақ орамалдарды сыйға тартты.

«Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы балалар және аналардың қатысуымен флэш – моб,  «Отбасын және балалықты қорғау орталығы» «Біз терроризмға қарсымыз» атты ақпараттық науқан өткізді.

Жалпықалалық іс-шараға барлығы 1000-нан астам әйелдер қатысты.

Кейін қарай